11.04.2022, 19:23 10536

Ұлттық банк: қолма-қол долларға сұраныс төмендеуде

Ұлттық банк: қолма-қол долларға сұраныс төмендеуде
НҰР-СҰЛТАН. 11 СӘУІР - Бір ай ішінде теңгенің айырбастау бағамы сыртқы нарықтардағы құбылмалылықты көрсете отырып әлсіреу, сол сияқты нығаю жағына қарай қозғалысқа ұшырады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Ұлттық Банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Ресей Федерациясы мен Украина арасындағы қақтығыстың күшеюі және дамушы нарықтардың валюталары мен активтерінің жаһандық әлсіреуі теңгеге қысым көрсетті. Айдың ортасында теңге бағамы биржалық сауда-саттықта 1 АҚШ доллары үшін 512,17 теңге белгісіне жетті, деп хабарлайды ҚР Ұлттық Банкінің баспасөз қызметі.
 
Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және теңге бағамын тұрақсыздандыратын ауытқуларды болдырмау үшін валюта нарығын тұрақтандыру бойынша бірқатар шара қабылданды. 9 наурызда Қазақстан қор биржасында доллар-теңге жұбы бойынша сауда-саттық франкфурттық аукцион нысанында өткізілді. Жалпы алғанда, наурызда Ұлттық Банк 990,5 млн АҚШ долларына валюталық интервенция жүргізді. Ұлттық қордан бюджетке 891 млн АҚШ доллары мөлшерінде трансферттерді жүзеге асыру үшін сату, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 233,4 млн АҚШ доллары мөлшерінде валюталық түсімнің бір бөлігін сатуы теңгеге қолдау көрсетті.
 
Қолма-қол шетел валюталары нарығында нарықтық бағам белгілеуді ынталандыру үшін Ұлттық Банк айырбастау пунктері арқылы жүргізілетін операциялар бойынша шетел валютасын сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шекгін 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылу мерзімімен АҚШ доллары үшін – 6 теңгеден 15 теңгеге дейін, еуро үшін – 7 теңгеден 20 теңгеге дейін кеңейтті. Алыпсатарлық сұраныстың қысымын төмендету, сондай-ақ шетел валютасының шамадан тыс әкетілуін бақылауды қамтамасыз ету үшін Президенттің Жарлығымен Қазақстаннан шетел валютасында 10 000 доллардан көп қолма-қол шетел валютасын сыртқа шығауға шектеу енгізілді.
 

Қабылданған шаралардың нәтижесінде және геосаяси шиеленістің салыстырмалы түрде төмендеуіне қарай теңге бағамы шығынның едәуір бөлігін қайтарды және бір айда 5,7%-ға нығайып, айдың соңына қарай 467 болды. Сәуірдің басынан бастап теңге бағамы экспорттаушылар тарапынан сату және халық тарапынан шетел валютасына сұраныстың төмендеуі аясында нығая түсіп, қазір 459,76 (7 сәуірде) деңгейінде саудаланып отыр", - деп хабарлады реттеушінің баспасөз қызметі.

 
Наурызда банк секторы қолма-қол валютаны, бірінші кезекте АҚШ долларын сатып алу мен логистикасы кезінде проблемаларға тап болды. Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, Ұлттық банк жағдайды тұрақтандыру бойынша жедел шаралар қабылдады. 
 

Біріншіден, біз банктерге өз қорымыздан банкноттарды күнделікті сатып отырдық. Тек наурызда ғана ЕДБ-ға шамамен 500 млн АҚШ доллар мен 80 млн-ға жуық еуро сатылды. Оларды кейін банктер өз бөлімшелері арқылы сатты. Екіншіден, Ұлттық Банк сатылыммен қатар шетелдік жетекші контрагенттермен және логистикалық компаниялармен қолма-қол ақшаны жеткізудің қосымша арналарын жолға қойды. Үшіншіден, біз жеткізу мәселесін дербес шешуге мүмкіндігі жоқ банктерге кейіннен сату үшін банкноттарды сатып алу мен әкелуді дербес жүзеге асырдық. Наурызда жиынтығында 17 банк банкноттарды алуға бізге жүгінді. Қазіргі жағдай бойынша көріп отырғанымыздай, қолма-қол долларға деген сұраныс көбінесе қанағаттандырылып, төмендеп келеді", - деді Ұлттық банк төрағасы Әлия Молдабекова.

 
Алдын ала деректер бойынша, наурыздың соңында Ұлттық қордың валюталық активтері өткен айда 1,2 млрд АҚШ долларына төмендеп, 52,7 млрд АҚШ долларын құрады. Кепілдендірілген және нысаналы трансферттерді 470 млрд теңгеге бөлу мақсатында алдыңғы айда валюта нарығында 891 млн АҚШ долларына немесе 448 млрд теңгеге активтер сатылды. Трансферттердің бір бөлігі теңгемен шоттағы қалдықтар мен Ұлттық қорға түсетін теңгедегі түсімдер есебінен қанағаттандырылғанын атап өткен жөн. Бұл ретте, наурызда шетел валютасындағы түсімдер 207 млн АҚШ долларын құрады. 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны