04.06.2008, 22:29 3653

2007 жылы Қазақстан ауасының стационарлық көздерден ластануы 0,2 пайызға төмендеген - статистикалық агенттік

2007 жылы Қазақстан ауасының стационарлық көздерден ластануы 0,2 пайызға төмендеген - статистикалық агенттік

Астана. 4 маусым. "Қазақстан Бүгін" - 2007 жылы Қазақстанда стационарлық көздерден атмосфераға шығарылатын ластаушы заттардың көлемі 2,9 млн тоннаны құрап, 2006 жылмен салыстырғанда 0,2 пайызға төмендеген, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі агенттігіне сілтеме жасай отырып.

"Аумақтық жағынан алып қарағанда зиянды заттардың негізгі көлемі Қарағанды (1265,8 мың тонна), Павлодар (575,4 мың тонна), Шығыс Қазақстан (166,5 мың тонна), Ақтөбе (204,6 мың тонна) және Қостанай (115,6 мың тонна) облыстарының кәсіпорындары тарапынан шығарылған", - деп толықтырылған ведомство хабарламасында.

Статистикалық агенттіктің ақпаратына сүйенсек, атмосфераның барынша көп ластануы Балқаш (620,7 мың тонна), Теміртау (328,1 мың тонна), Ақсу (149,6 мың тонна), Екібастұз (162,6 мың тонна), Павлодар (154,4 мың тонна), Ақтөбе (178,2 мың тонна), Жезқазған (127,4 мың тонна) қалаларында байқалған.

"Атмосфера ауасын негізгі ластаушылар өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындары болып табылады. Олардың жалпы зиянды зат шығару көлеміндегі үлестері 45,9%, электр энергиясын, газ бен суды өндіру және тарату кәсіпорындары - 29,1%, тау-кен өнеркәсібінің орындары - 14,8%, басқа да кәсіпорындар - 10,2% құрайды", - деп атап көрсетті статистикалық агенттік.

Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, атмосфераға шығарылған зиянды қалдықтардың жалпы көлемінің 75,4% газ тәріздес және сұйық заттар, 24,6% - қатты заттар құраған. 2 млн 197,4 мың тоннаны құрайтын газ тәріздес және сұйық заттар көлемінің 59,2% күкіртті ангидрид, 20,2% - көміртегі тотығы, 9,4% - азот тотығы, ал 5,2% - көмірсутегі (ұшатын органикалық қосылыстарынсыз), 6% - басқа да газ тәріздес заттардың үлесіне тиген.

Оның үстіне, адам ағзасына әсер ету деңгейі бойынша аса қауіпті мына заттар айтарлықтай мөлшерде ауа бассейніне түскен. Олар: қорғасын және оның қосылыстары - 2667,9 тонна, күшәла - 1548,1 тонна, мыс оксиді - 621,7 тонна, марганец және оның қосылыстары - 338,3 тонна, күкірт қышқылы - 182,7 тонна, хлор - 61,6 тонна, сынап - 318 кг. Бұл заттардың іс жүзінде шығарылған көлемі рұқсат берілген нормативтік мөлшерден асқан жоқ", - деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Сондай-ақ, статистикалық агенттік Қазақстан кәсіпорындары барлық улаушы стационарлық көздерден шығатын зиянды заттардың 89,1% сүзіп алып, жойып жібергенін хабарлады.

Статистика қызметкерлері атап көрсеткендей, сүзіп алынып, жойылған зиянды қалдықтардың республикалық деңгейден жоғары үлес салмағы Павлодар (95,5%), Алматы (91,6%), Қостанай (91,3%), Солтүстік Қазақстан (91%), Жамбыл (90,4%), Шығыс Қазақстан (89,3%), Ақмола (85,3%), Қарағанды (81,7%) облыстары мен Астанада (94,8%), ал ең төменгі үлес салмақ - Маңғыстау (0,2%) және Қызылорда (1,2%) облыстарында байқалған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны