20.01.2021, 19:15 17401

2020 жылы БЖЗҚ салымшыларының зейнетақы жинақтары 2,1 триллион теңгеге артты

Зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен жинақталып, оның мөлшері 12,6 трлн теңге (2020 жылдың басынан бергі өсім – 19%) болды.
Нұр-Сұлтан. 20 қаңтар. Kazakhstan Today - Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында 2021 жылғы 1 қаңтардағы негізгі көрсеткіштер туралы айтылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today "БЖЗҚ" АҚ баспаөз қызметіне сілтеме жасап.
 
2021 жылдың 1 қаңтарында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 12,9 триллион теңге зейнетақы жинақтары қалыптастырылды. Жыл бойы, яғни 01.01.2020 жылдан бастап 01.01.2021 жылға дейін сома 2,1 трлн теңгеге немесе 20% көбейді. 
 

Зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен жинақталып, оның мөлшері 12,6 трлн теңге (2020 жылдың басынан бергі өсім – 19%) болды. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 315,3 млрд теңгеге (өсім 28%), ал ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 2,2 млрд теңгеге (өсім 12%) жетті", - деп нақтылады БЖЗҚ баспасөз қызметі.

 
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2021 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезең ішінде БЖЗҚ салымшыларының шоттарына 1,2 трлн теңге таза инвестициялық табыс есептелді. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 578,1 млрд теңгеге (өсім 90%) артық. Инвестициялық табыстың бұл жолы да зейнетақы жарналарының сомасынан асып түскенін атап өткен жөн.
 

2020 жылдың басынан бері салымшылардың шоттарына жалпы көлемі 1,1 трлн теңге зейнетақы жарналары аударылды, ол 2019 жылғы көрсеткіштен 94,8 млрд теңгеге немесе 10% асып түсті. Жарналардың жалпы көлемінің 95,6 пайызын БЖЗҚ-ға МЗЖ бойынша аударылған 1,04 трлн теңге мөлшеріндегі түсімдер (өсім 10%) құрайды. 46,9 млрд теңгенің аударымы МКЗЖ бойынша (өсім 8%) жасалса, 539 миллион теңге ЕЗЖ бойынша (өсім 51%) аударылған", - деп хабарлады қорда.

 
БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 2021 жылдың 1 қаңтарында 11,6 миллион бірлікті (жыл басынан бергі өсім 10%) құрады. Шоттардың басым бөлігі міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша ашылған, олардың саны – 10 981 218 (өсім – 11%). Одан кейін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған шоттар – 528 283 (өсім – 4%). БЖЗҚ-дағы ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша ашылған шоттардың саны қазір 57 645 бірлік (өсім – 6%). 
 

Төлемдер 193,4 млрд теңгені құрады. Оның басым бөлігі, атап айтқанда 35% жасы бойынша төлемдер (67,7 млрд теңге), сақтандыру ұйымдарына аударымдар (46,3 млрд теңге), Қазақстан Республикасынан тыс ТТЖ кету (36,8 млрд теңге), мұрагерлерге (36,5 млрд теңге), жерлеуге (4,4 млрд теңге) , мүгедектік бойынша (1,7 млрд теңге) берілген төлемдер", - деп қосты баспасөз қызметінде.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны