01.12.2019, 17:16 3134

Қазақстанда соңғы жылдары жұмыспен қамтудың аутстаффинг түрінен жұмысшылардың еңбек құқықтары бұзылуда

Қазақстанда соңғы жылдары аутстаффинг (қарызды еңбек) кеңінен қолданылып жүр. Жұмыспен қамтудың осы түрі көбінесе жұмысшылардың еңбек құқықтарының бұзылуына алып келеді. Көп жағдайда жалдамалы жұмысшылардың еңбегі штаттағы қызметкерлерге қарағанда аз төленеді.

Алматы. 1 желтоқсан. Kazakhstan Today -ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 26 қарашадағы отырысында екі мәселе қаралды:

I. "Электрондық үкіметті" дамыту және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мәселелері.

II. Еңбек қатынастарын реттеу мәселелері.

Қазақстан Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде 2019 жылы "Еңбек нарығының тиімділігі" факторы бойынша 30-орыннан 25-орынға көтеріліп, Грузия (37), Ресей (62), Украина (69) және басқа да елдерден озық шықты.

Биыл 10 айда ҚР-да өндірістік жарақаттану 13%-ға, оның ішінде өлім-жітімге әкелетін жарақаттану 23%-ға төмендеді.

"Өндірістегі жазатайым оқиғалардың профилактикасы мен алдын алуға назар аудару қажет", - деді үкімет басшысы Асқар Мамин.

Кәсіподақтар федерациясы желісі бойынша мынадай ақпарат ортаға салынды:

Еңбек дауларының алдын-алу және шешу

Кәсіптік одақтар федерациясы 2018 жылы Жоғарғы сотпен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Меморандум аясында аумақтық кәсіподақтар бірлестіктері базасында 17 Татуласу орталығы құрылды, осы орталықтарда 3 мыңнан астам еңбек даулары бойынша медиациялық рәсімдер өткізіліп, оның 2 мыңға жуығы оң шешім тапты.

Ағымдағы жылда еңбек даулары көбейіп, 2019 жылдың қыркүйек пен қараша айларының өзінде ғана 18 ұжымдық еңбек дауы қаралды. Еңбек даулары негізінен Маңғыстау облысында (6 жағдай), Алматы қаласында (5), Ақтөбе облысында (2) орын алып отыр.

Ұжымдық келісімшарттар

Бүгінде республика бойынша 112 958 ұжымдық шарт бекітілген. Бұл елімізде жұмыс істейтін барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың (261 000) санына шаққанда 43,3% құрайды.

Ұжымдық шарттар бекіту бойынша төмен көрсеткіштер Шымкент қаласында (4,8%), Маңғыстау облысында (14,6%), Нұр-Сұлтан қаласында (15,2%) орын алып отыр.

Кәсіптік одақтар федерациясы 2018 жылды - Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылы жариялады.

Республика бойынша кәсіпорындарда 15 мың еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер жұмыс істеуде. Олардың 80%-дан астамы кәсіподақтардың бастамасымен құрылды. Сонымен қатар кәсіподақтардың 18 мың техникалық инспекторлары осы мәселе бойынша қоғамдық бақылауды жүзеге асырып отыр.

Бүгінде өндірістік жарақат динамикасының азайғаны байқалады. 2019 жылдың 10 айы ішінде 2018 жылмен салыстырғанда зардап шеккендер саны 13 %-ға, соның ішінде адам өліміне алып келген оқиғалар 23%-ға азайды.

Кәсіби аурулардың алдын-алу

Жыл сайын Қазақстанда кәсіби аурулардың 1 мыңға жуық түрлері тіркеліп, оның жартысынан көбі кәсіби еңбекке жарамдылықтан айырылуына алып келеді. Кәсіби аурулардың 50%-ы кеш анықталады.

300 мыңнан аса адам қауіпті және зиянды жағдайда жұмыс істеп жатыр.

Осыған байланысты, Кәсіптік одақтар федерациясы осы мәселе бойынша талдау өткізу және ұсыныстарды әзірлеу үшін ведомствоаралық жұмыс тобын құруды ұсынады.

Қарызды еңбек мәселесі

Қазақстанда соңғы жылдары аутстаффинг (қарызды еңбек) кеңінен қолданылып жүр. Жұмыспен қамтудың осы түрі көбінесе жұмысшылардың еңбек құқықтарының бұзылуына алып келеді. Көп жағдайда жалдамалы жұмысшылардың еңбегі штаттағы қызметкерлерге қарағанда аз төленеді. Оларға ұжымдық шарттардың күші жүрмейді. Ал өнеркәсіпте жазатайым оқиға болғанда, мұндай жұмысшылар қорғаусыз қалып, олардың өмірі мен денсаулығына келген зиян өтелмей қалып жатыр.

Бұл жағдайда негізгі өзекті мәселе - мемлекетімізде қарызды еңбек заңнамалық тұрғыдан реттелмеуі. Осыған байланысты Парламент Мәжілісінің бір топ депутаттары қарызды еңбек мәселелерін реттеу бойынша ҚР Заң жобасын әзірлеу туралы бастама көтерді.

Шектеу қою ұсынылады:

- зиянды, қауіпті еңбек жағдайларында қарызды еңбекті қолдануға;

- тұрақты жұмысты атқару үшін қарызды еңбекпен айналысатын жұмыскерді жалдауға.

ХЕҰ конвенцияларын ратификациялау

Қазіргі таңда Қазақстанда Халықаралық Еңбек Ұйымының 190 конвенциясының 24-і ғана бекітілген.

Халықаралық нормаларды ұлттық заңнамаға енгізу жұмыскерлердің құқықтық қорғалуы мен кепілдіктерін арттыруға мүмкіндік береді.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны