17.12.2025, 11:28 7661

Домбыра мен сазсырнай Бельгияның Корольдік музыкалық аспаптар музейінің коллекциясына енді

Домбыра мен сазсырнай Бельгияның Корольдік музыкалық аспаптар музейінің коллекциясына енді
Сурет: gov.kz
Бельгияның Музыкалық аспаптар музейінде екі дәстүрлі қазақ музыкалық аспабын - домбыра мен сазсырнайды тапсыру салтанаты өтті. Аспаптарды Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Елшілігі "Алатау Әуендері" концерттік ұйымы қолдауымен табыстады. Бұл іс-шара Қазақстан мен Бельгия арасындағы мәдени диалогты нығайтудағы маңызды қадам болды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Салтанат барысында Алматы облысынан келген "Qulansaz" ансамблінің өнерпаздары қазақ күйлері мен әуендерін орындап, аспаптардың музей экспозициясына қойылмас бұрын олардың шынайы үнін қонақтарға таныстырды. Домбыра мен сазсырнай музейдің тұрақты коллекциясының бір бөлігіне айналып, сондай-ақ цифрлық форматта онлайн-каталог пен аудиогидте де қолжетімді болады. Музейге келушілер әр аспаптың үнімен танысып, олардың шығу тегі мен мәдени маңызы туралы ақпарат ала алады.

Бельгияның Музыкалық аспаптар музейінің өкілі Саския Виллаерт экспонаттарды тапсырудың маңыздылығын атап өтіп: "Бұл аспаптар музей қорын байытып, музей қонақтарына әлемдегі тағы бір жарқын музыкалық дәстүрмен танысуға мүмкіндік береді. Қазақстанға осы үлесі үшін алғыс білдіреміз және домбыра мен сазсырнайды кең аудиторияға ұсынуға қуаныштымыз", - деп мәлімдеді.

Бельгияның Музыкалық аспаптар музейі (MIM) 1877 жылы құрылған Өнер мен тарихтың Корольдік музейлерінің құрамына кіреді және бүгінде шамамен 8 000 музыкалық аспаптан тұратын бай коллекциясымен әлемдегі жетекші музыкалық музейлердің бірі ретінде танылған.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны