03.12.2019, 23:13 76169

Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында салық және кедендік әкімшілендіру мәселелері қаралды

2020 жылдың басынан бастап, арнайы салық режимін қолданатын микро және шағын бизнес субъектілері табысқа салынатын салықты төлеуден 3 жылдық мерзімге босатылатын болады.

Алматы. 3 желтоқсан. Kazakhstan Today - Үкімет салық және кедендік әкімшілендіру мәселелерін қарастырды.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында салық және кедендік әкімшілендіру мәселелері қаралды.

Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары - Қаржы министрі Ә. Смайылов баяндады.

Биыл 10 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке түсімдердің өсу қарқыны 14% құрады, бұл өткен жылыдң осындай кезеңімен салыстырғанда 911 млрд теңгеге артық.

Бірқатар цифрлық жобалар іске асырылуда, оның ішінде "АСТАНА-1", "Е-терезе", "Электронды шот-фактуралар", "Виртуалды қойма", "Тәуекелдерді басқару жүйесі" ақпараттық жүйелері бар, бұл процесті оңтайландырып, салық және кеден операцияларын жүргізуді жылдамдатып, ашықтығын арттырады.

Мемлекеттік кіріс органдары жүйесін цифрландырудың нәтижесінде бюджетке қосымша 520 млрд теңгеге жуық қаржы түсті.

"Мүдделі мемлекеттік органдар бұл бағыттағы үйлестірілген жұмыстарды жалғастыруы тиіс. ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының тапсырмасы бойынша 1 қаңтардан бастап айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығару бойынша рақымшылық жүргізіліп жатыр. Жеке тұлғалар үшін салық рақымшылығы жалғасуда", - деді А. Мамин.

Үкімет басшысы мемлекеттік қолдау және салық төлеушілердің қарыздарын нөлдеу нәтижесінде бұғатталған банк есепшоттары ашылып, мүлікті пайдалануға шектеулер алынып тасталғанын атап өтті, бұл кәсіпкерлік қызметті жүргізуді жалғастыруға мүмкіндік береді.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарынан арнайы салық режимдерін қолданатын бастап микро және шағын бизнес субъектілері табыс салығын төлеуден және тексерулерден 3 жыл мерзімге босатылады", - деді А. Мамин.

Премьер-Министр Қаржы министрлігіне тәуекел деңгейі жоғары бағыттарды бақылауға баса назар аударумен бюджетке түсімдердің жасалған жоспарын сапалы орындау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

2020 жылдың 1 сәуіріне дейін ауыл шаруашылығы, ішкі істер, әділет министрліктеріне, барлық мемлекеттік органдарға және әкімдіктерге, "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясына деректер базасын жандандыруды аяқтау тапсырылды.

"Мемлекеттік кірістер органдары мен әкімдіктер микро және шағын бизнес субъектілерінің онлайн бақылау-кассалық машиналарды, pos-терминалдарды қолдану толықтығын, кірістер мен шығыстарды жеңілдетілген есептеуді кезең-кезеңмен енгізуді қамтамасыз етуінің маңызы зор", - деді А. Мамин.

Ағымдағы жылы электронды шот-фактураларды қолдана отырып, камералдық бақылаудың жаңа рәсімдері енгізілді. Қосымша 221 млрд.теңге есептелді - өсім 19%, 175 млрд.теңге өндіріліп алынды (өсім 8,2%).

Ағымдағы жылы шағын және орта бизнеске (2019 жылдың қаңтарынан бастап) және жеке тұлғаларға (2019 жылдың тамыз айынан бастап) негізгі қарызды төлеген жағдайда есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару жолымен салықтық амнистия жүргізілуде.

Ағымдағы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша шағын және орта бизнес субъектілерінің 46% борышкерлері (91,9 мыңның 42 мыңы) амнистия пайдаланды, олар 13 млрд.теңге салық төледі. Олардың 4,4 млрд. теңге айыппұлдары мен өсімақылары жойылды.

Жеке тұлғалардың 30%-тен астам борышкерлері (1,4 млн.-ның 423 мыңы) 10 млрд.теңге сомасына негізгі қарызын өтеді. Олардың 2 млрд.теңгеге жуық айыппұлдары мен өсімақылары есептен шығарылды.

Нәтижесінде - бұл жалпы берешекті 5%-ке төмендетуге мүмкіндік берді.

Кеденнен кейінгі бақылау

Баға туралы ақпаратты автоматты түрде іздеу және "Кеденнен кейінгі бақылау" модулдерін енгізу, сондай-ақ Қытайдан әкелінетін тауарлардың ассортиментін ақпараттық жүйеде толығымен қамту шаралары кедендік Тәуекелдерді басқару жүйесінің тиімділігін 54%-тен 77%-ке дейін арттыруға және шамамен 50 мың заң бұзушылықты анықтауға, сондай-ақ кедендік тексерулер бойынша анықталған бұзушылықтарының санын 2 мыңнан 10 мыңға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Кеденнен кейінгі бақылауды күшейту нәтижесінде кедендік баждар мен салықтар бойынша есептелген кіріс 32%-ке артты және 14 млрд. теңгені құрады.

Жоғарыда аталған шараларды іске асыру Қытаймен кедендік статистикадағы сәйкессіздікті қысқартуға мүмкіндік берді.

Цифрландыру

"АСТАНА-1" АЖ-де тауарларды декларациялау электронды түрде жүзеге асырылады. Бұл тауарларды кедендік рәсімдеу уақытын кедендік декларациялардың жалпы санының 80%-ті үшін 1 минутқа дейін қысқартты. Бұрын бұл уақыт 24 сағатты құрайтын.

"Өнімді таңбалау" АЖ-сі контрафактілік өнімдерді қысқартуға және кәсіпкерлердің арасында бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Өткен жылдан бастап алкоголь, темекі және аяқ киімді таңбалау бойынша пилоттық жобалар іске асырылады.

"Электрондық шот-фактуралар" АЖ-сінде, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық қосылған құн салығын төлеушілер электрондық шот фактураларды міндетті түрде жазып беруге көшірілді.

Осы жылдан бастап басқа да бастапқы құжаттар электронды форматқа көшірілді: электрондық келісімшарттар, орындалған жұмыстардың актілері, олардың негізінде электронды шот фактуралар нысанын автоматты толтыру жүзеге асырылды.

Онлайн-бақылау кассалық машиналарды кеңінен қолдану бойынша азаматтар үшін лотерея ойнату, бизнес үшін онлайн-КKM сатып алған кезде - онлайн-KKM құнына төленген салықтар сомасын азайту арқылы ынталандыру шаралары жасалынды.

Фискалдық деректер операторының функциялары бәсекелестік ортаға берілді ("Қазақтелеком" АҚ, "Транстелеком" АҚ, Картель (Билайн)).

Қазіргі уақытта онлайн-КKM саны жалпы тіркелген КKM санының 95% құрайды.

Жергілікті салықтарды төлеуді оңайлату мақсатында "EGOV" электрондық Үкімет пен Каспий Банктің порталы интеграциялау жүргізілді.

Каспий Банкімен интеграция нәтижесінде осы жылдың тек қыркүйек айының өзінде өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда жеке тұлғалардың салық төлемдері 2,5 есеге өсті.

Салық төлеуден босату

2020 жылдың басынан бастап, арнайы салық режимін қолданатын микро және шағын бизнес субъектілері табысқа салынатын салықты төлеуден 3 жылдық мерзімге босатылатын болады.

Салық төлеуден босатылмайды:

-Жер қойнауын пайдаланушылар;

-акциздік өнімдерді өндірушілер;

-ойын бизнесі;

-сыртқы экономикалық қызмет қатысушылары.

Сонымен бірге шағын және орта бизнес субъектілерін 3 жыл мерзімге тексеру жүргізуге мораторий енгізілуде.

Кедендік тексеру, қарама-қарсы салық тексеру, қылмыстық іс шеңберінде жүргізіліп жатқан және салық төлеушінің өтініші бойынша өзінің қызметіне қатысты тексерулер алып тасталады.

Cонымен қатар, микро және шағын бизнес субъектілеріне онлайн-ККМ және POS-терминалдарды міндетті түрде қолдануды, кірістер мен шығыстар жеңілдетілген есебін кезең-кезеңімен енгізуді, салық есептілігін ұсынуды қамтамасыз ету қажет.

2020 жылы салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру мақсатында мынадай іс-шараларды жоспарланған:

-салық төлеушінің электронды әмиянын енгізу (2020 жылғы қаңтардан бастап);

-үш компонентті интеграцияланған жүйені енгізу;

-патентті қолдану үшін қызмет түрлерінің тізбесін шектеу;

-ЕврАзЭС шеңберінде тауарларды қадағалау ақпараттық жүйесін енгізу;

-Өзбекстанмен шекарадағы өткізу пунктін қайта құруды аяқтау (2020 жылғы 2-тоқсан);

-Қытайдан алынатын займ бойынша 10 өткізу пунктін қайта құруды бастау (2020-2023 ж.ж.);

-Қытаймен экспорттық декларациялардың мәліметтерімен толық алмасу.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны