01.02.2021, 20:29 6663

ЕЭК кеңесі тауарларды таңбалау жүйесінің базалық моделін бекітті

Бұдан басқа, кеңес шешімімен электролиз әдісімен алюминий өндірісінде қолданылатын фторлы алюминийге қатысты кедендік баждың "нөлдік" мөлшерлемесі 2023 жылдың соңына дейін ұзартылды.
Нұр-Сұлтан. 1 ақпан. Kazakhstan Today - Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі кезекті отырыста сыртқы сауда қызметі, кедендік және техникалық реттеу және халықаралық ынтымақтастық саласындағы мәселелерді қарастырды. Отырыс бүгін ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Ә. Смайыловтың төрағалығымен бейнеконференция байланысы режимінде өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
 
Өз аумақтарында таңбалауды енгізген және енгізбеген ЕАЭО елдері арасындағы өзара іс-қимыл тәртібі мен қарым-қатынас жасау тәсілін белгілейтін ЕАЭО-да тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау жүйесінің базалық моделі бекітілді. Қабылданған шаралар бір елде міндетті таңбалау енгізілген, ал басқа елде болмаған жағдайда өзара сауда-саттық кезінде кедергілердің туындамауына мүмкіндік береді.
 
COVID-19 таралуына байланысты карантиндік іс-шаралар енгізілген жағдайда электроника мен тұрмыстық техниканы өндірушілер мен импорттаушыларды қолдау мақсатында "Энергетикалық қауіпсіздікке қойылатын талаптар туралы" ЕАЭО техникалық регламентінің (ЕАЭО ТР 048/2019) күшіне ену мерзімі 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ұзартылды. 
 
Бұдан басқа, кеңес шешімімен электролиз әдісімен алюминий өндірісінде қолданылатын фторлы алюминийге қатысты кедендік баждың "нөлдік" мөлшерлемесі 2023 жылдың соңына дейін ұзартылды. Бұл шара алюминий өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін қолдауға және отандық өнеркәсіптік өндірісті дамытуға бағытталған. 
 

Қазақстандық тараптың бастамасы бойынша 2014 жылдың 23 желтоқсанындағы ЕАЭО шеңберінде дәрілік заттар айналымының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге өзгерістер енгізудің орындылығы талқыланды. Атап айтқанда, ұлттық заңнамаға сәйкес ішкі нарықта тұтыну үшін қажетті дәрілік заттарды тіркеу мүмкіндігін сақтау бөлігінде өзгерістер енгізу мәселесі қаралды", - деп атап өтті баспасөз қызметі.

 
Естеріңізге салайық, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан ЕАЭО органдарында төрағалық етеді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны