26.04.2010, 16:40 3371

Алматы қаласының әкімі президенттен метро құрылысына қосымша қаржы бөлуді сұрады

Алматы қаласының әкімі президенттен метро құрылысына қосымша қаржы бөлуді сұрады

Алматы. 26 сәуір. Kazakhstan Today - Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов бүгін президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен кеңесте метро құрылысына қосымша қаржы бөлуді сұрады, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Метроның бірінші кезегінің құрылысына 19,7 млрд теңге бөлінген. І тоқсанда бұл қаражаттың жартысы игерілді",- деді Ахметжан Есімов.

"Нұрсұлтан Ибішұлы, қала ағымдағы жылы метроны ашуға дайын. Алайда жобаны аяқтау үшін қосымша 35 млрд теңгеге жуық қаржы қажет",- деді қала басшысы.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда салынып жатқан метро құрылысының Райымбек станциясында болды.

"Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай біз қала тұрғындарын Алматы метросының құрылысын пайдалануға беру арқылы қуанта аламыз деп ойлаймын. Бұл қала үшін, қаладағы экология мен транспорт үшін аса қажетті нысан", -деді Н. Назарбаев.

Ол бұған қоса метроның бірінші кезегі пайдалануға берілген соң "оның екінші тармағын салу бойынша бұдан былайғы іс-әрекеттер жайлы ойластыратын боламыз",- деп атап өтті.

Өз кезегінде "Алматыметроқұрылыс" АҚ-ның бас директоры Мұрат Өкшебаев журналистерге берген сұхбатында: "бүгінгі жағдаймен жер асты құрылғыларын салу жұмыстары 97%-ға атқарылды. Біз бұл жұмыстарды маусым айының аяғына дейін аяқтауды, тау-кендік қазба жұмыстарына арналған жабдықтарды қайта бөлшектеуді аяқтап, оларды жер үстіне алып шығуды жоспарлап отырмыз. Кейін тек автоматика, жабдықтарды монтаждау, эскалаторларды орнату, сәулет жұмыстары мен шойын жолды төсеу жұмыстары ғана қалады", - деді.

"Қазіргі бюджет тапшылығы 34 млрд құрайды. Осы мәселе таяудағы айларда шешімін тапса, барлық жұмыстарды ағымдағы жылдың желтоқсан айына дейін аяқтауға толық мүмкіндік бар. Егер шешімін таппаса, онда жұмыстар келесі жылы да жалғасады. Меніңше, метроның бірінші тармағын нақты аяқтау мерзімі - келесі жылдың бірінші жартысы деп ойлаймын", - деді бас директор.

Оның нақтылауынша, "бірінші вагондар маусым айында, ал соңғылары - тамыз айында келеді".

"Алматыметроқұрылыс" АҚ-ның хабарлауынша, метро құрылысы салыну барысында 117,3 млрд теңге игерілген. Соның ішінде 2004 - 2009 жылдары 86,2 млрд теңгесі игерілді. Бүгінгі жағдаймен туннельдер 100%, олардағы гидрооқшаулау жұмыстары 90%-ға атқарылды. Жолдың үстінгі бөлігін жайластыру жұмыстары жүргізілуде, 7,4 шақырым жол бетоны төселді. Шойын жолдарды төсеу жұмыстары басталды.

Алматы метросының құрылысы 1988 жылы басталған. Метроның бірінші желісі Райымбек даңғылынан Фурманов көшесінің астымен Абай даңғылына дейін, одан әрі батысқа қарай бұрылып, Гагарин даңғылына дейін созылады. Бірінші желінің ұзындығы 8,56 шақырым және ол жеті станциядан тұрады. Орташа тереңдік - 40 метр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны