06.06.2019, 18:24 17759

Алматы облысы Талғар ауданында көлемі 850 мың шаршы метр болатын тұрғын үй құрылысы басталды

Қазіргі кезде Алматы облысында 10 мың шақырым жол болса, соның 7,5 мың шақырымы - жергілікті жолдар. Біз ауыл ішілік жолдарға ерекше назар аударып, қомақты қаржы бөліп, сапалы деңгейде жасап жатырмыз. Бүгін Бесағаш ауылындағы жол соның жарқын мысалы бола алады.

Нұр-Сұлтан. 6 маусым. Kazakhstan Today - Алматы облысының Алматы мегаполисімен шектесіп жатқан Талғар ауданында жалпы көлемі 850 мың шаршы метр болатын тұрғын үй құрылыстары басталған. Бұл туралы кеше облыс әкімі Амандық Баталовтың Талғар ауданына жасаған сапарында белгілі болды. Осы сапарда облыс басшысы салынып жатқан тұрғын үй құрылыстарының барысымен, жол жөндеу жұмыстарымен танысты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алдымен облыс әкімі Бесағаш ауылындағы Қазақстан, Желтоқсан, Бейбітшілік көшелеріндегі жасалған жөндеу жұмыстарын көріп, тұрғындармен кездесті. Жолдарды жөндеуге 27,3 млн. теңге бөлінген. Сәуір-мамыр айларында атқарылған ағымдағы жөндеу жұмыстарының нәтижесінде 1,6 шақырым жолға асфальт қабаты төселген.Жалпы, бұл ауданда жергілікті маңыздағы жолдардың құрылысына биыл 596 млн.теңге бөлініп, соның 100 млн. теңгесі күрделі жөндеуге, 95,5 млн. теңгесі орташа жөндеуге, ал қалған сома ағымдағы жөндеуге қарастырылған. Ал аудан арқылы өтетін облыстық маңыздағы жолдардың жаңғырту, күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары мен күтіп ұстауына республикалық және облыстық бюджеттен қаржыландыру көлемі 4,6 млрд. теңгені құрап отыр.

Осы арада аудан әкімі Р.Сатбаев аудандағы жол жөндеу жұмыстары туралы қысқаша баяндап берді. Ол өз сөзінде өзге ауылдық округтердегі жұмыс жоспарларын айта келе, Бесағаш ауылындағы Белбұлақ, Ломоносов, Молдағұлова, Құрманғазы көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу және Молдағұлова көшесі аяғындағы көпірді жөндеу өзекті мәселелердің қатарында екенін тілге тиек етті. Бүгінгі күні бұл жобалардың жобалық-сметалық құжаттарына 3,7 млн.теңге қаражат бөлінді. Алдағы уақыттажол жөндеу жұмыстарына 60,5 млн.теңге қаражат қажет.Көше тұрғындарымен тілдескен Амандық Баталов жыл сайын облыстың өзіне тиесілі жолдарын жөндеуге жергілікті бюджеттен 16млрд. теңгеден 20 млрд. теңгеге дейінқаржы бөлініп отырғанын жеткізді. Соның ішінде биылғы жылы Бесағаш ауылының аталған төрт көшесін жөндеуге қаржы бөлетінін айтты. Өз кезегінде тұрғындар өзөтініштерін аяқсыз қалдырмай, жол төсеп берген аудан әкімдігіне, қаржылай қолдау көрсеткен облыс басшылығына ризашылықтарын жеткізіп, ақсақалдар бата берді.Жаңбыр жауған кездерде асфальті жоқ жолда, әсіресе балаларға батпақ кешу қиын болатын. Ендігі жерде тұрғындар күрмеуі қиын мәселенің шешімін тапқанына қуанышты.

Облыс әкіміне тұрғындардан келіп түсетін өтініштерде Талғар ауданының бірқатар ауылдарындағы ауыз су мәселесі көтерілген болатын. Аталмыш мәселелердің шешілу барысы да назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, қазір Өстемір, Кеңдала, Нұра, Еркін, Тереңқара ауылдарына су құбырын жүргізу жұмыстары атқарылып жатыр. Оларға республикалық және облыстық бюджеттен жалпы көлемі 2,5 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлініп, су құбырлары төселуде.

Мұнан соң Амандық Баталов Талғар қаласындағы құрылысы аяқталған 60 пәтерлі несиелік тұрғын үйге атбасын бұрды. Үйдің құрылысын жүргізген мердігер компания - "СКБ Констракшнс" ЖШС. Жобаның құны - 605,9 млн. теңге. Қазіргі кезде "Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі" АҚ пәтерлерді бөлуде, соның ішінде 14 пәтер кезекте тұрғандарға беріледі.

Талғарда бұдан бөлек 60 пәтерлі жалдамалы 2 тұрғын үй салынып жатыр. Бұл нысандарда облыс әкімі құрылыстың сапасы мен жұмыс кестесінің мерзіміне назар аударуды тапсырды. Қос үйдің де құрылысына жауапты - "ГУННСТРОИСЕРВИС" ЖШС мекемесі. Биыл көктемде басталған тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарыкелесі жылдың ақпанында аяқталуы тиіс. Алайда облыс әкімі қалған қаржысын жылдамдатып шешіп, құрылысты қарашаға дейін аяқтауды тапсырды. Сөйтіп күздің соңына қарай кезекте тұрған 120 азамат, соның ішінде көп балалы, аз қамтылған отбасылар мен бюджет қызметкерлері баспаналы болмақ.

Сонымен бірге аудан әкімі Р. Сатбаев бірқатар тұрғын үй кешендерінің құрылыс жобаларымен таныстырды. Мәселен, "Жаңа Talgar City", "Алма Тау", "Нурия", "Достар", "Аспан сити" ТК-ларының құрылыстары қарқынды жүріп жатыр. Оларда жалпы көлемі 850 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, соның тең жартысына жуығы "7-20-25" бағдарламасымен ұсынылмақ. Осы жерде Қарасай ауданы аумағында салынатын "Қарлығаш", "Гранит" ТК туралы да баяндалды. Облыс әкімі ең алдымен құрылыстың сапасына назар аудару керектігін баса айтты. Сондай-ақ тұрғын үй кешендерінің инфрақұрылымын дамытуға қолдау көрсетілетінін жеткізді. Ең бастысы қажетті мектеп, балабақша, тірек пункті, дәрігерлік амбулатория сияқты әлеуметтік нысандарды жобалауды, бейнебақылаумен қамтуды ұмытпау керектігін ескертті.

Атап өтсек, Талғар ауданында бүгінгі күні 3012 астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Соның 547-сі көп балалы, 700-і - әлеуметтік әлжуаз топтан, 900-і - бюджеттік сала қызметкерлері.

Сапар қорытындысында журналистерге сұхбат берген облыс әкімі Амандық Баталов:

- Елбасы билік өкілдеріне: "Халық бізге емес, біз халыққа баруымыз керек", - деп талап қойған. Қазіргі Президентіміз де осы бағытты бағдар етуді міндеттейді. Сондықтан Талғар ауданына келіп, жол, су, тұрғын үй мәселелерінің проблемаларымен, оны шешу жолдарымен таныстым.

Қазіргі кезде Алматы облысында 10 мың шақырым жол болса, соның 7,5 мың шақырымы - жергілікті жолдар. Біз ауыл ішілік жолдарға ерекше назар аударып, қомақты қаржы бөліп, сапалы деңгейде жасап жатырмыз. Бүгін Бесағаш ауылындағы жол соның жарқын мысалы бола алады.

Талғар ауданының ең күрделі мәселесінің бірі - баспанамен қамту. Алматы облысында 145 мыңнан астам адам кезекте тұр. Елбасының "Нұрлы жол", "Нұрлы жер", "7-20-25" мемлекеттік бағдарламалары және көп балалы отбасыларға арнап үйлер салу міндеті тұрғындарды баспанамен қамтуда көп мүмкіндіктер береді. Бизнесті бірлесе жұмыс істеуге тартудың нәтижесінде бір ғана Талғар ауданының өзінде 850 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы басталды. Осы пәтерлер бірте-бірте қолданысқа берілгенде кезек те жылжиды, сұраныс та азаяды. Тұрғын үй кешендерінде халықтың қолайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалуы тиіс. Сондықтан әлеуметтік нысандармен, бейнебақылаумен қамтуойластырылуы керек.Тұрғындарға қолайсыздықтар туғызбау үшін аз аумаққа көп үй салуды болдырмауды ескерттім.

Қазір облыста ауыз сумен қамту көрсеткіші - 89 % болса, Талғар ауданында 95 % жеткен. Қазір тұрғындардың өтініші бойынша мұндағы Өстемір, Кеңдала, Нұра, Еркін, Тереңқара - осы бес ауылға су құбырын жүргізу атқарылып жатыр. Облыс бойынша ауызмен қамту көрсеткішін 100 %-ке 2023 жылы жетеміз деп межелеп отырмыз. Өңірлердегі мекендерді әлеуметтік жағынан, инфрақұрылыммен қамту тұрғысынан, жалпы жан-жақты дамыту әрқашан біздің басты назарымызда, - деді Амандық Баталов.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны