16.09.2025, 16:33 139006

Асхат Хасенов Атырау мұнай өңдеу зауытының жоспарлы алдын алу жұмыстарына дайындығын тексерді

Асхат Хасенов Атырау мұнай өңдеу зауытының жоспарлы алдын алу жұмыстарына дайындығын тексерді
Сурет: КазМунайГаз

ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау мұнай өңдеу зауытында болып, биылғы 1 қазанда басталып, 25 қазанға дейін жалғасатын жоспарлы алдын алу жұмыстарына дайындық барысын тексерді. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ хабарлады.


Бұл жұмыстар аясында жабдықтарға міндетті техникалық куәландырулар мен сараптамалар жүргізу көзделген (1174 дана қысыммен жұмыс істейтін ыдыстар мен аппараттар, 46 пеш, 1458 дана технологиялық құбыр желілері). Бұдан бөлек әртүрлі қондырғыларда 316 тоннадан астам катализатор алмастырылады.

Ең күрделі әрі негізгі операция - баяу кокстеу қондырғысының реакторларындағы конусты түптерді ауыстыру болмақ. Бұл үшін зауыт аумағында жүккөтергіштігі 750 тонна болатын екі бірегей кран орнатылуда. Сонымен қатар реакторларда болашақта жабдық сенімділігін арттыру үшін инновациялық болжамды диагностика жүйесі іске қосылады.

Жалпы жұмыстарға 1 880 маман және 62 бірлік арнайы техника жұмылдырылады.

Жоспарлы алдын алу жұмыстары кезінде жанар-жағармайдың ішкі нарықтағы тұрақтылығын сақтау және мұнай өнімдерін жөнелтуді қамтамасыз ету үшін зауыт жеткілікті көлемде тауарлық өнім қорын қалыптастыру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.

Айта кетсек, 2025 жылдың сегіз айында жеңіл мұнай өнімдері өндірісінің үлесі рекордтық көрсеткішке жетіп, 77,5% құрады, ал өңдеу тереңдігі - 88,6% болды. Дизель отынының (+15%) және авиаотынның (+13%) өндіріс жоспары артығымен орындалды. Соның нәтижесінде кәсіпорын бюджетке 129 млрд теңге аударып, жоспарлы көрсеткіштен 24 млрд теңгеге артық түсімді қамтамасыз етті.

Сонымен қатар жиын барысында зауыттың жылдық өңдеу көлемін 6,1 млн тоннаға дейін арттыру және жөндеуаралық кезеңді 36 айға дейін ұзарту сияқты кәсіпорын дамуының стратегиялық міндеттері талқыланды. Қаржылық тиімділікті арттыру жұмыстары да атап өтілді.

Атырау мұнай өңдеу зауыты алдында жоспарлы алдын алу жұмыстарын сапалы өткізу, өндіріс тиімділігін арттыру, барлық технологиялық қондырғылардың қауіпсіз әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ету міндеті тұр.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны