29.02.2008, 16:26 3835

Ашықтық бастамасының формалары бойынша есеп жүргізу әдістемелері стандартты есеп беру формаларына сәйкес келуге тиіс - Қарабалин

Ашықтық бастамасының формалары бойынша есеп жүргізу әдістемелері стандартты есеп беру формаларына сәйкес келуге тиіс - Қарабалин

Астана. 29 ақпан. "Қазақстан Бүгін" - Ашықтық бастамасының формалары бойынша есеп жүргізу әдістемелері стандартты есеп беру формаларына сәйкес келуге тиіс. Бұл туралы бүгін "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ президенті Ұзақбай Қарабалин "Қазақстандағы шикізат өндіруші саладағы ашықтық бастамасы" атты бірінші ұлттық конференцияда пікір білдірді , деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Ашықтық бастамасының формалары бойынша есеп жүргізу әдістемелері стандартты есеп беру формаларына сәйкес болуға тиіс. Бұл екіұдайлықтың пайда болу тәуекелін азайтып, мүдделі тұлғалар тарапынан ашықтық жоқ деген негізсіз айыптардың болмауына септігін тигізеді", - деді Ұ. Қарабалин.

Оның пікірінше, мемлекеттік органдар "ашықтық бастамасы бойынша формаларды оптимизациялау үшін ұдайы қайта қарап отыруға тиіс". "Осыған байланысты бастаманың жұмыс істеу тетіктерін қалыптастыру жайын алдын-аса ойластырып, оның ұдайы өзгерістегі нақты ахуалға бейім болуын қамтаамсыз ету керек", - деді ҚМГ басшысы.

"Сонымен бірге бастаманы жүзеге асыру аясындағы есеп беру формалары қажетті қарапайымдық деңгейі мен ақпараттық сыйымдылығын сақтап қалуға тиіс", -деді ол.

Ұ. Қарабалиннің түсіндіруінше, қазір жүргізіліп жатқан уәкілетті органдарға беретін есептер мен қоғам акционерлерінің талабы бойынша есеп дайындау жұмыстарымен бірге ашықтық бастамасына қатысты міндетті есеп беру формалары санының өсуі өнімсіз еңбек шығындарының біршама ұлғаюына алып келмек".

"Сол себепті шикізат өндіруші салалардың ашықтық бастамасы бойынша есеп берудің форматтарын қалыптастыру мен оны жинаудың жүйелерін есептердің санын ұлғайту мен бюрократияны дамытуға алып келмейтіндей етіп құру қажет", -деді ол.

Өз кезегінде ҚР қаржы вице-министрі Дәулет Ерғожиннің хабарлауынша, көрсеткіштері бірінші ұлттық есепке қамтылған мұнайгаз компаниялары келтірген мәліметке сәйкес, олардың 2005 жылғы салық түсімдері 287 млрд теңгені құраған, ал салық органдары тіркеген осы кәсіпорындардың салық түсімдері 345 млрд теңгеден асады. "Мұндай айырмашылыққа басты себеп жекелеген компаниялардың төленген салықтың қорытындысы көлемін теріс көрсетуі мен бағамдағы айырмашылық болмақ", - деді вице-министр.

Оның нақтылауынша, "республикалық қазынашылық және салық органдарындағы есеп теңгемен жүргізілсе, жекелеген жер қойнауын пайдаланушылар тұрақты келісім-шарт бойынша салықты валютамен төлеуге құқығы бар".

"Кейбір жер қойнауын пайдаланушылар заңнамаға сәйкес төлеген айыппұлдары мен өсімпұлдарын көрсетпеген, сондай-ақ, бухгалтерлік мәліметтерді қате көрсету оқиғалары да кездескен", -деді Д. Ерғожин.

"Бұл фактор салықшыларда жекелеген жер қойнауын пайдаланушылар салық және бухгалтерлік есеп беру жүйелерін ұдайы дұрыс жүргізе бермейді деген күдік туындауына негіз болуда. Мен барлық жер қойнауын пайдаланушыларға бухгалтерлік есеп-қисап жүргізу сапасын арттыру қажеттігін, сондай-ақ, олардың есепті 2005 жыл үшін өздерінің салықтық міндеттемелерін қайта қарауға мүмкіндігі бар екеніне назар аудару қажеттігін, сол арқылы салық тексерулері барысында айыппұл санцияларын қолдану арқылы қосымша салық аударуды болдырмауға мүмкіндігі бар екенін ресми түрде ескертемін", -деді қаржы вице-министрі.

Ал энергетика және минералды ресурстар вице-министрі Болат Ақшолақов бірінші есепті дайындау барысында анықталған барлық қателіктер екіншісін дайындау барысында ескерілетінін атап өтті. "Бірінші есеп жер қойнауын пайдаланушыларда да, сондай-ақ, үкіметтің әкімшілік басқаруы тұрғысынан да байқалатын белгілі бір проблемалардың бетін ашып берді. Есепке қатысты да түсініспеушіліктер бар, сол себепті болашақ есептің ролі - осындай проблемаларды айқындап, салық әкімшілігі жүйесін оңтайландыру", - деді вице-министр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны