06.02.2024, 15:43 50121

Қазақстан 2 жыл ішінде Транскаспий бағыты бойынша мұнай жеткізуді 3 млн тоннаға дейін арттырады

Қазақстан 2 жыл ішінде Транскаспий бағыты бойынша мұнай жеткізуді 3 млн тоннаға дейін арттырады, деп хабарлайды ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметінен.

Энергетика саласын дамыту Қазақстан Үкіметі жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл мұнай-газ саласын нығайтуға, электр энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға және жаңартылатын энергия қуатын арттыруға қатысты.

Мәселен, мұнай саласында Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарын кеңейтуге бағытталған ірі жобаларды іске асыру жалғасуда. Каспий құбыр консорциумы құбырының қазақстандық учаскесінің өткізу мүмкіндігі жылына 54-тен 72,5 млн тоннаға дейін ұлғайтылды. Бұл ретте Транскаспий бағыты бойынша мұнайдың алғашқы жеткізілімдері жүргізілді, олар 2 жыл ішінде 3 млн тоннаға дейін арттырылатын болады.

Сонымен қатар Шымкент мұнай өңдеу зауытын кеңейту бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Нәтижесінде оның қуаттылығы жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін артып, ішкі нарықтағы жанар-жағармай қажеттілігін толық қамтамасыз етеді.

Газ өндіру саласында жаңа кен орындары іске қосылуда. Өндірілетін қоры 31 млрд текшеметрден астам газды құрайтын "Рожковское", "Оңтүстік Ақсай" және "Анабай" кен орындарында газ өндіру басталды. Орта мерзімді перспективада өндірілетін қоры 69 млрд текшеметр газ болатын "Орталық Өріктау", "Батыс Прорва" және "Қаламқас" газ кен орындарын іске қосу күтілуде.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны