26.12.2025, 13:38 1101

Қазақстан мен Таиланд өңірлері сауда, туризм және цифрлық даму салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Таиланд өңірлері сауда, туризм және цифрлық даму салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуда
Сурет: gov.kz
Таиланд өңірлерімен ынтымақтастықты орнату және дамыту аясында Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Елшісі Марғұлан Баймұхан Чонбури провинциясының губернаторы Нират Пхонгситтхаворнмен, сондай-ақ Паттайя қаласының мэрі Порамет Нгампичетмен кездесулер өткізді. Кездесулерге сауда-экономикалық, білім беру, мәдениет және туризм салаларына жауапты жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Келіссөздер барысында М. Баймұхан Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы тай тарапына жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар Қазақстан мен Таиланд арасындағы саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары таныстырылды.

Сапар аясында тай тарапы Чонбури провинциясы мен Паттайя қаласының индустриялық, көлік-логистикалық және туристік әлеуетін таныстырды. Паттайя қаласының мэрі П.Нгампичет ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде шетелдік туристерді тарту, қонақүй және қалалық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды жолға қоюды атап өтті.

Өз кезегінде Чонбури провинциясының губернаторы Н. Пхонгситтхаворн өңірдің дамуының негізгі қозғаушы күштері Таиландтың Шығыс экономикалық дәлізінің (Eastern Economic Corridor, EEC) бір бөлігі ретінде автокомпоненттер өндірісі, агроөнеркәсіптік өнімдер, жоғары қосылған құны бар тауарлар, сондай-ақ заманауи көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту екенін атап өтті. Халықаралық "Утапао" әуежайын кеңейту және Таиландтың шығыс жағалауында орналасқан, елдегі ең ірі әрі стратегиялық маңызы бар терең су порты - "Лаем Чабанг" портын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Чонбури провинциясының аумағында қазіргі уақытта экспортқа бағытталған 4000-нан астам өндірістік кәсіпорын мен 12 индустриялық аймақ жұмыс істейтіні аталып өтті. Лаем Чабанг портының көлік-логистикалық қуаттарын кеңейту 2028 жылға қарай аяқталады деп жоспарлануда. Осыған байланысты губернатор қазақстандық салалық компанияларды бірлескен жобаларға қатысуға және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға шақырды.

Өз кезегінде қазақ дипломаты Чонбури провинциясы мен Паттайя қаласының басшылығын бизнес-делегациямен Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Сондай-ақ Қазақстандағы цифрландыру деңгейінің жоғары екенін атап өтіп, жасанды интеллект және цифрлық даму салаларында бірлескен жобаларды дамытуға ұсыныс білдірді. Бұл ретте Қазақстан Республикасы мен Таиланд Корольдігі арасында цифрландыру саласындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға негізделген қажетті құқықтық база бар екені айтылды.

Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар нақты екіжақты жобаларды өзара тиімді негізде ілгерілету мақсатында Қазақстан Елшілігі мен Таиланд өңірлері арасында тікелей байланыстарды қолдауға уағдаласты.

Чонбури провинциясы - Таиландтың шығыс жағалауында орналасқан, елдегі экономикалық тұрғыдан ең дамыған өңірлердің бірі. Провинция Шығыс экономикалық дәліздің (EEC) негізгі құрамдас бөлігі болып табылады және өнеркәсіптік өндіріс, автомобиль жасау және автокомпоненттер шығару, агроөнеркәсіп, мұнай-химия, логистика және экспортқа бағдарланған салаларға маманданған. Мұнда Таиландтағы ең ірі Лаем Чабанг порты және өңірдің мультимодальды көлік байланысын қамтамасыз ететін "Утапао" халықаралық әуежайы орналасқан.

Паттайя қаласы ­ ерекше әкімшілік мәртебеге ие Таиландтың жетекші қалаларының бірі. Халықаралық туризмнен бөлек, қала MICE-индустриясын (іскерлік туризм, халықаралық көрмелер мен конференциялар), теңіз логистикасын, спорттық инфрақұрылымды, цифрлық және "ақылды қала" шешімдерін белсенді дамытып келеді. Паттайя Таиландтың шығыс жағалауын орнықты дамыту стратегиясының маңызды бөлігі болып табылады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны