25.11.2022, 11:51 22416

Қазақстан түсті және қара металл сынықтарын қайта өңдейтін зауыттарды ашуды жоспарлап отыр

Бұл туралы Маңғыстау облысының тұрғындарымен кездесуінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.
Қазақстан түсті және қара металл сынықтарын қайта өңдейтін зауыттарды ашуды жоспарлап отыр
Сурет: Depositphotos
Астана. 25 қараша. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан түсті және қара металл сынықтарын қайта өңдейтін зауыттарды ашуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Маңғыстау облысының тұрғындарымен кездесуінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.
 
Кездесу барысында "Ақтау теңіз солтүстік терминалы" ЖШС бас директоры Д.Қалиасқаров металл сынықтарын экспорттауға тыйым салуды алып тастау мүмкіндігі туралы сауал жолдады. Оның пікірінше, бұл қадам порт пен теңіз тасымалын қосымша жүктеуге мүмкіндік береді.
 
ИИДМ басшысы аталған мәселеге түсіністікпен қарайтынын айтып, алайда тыйым салу тек мәжбүрлі шара ғана емес, сонымен бірге стратегиялық қадам екенін ерекше атап өтті.
 

Біз түрлі-түсті және қара металл сынықтарын қайта өңдейтін бірнеше зауыт ашуды жоспарлап отырмыз. Сондықтан отандық металдарды елден шикізат түрінде шығаруға шектеу қою керек. Халқымыз жер қойнауы байлығының қызығын өзі көруі керек", - деді Қ.Өскенбаев.

 
Қайырбек Өскенбаев Қазақстанның көлік саясатын жүзеге асыру барысындағы өңірдің рөлі ерекше екенін атап өтті. Ол Мемлекет басшысы еліміздің транзиттік-логистикалық әлеуетін дамытуға және отандық өнімнің қауіпсіз әрі үздіксіз экспортын қамтамасыз етуге көп көңіл бөлетінін атап өтті. Бұл бағытта Транскаспий көлік бағытына басымдық беріледі, сондықтан Үкіметке теңіз флотын нығайту және Ақтау портында контейнерлік хаб құру тапсырылды.
 

Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында өңірдің әлеуеті зор екенін атап өтті. Біз өзіміздің мықты тұстарымызды ұтымды пайдаланып, Маңғыстау облысын әлемдік маңызы бар көлік-транзиттік торапқа айналдыруымыз керек", - деді Қайырбек Өскенбаев.

 
Аталған тақырып аясында Президент тарапынан жүктелген міндеттердің орындалуы туралы Ақтау теңіз сауда портының, Ақтау теңіз солтүстік терминалының, "Құрық порты" ЖШС және "Қазақтеңізкөлікфлоты" ҰТКҚК басшылары баяндама жасады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны