09.05.2026, 10:20 1481
Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен кездесу өткізді
Сурет: Akorda
Достарға айту
Мемлекеттер басшылары екіжақты күн тәртібінің кең көлемді мәселелерін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентінің Қазақстанға жасайтын сапарының мазмұнына айрықша мән берді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Қазақстан Президенті дәстүрлі қонақжайлық танытқан Владимир Путинге алғыс айтып, Ресей халқын Ұлы Жеңістің 81 жылдығымен құттықтады.
- Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Сізбен Мәскеуде жүздескеніме қуаныштымын. Бұл "көзіміз жасқа толып" қарсы алатын мереке. Өйткені адамзат тарихындағы ең қанқұйлы соғыста опат болған батырларымыздың рухына тағзым етеміз. Кеңес өкіметі Ұлы Отан соғысында фашизмді жеңіп, Екінші дүниежүзілік соғыстан алпауыт ел болып шықты. Біріккен Ұлттар ұйымын құрушылардың біріне айналды. Біз мұны ешқашан ұмытпаймыз. Ардагерлерімізді ардақ тұтамыз. Қазақстанда соғысқа қатысқан көзі тірі 57 майдангер қалды, - деді Мемлекет басшысы.
Президент екі елдің сан қырлы ықпалдастығы жыл өткен сайын артып, барлық бағыт бойынша қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
- Елдеріміз арасындағы ынтымақтастыққа келер болсақ, Сіздің мамыр айының соңына жоспарланған мемлекеттік сапарыңызға қызу дайындалып жатырмыз. Соңғы бес жылдың қорытындысы бойынша, Ресей - қазақ экономикасының ең басты инвесторларының бірі. Сауда-саттық та табысты дамып келеді. Алдын ала болжамға сәйкес, биыл тауар айналымы 30 миллиард доллар межесінен асып түседі. Бұл - өте жақсы көрсеткіш. Екі елдің білім беру саласындағы гуманитарлық байланыстарына айрықша тоқталсақ, "Сириус" мектептері Астана, Алматы және басқа да қалаларда ашылып, жұмыс істей бастады. Туризм де өте маңызды бағыт. Былтыр Қазақстанға саяхаттап келген туристердің саны жағынан Ресей бірінші орынға шықты, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы алдағы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті саммиті табысты өтетініне сенім білдірді. Сондай-ақ Ресей Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары саяси және тарихи тұрғыдан маңызды уақиға болатынына назар аударды.
Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі мемлекет арасындағы қарым-қатынасты дамытуға елеулі үлес қосып отырғанын жеткізді.
- Шын мәнінде, бұл қос халық пен біз үшін ең басты мереке деуге болады. Сіздің Мәскеуге келуге уақыт тауып, осы күндері бізбен бірге болғаныңыз Ресей Федерациясы мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың қандай деңгейде екенін нақты көрсетеді. Мұның барлығы, көп жағдайда Сіздің мемлекетаралық байланыстардың дамуына қосқан үлесіңіздің арқасында жүзеге асып жатыр, - деді Ресей Президенті.
Кездесу барысында мемлекеттер басшылары өңірлік және халықаралық мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
02.05.2026, 18:55 40186
Қазақстан мен Черногория цифрландыру және мемлекеттік басқару саласындағы ынтымақтастықты талқылады
Достарға айту
Қазақстанның Черногориядағы Бас консулы Ғабиден Темірбек Черногорияның Мемлекеттік басқару министрі Мараш Дукаймен кездесу өткізді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Кездесу барысында тараптар цифрлық трансформация саласындағы қазақстандық-черногориялық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, оның ішінде мемлекеттік басқару, GovTech, мемлекеттік қызметті жаңғырту және жасанды интеллектіні қолдану мәселелерін талқылады.
Черногория тарапына Қазақстанның цифрлық шешімдерді енгізу тәжірибесі, оның ішінде E-Qyzmet жүйесі, сондай-ақ мемлекеттік секторды цифрлық трансформациялау жөніндегі тәсілдері таныстырылды.
Тараптар аталған бағыттар бойынша тәжірибе алмасу, сарапшылық байланыстарды дамыту және шарттық-құқықтық базаны нығайту арқылы өзара іс-қимылды кеңейтудің елеулі әлеуетін атап өтті.
Министр Мараш Дукай Қазақстанмен цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтіп, қазақстандық тәжірибені зерделеуге қызығушылық білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және белгіленген бағыттар бойынша диалогты жалғастыруға өзара мүдделілігін растады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
02.05.2026, 17:53 40616
Қазақстан мен Таиландтың солтүстік-шығыс өңірлері өнеркәсіп және логистика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуде
Достарға айту
Таиланд Корольдігінің көлік дәліздерін зерделеу мақсатында солтүстік-шығыс өңірлерге жұмыс сапары аясында Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Удон Тани провинциясы және Нонгкхай провинциясы аймақтарында бірқатар кездесулер мен танысу сапарларын өткізді. Бұл іс-шаралар сауда, өнеркәсіп және логистика салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Удон Тани провинциясы сапары барысында қазақстандық дипломат өңір Губернаторы Рачан Сунхуамен кездесті. Кездесу барысында сауда, инвестициялар және гуманитарлық байланыстарды қамтитын өңіраралық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды. Удон Тани Таиландтың солтүстік-шығысындағы өнеркәсіптік және логистикалық инфрақұрылымы дамыған экономикалық орталықтардың бірі екені атап өтілді.
Сапар бағдарламасы аясында Удон Тани провинциясының Өнеркәсіп федерациясы өкілдерімен кездесу өтіп, Қазақстан мен Таиландтың іскер топтары арасында тікелей байланыстар орнату мүмкіндіктері қарастырылды.
М.Баймұхан Қазақстанның инвестициялық және экономикалық мүмкіндіктері, соның ішінде агроөнеркәсіп кешені, өңдеуші өнеркәсіп, логистика және энергетика салаларындағы жобалар туралы таныстырылым жасады.
Қазақстан тарапы тай компанияларын бірлескен жобаларды іске асыруға тартуға, сондай-ақ индустриялық өндіріс пен технология трансфері салаларындағы кооперацияны дамытуға мүдделі екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Удон Тани провинциясының индустриялық аймағы мен өңірлік логистикалық орталығы таныстырылып, өндірістерді орналастыру және қойма инфрақұрылымын ұйымдастыру мүмкіндіктері көрсетілді. Тараптар қазақстандық компаниялардың өңірлік жеткізу тізбектеріне қатысуы және Таиландтың логистикалық әлеуетін Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарына шығу үшін пайдалану перспективаларын талқылады.
Нонгкхай провинциясы аясындағы сапар барысында Кеден басқармасында кездесу өтіп, онда қолданыстағы кедендік рәсімдер, трансшекаралық сауданы реттеу және Таиланд-Лаос шекарасындағы маңызды өткізу бекеттерінің бірінің қызметі таныстырылды. Тараптар логистика саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту, сауда рәсімдерін жеңілдету және Оңтүстік-Шығыс Азияны Орталық Азиямен байланыстыратын халықаралық көлік дәліздерін дамыту перспективаларын талқылады.
Аймақтың Үлкен Меконг субөңіріндегі маңызды транзиттік хаб ретіндегі әлеуетіне, сондай-ақ мультимодальды тасымалдарды дамыту және Қазақстан мен АСЕАН елдері арасындағы байланыстарды нығайту үшін инфрақұрылымды пайдалану мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Кездесулердің қорытындысы бойынша ағымдағы жылдың мамыр айының соңына жоспарланған Қазақстан-Таиланд бизнес-форумына
Удон Тани провинциясының бизнес-делегациясының қатысуы туралы келісімге қол жеткізілді.
Удон Тани провинциясы мен Нонгкхай провинциясы Таиландтың солтүстік-шығысындағы (Исан өңірі) негізгі экономикалық орталықтардың бірі болып табылады. Экономикасы ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және логистикаға бағытталған.
Удон Тани провинциясының жалпы өңірлік өнімі шамамен 110-115 млрд батты (шамамен 3 млрд АҚШ доллары), халқы шамамен 1,5 млн адамды құрайды. Өңірде халықаралық әуежай, индустриялық аймақтар мен логистикалық орталықтарды қамтитын дамыған көлік инфрақұрылымы бар және өңірлік жеткізу тізбектерінде маңызды рөл атқарады.
Нонгкхай провинциясының халқы шамамен 500 мың адамды құрайды, жалпы өңірлік өнімі 40-45 млрд бат (шамамен 1-1,2 млрд АҚШ доллары) деңгейінде. Өңір Лаоспен шекарада стратегиялық орналасқан және Үлкен Меконг субөңіріндегі трансшекаралық сауданың маңызды тораптарының бірі болып табылады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
02.05.2026, 16:43 40946
Қазақстан Мекке мен Мәдинадағы қажылар үшін мәдени мүмкіндіктерді кеңейтуде
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстан Республикасының Жидда қаласындағы Бас консулы Руслан Қоспанов Меккедегі Абрадж әл-Бейт кешенінде (Сағат мұнарасы) орналасқан Пайғамбардың өмірбаяны және ислам өркениеті халықаралық мұражайына зиярат етті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Мұражайдың эксклюзивті оператор болып табылатын Al-Salam Company (ASC) компаниясының Бас менеджері Файез Кансардың қатысуымен өткен кездесу барысында мәдениет, ағарту және туризм салаларындағы ықтимал ынтымақтастық бағыттары талқыланды. Бұл бағыттар қасиетті Мекке мен Мәдина қалаларына баратын Қазақстан азаматтары үшін мүмкіндіктерді кеңейтуді көздейді.
Бас консул бұған дейін Дүниежүзілік мұсылман лигасының басшылығымен қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қатысуымен, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының елордасы Астана қаласында Орталық Азиядағы алғашқы Пайғамбар мұражайын ашу жөніндегі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Өз кезегінде, Файез Кансара аталған бастаманы жоғары бағалап, өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі жолға қою және нығайтуға дайындығын білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша Мұражайдың эксклюзивті операторы болып табылатын Al-Salam Company (ASC) компаниясы мен Қазақстан Республикасының Бас консулдығы арасында Өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюдың салтанатты рәсімі өтті. Рәсім барысында Файез Кансара Қазақстан Республикасының мұражайдың осындай келісімге қол қойған алғашқы шет мемлекет болғанын ерекше атап өтті.
Қол қойылған құжатқа сәйкес, Қазақстан Республикасы азаматтары үшін арнайы жеңілдік бағдарламасын енгізу жөнінде келісімге қол жеткізілді. Бұл бағдарлама Пайғамбардың өмірбаяны және ислам өркениеті халықаралық мұражайына кіру билеттеріне жеңілдік беруді көздейді. Аталған бастама Мекке мен Мәдина қалаларындағы мұражайдың филиалдарына да қолданылады және шектеулі мерзім ішінде жүзеге асырылады, одан кейін тараптардың қалауы бойынша ұзартылуы мүмкін.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар серіктестікті одан әрі нығайтуға, бірлескен мәдени-ағартушылық бастамаларды дамытуға, сондай-ақ Қазақстан азаматтарының Корольдікке сапары барысында қызмет көрсету сапасын арттыру және мүмкіндіктерді кеңейту мақсатында жұмыс тәртібіндегі үйлестіруді жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
02.05.2026, 15:52 50081
Қазақстан мен Молдова сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуде
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстан Республикасының Молдова Республикасындағы Елшісі Алмат Айдарбеков Молдова Республикасы Премьер-министрінің орынбасары - Экономикалық даму және цифрландыру министрі Евгений Осмокескумен кездесу өткізді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Кездесу барысында Елші Қазақстан басшылығы жүзеге асырып жатқан елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуын одан әрі ілгерілетуге бағытталған шаралар туралы ақпарат берді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елде жүргізіліп жатқан экономикалық және саяси реформалар бағытын түсіндіруге, сондай-ақ шетелдік инвестицияларды тарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Өз кезегінде, Молдова тарапы екі мемлекет арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін білдірді. Осы тұрғыда тараптар екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту перспективаларын талқылады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
02.05.2026, 14:50 50216
Қазақстан мен Сауд Арабиясы энергетика саласындағы ынтымақтастықты дамытуға өзара мүдделілігін растады
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков Корольдіктің Энергетика министрінің халықаралық байланыстар және ынтымақтастық жөніндегі орынбасары Нассер Әл-Доссаримен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Сұхбат барысында тараптар Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың даму перспективаларын талқылап, көпжақты алаңдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Инвестициялық әріптестікті кеңейту, сондай-ақ тұрақты даму мен энергетикалық ресурстарды әртараптандыруға бағытталған бірлескен жобаларды ілгерілету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тараптар қазақ-сауд байланыстарын одан әрі нығайтуға өзара мүдделілігін растады және ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша үйлестіру жұмыстарын жалғастыруға уағдаласты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
02.05.2026, 13:48 50356
Бейжіңде Қазақстандағы конституциялық реформалар талқыланды
Достарға айту
Қазақстанның Бейжіңдегі мәдени орталығында "Қазақстан Республикасындағы конституциялық реформалар" тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Іс-шара Қытайдағы қазақстандық студенттер қауымдастығының (KSAC) ұйымдастыруымен және ҚР-дың ҚХР-дағы Елшілігі мен Қазақстанның Бейжіңдегі мәдени орталығының қолдауымен өтті.
Кездесу Қытайдың жетекші университеттерінің магистранттарын, докторанттарын, жас зерттеушілері мен студенттік орта өкілдерін біріктірді. Іс-шара барысында жастарды мемлекеттік өзгерістерді талқылауға тартудың, белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастырудың және отанындағы қоғамдық-саяси үдерістерге қызығушылықты арттырудың маңыздылығы аталып өтті.
Дөңгелек үстел аясында қатысушылар парламенттік жүйені дамыту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін нығайту және мемлекеттік басқару тетіктерін жетілдіруді қамтитын конституциялық реформалардың негізгі бағыттарына арналған мазмұнды баяндамалар ұсынды.
Сонымен қатар, жастар алмасу, білім беру, ғылым және гуманитарлық өзара іс-қимыл саласындағы қазақ-қытай ынтымақтастығының өзекті мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Пікірталас барысында іс-шараға қатысушылар Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың әділетті, теңгерімді және адам құндылығына бағытталған мемлекет құрудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, жастар елдің қоғамдық және сараптамалық өміріне белсенді қатысуға қызығушылық білдірді.
KSAC - ҚР-дың ҚХР-дағы Елшілігінің қолдауымен 2012 ж. құрылған Қытайдағы қазақстандық студенттер қауымдастығы. Қауымдастық Қытайдың көптеген ірі қалаларында, оның ішінде Бейжің, Шанхай, Сиань, Гуанчжоу және т.б. қалаларда өз өкілдіктеріне ие.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
30.04.2026, 23:40 50516
Махараштра штатындағы үндістандық бизнес Қазақстан нарығына қызығушылығын растады
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Елшісі А.Есқараев Мумбайға сапары барысында үнді және қазақстандық компаниялар басшылығымен, Махараштра штатының саяси топтарының өкілдерімен, сондай-ақ дін қайраткерлерімен бірқатар кездесулер өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Сапардың басты мақсаты - сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын бірлескен жобаларды ілгерілету.
"Өскемен титан-магний комбинаты" АҚ басшылығымен кездесу барысында титан шлагын өндіруге бағытталған "IREUK Titanium Limited" Қазақстан-Үндістан жобасын іске асыру мәселелері қаралды. Титан өнімдеріне деген тұрақты сұраныс пен Қазақстан мен Үндістан арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға қосқан үлесін ескере отырып, оның стратегиялық маңыздылығы аталып өтті. Елші жобаны қолдайтынын және Елшіліктің оны іске асырудың барлық кезеңдерінде, соның ішінде Үндістанның мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимыл құруға дайын екенін растады.
Сонымен қатар "Tata Sons Private Limited" компаниясының Президенті С.Чоударимен кездесуде инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалары мен өзара іс-қимылдың басым бағыттары талқыланды. Үндістан тарапы елімізді Орталық Азиядағы негізгі серіктес ретінде қарастыра отырып, Қазақстанда жобаларды іске асыруға мүдделілілік расталды. Қазақстанның ұзақ мерзімді өнеркәсіптік бастамаларды іске асыруға жағдай жасайтын жоғары әлеуеті аталып өтті.
Энергетика, тау-кен металлургия кешені және ауыр өнеркәсіп салаларындағы жобаларға, соның ішінде шикізатты өндіру мен өңдеуге, өндірістік қуаттарды жаңғыртуға және заманауи технологияларды енгізуге ерекше қызығушылық білдірілді. Сонымен қатар, цифрлық технологиялар саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, оның ішінде Екібастұз қаласында жасанды интеллект саласында озық шешімдерді қолдана отырып, дата-орталық салу мүмкіндігі талқыланды. Үнді бизнесі әуежайлар құрылысына қатысуға, сондай-ақ көлік-логистика және индустриялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты.
Рухани-гуманитарлық саладағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Діни қайраткер, "Somaiya Vidyavihar" индология орталығының президенті С. Сомайямен кездесу барысында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінің конфессияаралық диалогтың тиімді алаңы ретіндегі маңыздылығы аталды. С.Сомайя Қазақстанның конфессияаралық келісімді қамтамасыз етудегі тәжірибесін оң бағалап, өзара іс-қимылды жалғастыруға мүдделі екенін растады.
Сапар Қазақстан мен Үндістан арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етіп, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ іскерлік және гуманитарлық салалардағы байланыстарды кеңейтуге қосымша серпін берді. Қол жеткізілген келісімдер мен орнатылған байланыстар бірлескен жобаларды іс жүзінде жүзеге асыруға және екіжақты серіктестікті одан әрі тереңдетуге негіз болады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
30.04.2026, 22:39 49211
Астанада дипломатиялық корпус өкілдерінің қатысуымен дәстүрлі "Достық таңғы асы" өтті
Достарға айту
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев елімізде аккредиттелген дипломатиялық миссиялар басшылары мен халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткен жыл сайынғы "Достық таңғы асы" кездесуіне қатысты, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Өз сөзінде ол Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі басымдықтары мен елдегі соңғы ішкі саяси реформалар туралы айтып өтті. Қазақстан барлық серіктестерімен ынтымақтастықты одан әрі дамытуын жалғастырып, қақтығыстарды тек бейбіт жолмен - диалог арқылы және халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысы негізінде шешуді қолдайтыны атап өтілді. Сондай-ақ Қазақстанның Түркістан қаласында бейбіт келіссөздер өткізу үшін алаң ұсынуға дайын екені расталды.
Дипломатиялық корпус дуайені, Палестина Елшісі Монтасер Абу Зейд мұндай кездесулердің өзекті халықаралық мәселелер бойынша ашық пікір алмасу және бейресми диалог жүргізу үшін маңызды екенін атап өтті.
Іс-шараға дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың, соның ішінде БҰҰ, АӨСШК және Дүниежүзілік банк өкілдерін қоса алғанда, 60-тан астам өкілі қатысты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
09.05.2026, 10:20Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен кездесу өткізді 09.05.2026, 10:26 471Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңіс күнімен құттықтады09.05.2026, 10:36 221Олжас Бектенов, Мәулен Әшімбаев және Ерлан Қошанов соғыс жылдарында құрбан болғандарды еске алды
02.05.2026, 13:48 49571Бейжіңде Қазақстандағы конституциялық реформалар талқыланды02.05.2026, 14:50 49431Қазақстан мен Сауд Арабиясы энергетика саласындағы ынтымақтастықты дамытуға өзара мүдделілігін растады02.05.2026, 15:52 49296Қазақстан мен Молдова сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуде02.05.2026, 16:43 40161Қазақстан Мекке мен Мәдинадағы қажылар үшін мәдени мүмкіндіктерді кеңейтуде02.05.2026, 17:53 39831Қазақстан мен Таиландтың солтүстік-шығыс өңірлері өнеркәсіп және логистика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуде
10.04.2026, 23:02 727606Қазақстан-Польша Үкіметаралық комиссиясы аясында ынтымақтастық перспективалары қарастырылды13.04.2026, 21:35 474466Қазақстан СІМ-де Франция Сенаты делегациясымен кездесу өтті14.04.2026, 09:37 474376Латвия мен Қазақстан көлік және логистика салаларындағы екіжақты байланыстарды нығайтуды жалғастыруда13.04.2026, 19:54 Қазақстан CІМ басшысы мен ҰҚШҰ Бас хатшысы бұдан әрі болатын өзара іс-қимылдың мәселелерін талқылады474331Қазақстан CІМ басшысы мен ҰҚШҰ Бас хатшысы бұдан әрі болатын өзара іс-қимылдың мәселелерін талқылады10.04.2026, 22:00 462971Сеулде "Орталық Азия - Корея Республикасы" алғашқы саммитіне дайындық мәселелері талқыланды

