10.10.2022, 14:24 5406

Қазақстанда қант саласын дамытудың кешенді жоспары бекітілді

Қазақстанда қант саласын дамытудың кешенді жоспары бекітілді
Сурет: Pixabay.com
Астана. 10 қазан. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов "Қазақстан Республикасында қант саласын дамыту жөніндегі 2022 – 2026 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекіту туралы" Қаулыға қол қойды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесіне сілтеме жасап.
 

Қазақстан Республикасында қантты ішкі тұтыну 2022 жылы 550 мың тонна деңгейінде болады деп бағалануда. Қазіргі уақытта республикада қант қызылшасын өңдеу бойынша жалпы тәуліктік қуаты 8,7 мың тонна және құрақ қанты шикізатын өңдеу бойынша 2,4 мың тонна болатын 4 қант зауыты жұмыс істейді. 2021 жылы ішкі нарықты отандық шикізатты өңдеу есебінен қантпен қамтамасыз ету 7 %-ды (35,7 мың тонна), құрақ қанты шикізаты мен дайын қанттың импорты есебінен – 93 %-ды құрады (497 мың тонна)", - делінген құжатта қант нарығындағы қазіргі жағдай туралы.

 
Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасы Қазақстанның ішкі нарығына дәстүрлі қант жеткізушілер болып табылады. Импорттың жалпы көлемінде Ресей Федерациясының үлесі 88,3 %-ды, Беларусь Республикасының үлесі 11,5 %-ды, басқа елдердің үлесі 0,15 %-ды құрайды.
 
Ішкі нарықтың отандық өндіріспен қамтамасыз етілуінің төмендігі осы дақылдың басқалармен салыстырғанда көп шығынды әрі рентабельділігінің төмен болуы салдарынан қант қызылшасының егіс алаңдарының қысқаруына, қызылша өсіретін шаруашылықтардың ұсақ тауарлы болуына, су ресурстарының тапшылығына, суару желілерінің тозуына, қант қызылшасының импорттық тұқымдары құнының жоғары болуына және басқа да факторларға байланысты болды.
 

Өткен ғасырдың ортасында салынған қант зауыттарына ішінара жаңғырту жүргізілгеніне қарамастан, технологиялық желілер мен жабдықтардың жоғары дәрежеде тозуы өндірілетін өнім көлемін ұлғайтуды және бағаның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді. Бұдан басқа, әлемдік нарықтағы қант бағасының құбылмалылығы, сондай-ақ ішкі нарықта анағұрлым арзан бағадағы ресейлік қанттың үстемдік етуі бірнеше жылдар бойы отандық қант саласына кері әсерін тигізіп келеді. Көрсетілген факторлар ішкі қант нарығының импортқа жоғары дәрежеде тәуелді болуына алып келді", - делінген тұжырымдамада.

 
Елімізде саланың табысты дамуы үшін түйінді факторлар бар: суармалы жерлердің болуы, халық санының өсуі және қантты өнеркәсіптік тұтынушылар қуаттарының кеңеюі есебінен 2026 жылы ішкі нарық сыйымдылығының 590 мың тоннаға дейін ұлғаюы, жұмыс істеп тұрған 4 қант зауытының жүктелмеген қуаттары, жұмыс күші.
 
Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында импортқа тәуелділікті едәуір қысқартуға және біртіндеп өзін-өзі қамтамасыз етуге көшуге бағытталған қант саласын дамыту жөніндегі кешенді тәсіл талап етіледі.
 
Кешенді жоспар мыналарды:
 
  • қант қызылшасының егіс алаңдарын жыл сайын орта есеппен 6,5 мың гектарға ұлғайтып, 38 мың гектарға дейін жеткізу арқылы зауыттарды шикізатпен қамтамасыз етуді;

  • суару желілерін салу және реконструкциялау, ылғал үнемдеу технологияларын қолдану, 10 мың гектардан астам жаңа суармалы жерлерді айналымға енгізу, қант қызылшасын өсіру, жинау және тасымалдау бойынша агротехникалық қызметтерді дамыту жолымен инфрақұрылымдық қамтамасыз етуді;

  • технологиялық жабдықтарды жаңарту, шикізат бойынша өндірістік қуатты тәулігіне 8,7 мың тоннадан 17,7 мың тоннаға дейін кеңейту жолымен жұмыс істеп тұрған қант зауыттарын жаңғыртуды және жаңа инновациялық қант зауытын салуды;

  • отандық зауыттардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету және қант импорттаушы елдер тарапынан демпингті болғызбау үшін бақылау бағаларының ең төмен деңгейін және қанттың бөлшек сауда/шекті бағаларының ең төмен деңгейін белгілеу арқылы ішкі нарықты қорғау жөніндегі шараларды көздейді.
 
Саланы мемлекеттік қолдау шаралары
 
Қазақстан Республикасында қант саласын дамыту жөніндегі 2022 – 2026 жылдарға арналған кешенді жоспардың (бұдан – Кешенді жоспар) іс-шараларын іске асыруға шикізат базасын (тұқым, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғау құралдарын, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу) дамытуға жеке инвестицияларды тартуға қажеттілік 2026 жылға дейін шамамен 297 млрд теңгені, бюджеттік субсидиялар көлемі 129 млрд теңгені құрайды.
 
Жұмыс істеп тұрған зауыттарды жаңғыртуды және жаңа зауыт салуды ескере отырып, негізгі және айналым қаражатына арналған инвестицияларға қажеттілік шамамен 200 млрд теңгені, бюджеттік субсидиялар көлемі 40 млрд теңгені құрайды.
 
Мемлекеттік қолдау шаралары қаржы институттарының ("Бәйтерек" ҰБХ" АҚ, "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамы қаражатын тарта отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы № 732 қаулысымен бекітілген Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2021 – 2025 жылдарға арналған ұлттық жобада көзделген қаражат шеңберінде су ресурстарын ұтымды пайдалану, суару желілерін дамыту жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы № 731 қаулысымен бекітілген "Жасыл Қазақстан" ұлттық жобасы шеңберінде көрсетілетін болады.
 
Салықтық преференциялар беру үшін Қазақстан Республикасының Салық кодексіне тиісті өзгерістер енгізіледі, субсидиялау нормативтерін ұлғайту есебінен шикізат өндірушілерге тұқым сатып алуға және қант қызылшасын өсіруге жұмсалатын шығындардың бір бөлігін өтеу жөніндегі іс-шараларды нормативтік қамтамасыз ету жүзеге асырылады.
 
Күтілетін нәтижелер
 
Кешенді жоспарды іске асыру алдағы 5 жылда отандық шикізаттан қант өндіру көлемін 250 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте 2026 жылға қарай 2021 жылмен салыстырғанда импорт үлесі 58 %-дан 17 %-ға дейін төмендейді, отандық шикізатты өңдеу есебінен қамтамасыз етілу 7 %-дан 43 %-ға дейін артады.
 
Құжаттың толық мәтінімен мына жерден танысуға болады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны