23.11.2021, 19:27 36152

Қазақстанда зейнетақы, жалақы және жәрдемақы өседі

Нәтижесінде ең төменгі күнкөріс (ЕТК) мөлшері 36 018 теңгені, ал айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 063 теңгені құрайды.
Қазақстанда зейнетақы, жалақы және жәрдемақы өседі
НҰР-СҰЛТАН. 23 ҚАРАША - 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасын және айлық есептік көрсеткішті 5%-ға индексациялау жоспарлануда, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Нәтижесінде ең төменгі күнкөріс (ЕТК) мөлшері 36 018 теңгені, ал айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 063 теңгені құрайды.
 
2022 жылға арналған республикалық бюджетте мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға 4 трлн теңге, оның ішінде зейнетақы мен барлық әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшерін индексациялауға 190,4 млрд теңге көзделуде. Бұл 4,2 млн адамның табысын арттырады, оның ішінде:
 
- 2,3 млн-ға жуық зейнеткерге ынтымақты зейнетақы мөлшерін 7%-ға (инфляция деңгейінен 2%-ға оза отырып) және базалық зейнетақы төлемін 5%-ға, жалпы сомасы 138,3 млрд теңгеге арттыру жүргізілетін болады;
 
- 1,9 млн алушыға әлеуметтік жәрдемақы жалпы сомасы 52,1 млрд теңгеге, 5%-ға арттырылады.
 

Бұдан тыс ЕТК деңгейінің өсуі атаулы әлеуметтік көмек алатын 900 мыңнан астам адамның кіріс деңгейіне де оң әсер етеді", - деп атап өтті Еңбек министрлігі.

 
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕТЖ мөлшері ағымдағы 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін ұлғайтылатын болады. Осылайша ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуі 41%-ды құрайды.
 
Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс берушілер жұмыскерлерге еңбекақыны ЕТЖ төмен емес деңгейде қамтамасыз етуге міндетті болады. Бұл шара барлық саладағы әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,6 млн адамның ақшалай табысының өсуіне алып келеді.
 

Бірінші кезекте ЕТЖ көтерілуі "жалақысы төмен" қызметкерлерге қатысты болады. Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ЕТЖ көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер, қызметкерлердің басқа даа санаттарының жалақысын қайта қарайтын болады", - деді министрлікте.

 
Бұдан басқа, Үкімет бюджет саласы қызметкерлерінің жалақы деңгейін арттыру жөнінде дәйекті шаралар қабылдауда. 
 

Мәселен, 2020 жылдан бастап педагогтардың жалақысы кезең-кезеңімен артып, 2023 жылға қарай ол 2 есеге артады. 2021 жылы медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру басталды, нәтижесінде 4 жыл ішінде олардың жалақысы 2 есеге артады", - деп хабарлады ЕХӘҚМ.

 
2022 жылдан бастап мұндай жоғарылау әсер етпеген санаттардың жалақысы ұлғаяды. Олар – мұрағатшылар, кітапханашылар, мұражайтанушылар, орманшылар, техникалық қызметкерлер және т.б., шамамен 588 мың адам. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
 
Жалпы 1,2 миллионға жуық азаматтық қызметшінің жалақысы жоғарылайды.
 

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың үшінші тоқсанының қорытындысында халықтың атаулы табысы өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 15,4%-ға, инфляцияны ескергенде – 6%-ға өсті. 2021 жылдың үшінші тоқсанында орташа жалақы 243,7 теңгеге жетіп, өткен жылдың үшінші тоқсанынан 19% артық деңгейді көрсетті. Бұл ретте инфляцияны ескере отырып, нақты мәнде жалақының өсуі 9,8%-ды құрады", - деп толықтырды баспасөз қызметі.

 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны