07.06.2006, 12:00 2788

Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырымен орташа мұнай айдау тарифтері әрбір баррельге 3-4 доллар болмақ

БАКУ. 7-маусым. Kazakhstan Today. Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырымен орташа мұнай айдау тарифтері жоба акционерлері үшін әрбір баррельге 3-4 доллар болмақ. Бұл туралы жоба бойынша Изербайжанның мүддесін қорғаушы
«AZBTC Co» компаниясының атқарушы директоры Ильхам Насыров құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

“Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырымен мұнай айдаудың орташа тарифтері жоба акционерлері үшін тасымалданатын мұнай көлеміне байланысты белгіленеді, бірақ, ол орта есеппен әрбір баррельге 3-4 доллар болмақ. Ал өнімді жіберуші үшінші жақ үшін ол жеке келіссөздердің барысында анықталады және ол тасымалданатын мұнайдың сапасына байланысты болады”,- деді И.Насыров.

Ал Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры жобасының операторы «BP-Azerbaijan» компаниясының президенті мұнай айдау тарифтері бір баррельге 3 доллардан кем болмайды деп мәлімдеді. “Мұнай құбырының қожайындары үшін баға бір бөлек, ал жүк жіберушілер үшін мүлдем басқаша баға белгіленеді”,- деді Д.Вудворд.

Жоба жүзеге асырыла бастаған алғашқы тұста Изербайжан мемлекеттік мұнай компаниясы Баку-Тбилиси-Жейхан құбырымен мұнай айдау тарифтерін бір баррельге 2,58 долларға бағалаған болатын.

Ал мұнай құбырын тартуға арналған жалпы шығын көлемі 4 млрд. долларды құрамақ. “Мұнай құбырын 10 млн. баррель мұнаймен толтыруға кеткен шығын мен несиелерді қайтару шығындарын есептемегенде, Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырын салуға 3,9 млрд. доллар жұмсалды. Оның 25 проценті Изербайжанның үлесінде”,- деді «AZBTC Co» компаниясының атқарушы директоры.




МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны