07.06.2006, 15:36 11092

Дүниежүзінде табылған уран қорының жалпы көлемі шамамен 4,7 млн. тоннаны құрайды – Халықаралық атом энергиясы жөніндегі ұйым

АЛМАТЫ. 7-маусым. Kazakhstan Today. Дүниежүзінде табылған уран қорының жалпы көлемі шамамен 4,7 млн. тоннаны құрайды. Оның 1 килограмын өндіруге кететін шығын көлемі 130 доллардан аспайды. Бұл туралы Халықаралық атом энергиясы жөніндегі ұйым мен экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы дайындаған “Уран-2005: ресурстар, өндіру және сұраныс” атты баяндамада айтылған, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Бұл қор дүниежүзіндегі атом электр станцияларының 85 жыл жұмыс істеуіне жетеді. (Алдын-ала болжамға сәйкес, дүниежүзіндегі жалпы уран қоры шамамен 35 млн. тоннаға жетеді). Егер электр қуатын өндіруде өнімділігі жоғары жедел реакторлар пайдаланылған жағдайда қазіргі бар уран қоры 2,5 мың жылға жетеді. Баяндамада атап көрсетілгеніндей, 2025-жылға дейін Атом электр станцияларында электр қуатын өндіру мөлшері 22-44 процентке артып, уранға деген сұранысты өсіреді. 2001-жылдан бері дүниежүзінде уран өндіруге жұмсалатын шығын көлемі өсіп келеді: мәселен, 2004-жылы бұл шығындар 130 млрд. доллар болды. Бұл 2002-жылғыдан 40 процент артық.

Халықаралық атом энергиясы жөніндегі ұйымның мәліметіне сәйкес, 2004-жылы дүниежүзінің 30 елінде 442 атом электр станциясы жұмыс істеді. Өндірілген барлық қуаттың 16 проценті осы станциялардың үлесіне тиесілі. Ядролық энергетика ең дамыған елдерге АҚШ (104 АЭС), Франция (59), Жапония (54), Ресей (30) мен Ұлыбритания (27) жатады. Электр қуатына деген сұраныстың басым бөлігін Атом электр станцияларының есебінен қанағаттандыратын елдердің алғашқы бестігіне Литва (80%), Франция (76%), Словакия (57%), Бельгия (55%) мен Швеция (50%) енеді. Қазір 27 атом электр станциясы салынуда. Олардың 18-і Азия елдерінде.

АҚШ-тың энергетика министрлігінің ақпаратына сәйкес, әлемнің 43 елінде уран шоғырлары (залежь) бар. Ең ірі уран қоры бар елдерге Австралия (әлемдік қордың 27% ие, бірақ, бұл елде бірде-бір атом электр станциясы жоқ), Қазақстан (17%), Канада (15%), Оңтүстік Африка Республикасы (11%), Намибия (8%), Бразилия (7%), Ресей (5%), АҚШ және Өзбекстан (тиісінше 4%-тен) кіреді.

Бүкіләлемдік ядролық қауымдастықтың (World Nuclear Association) мәліметіне сәйкес , 2004-жылы ең көп уран өндірген елдер Канада ( жалпы әлемдік өндірістің29% ), Австралия (21%), Қазақстан, Нигер, Ресей, Намибия, Өзбекстан, АҚШ, Украина және Оңтүстік Африка Республикасы болды.

Уранды 1789 жылы Германиялық химик Мартин Кларпот ашқан. 1896-жылы ұдлы француз химигі Антуан Беккерель алғаш рет оның радиоактивтілік қасиетін ашты.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны