08.04.2015, 14:19 7164

"Егінжай" бағдарламасы бойынша қаржыландыру басталды

"Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ - "ҚазАгро" Холдингініӊ еншілес компаниясы "Егінжай" бағдарламасы бойынша жыл басынан бері 75 255 гектар жерге дәнді дақылдар егу үшін 456,6 млн. теӊгеге 123 несие берді. Бұл бағдарлама бойынша қаржыландыру жалғасуда

Астана. 8 сәуір. Kazakhstan Today - "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ - "ҚазАгро" Холдингініӊ еншілес компаниясы "Егінжай" бағдарламасы бойынша жыл басынан бері 75 255 гектар жерге дәнді дақылдар егу үшін 456,6 млн. теӊгеге 123 несие берді. Бұл бағдарлама бойынша қаржыландыру жалғасуда, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Қор кішігірім жер телімдері бар ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері мен ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілерді көктемгі дала және күзгі жиын-терім жұмыстары кезінде қолдау мақсатында 2010 жылдан бері "Егінжай" бағдарламасын жүзеге асырып келеді.

Несие 1 млн. теӊгеден 6 млн. теӊгеге дейін беріледі. Сондай-ақ, Қор қарыз алушыларға ыӊғайлы болуы үшін 3 жылға дейінгі "несиелік желі" жүйесін енгізді. Яғни, қарыз алушы алғашқы жылы еӊ көбі 18 айға дейін қарыз алып (бұл уақыт дәнді дақылды егіп, жинап, өткізуге жететін мерзім) несиеден құтылған соӊ, келесі жылы құжаттарды қайта жинамай, осы желі аясында Қордан келесі жылға тағы несие алуына мүмкіндік береді. Несие жылдық 9,5% үстемемен (тиімді жылдық сыйақы үстемесі - 10,2% аспайды) беріледі.

- Ағымдағы жылы Қор өз қаржысынан 1 980,0 млн. теӊгеге, оныӊ ішінде 500,0 млн. теӊгені шағын несие/ шағын қаржы ұйымдары арқылы шаруаларды қаржыландыруды жоспарлап отыр,- дейді "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ Басқарма Төрағасы Нармұқан Сарыбаев.

Қарыз алушыға келесі негізгі талаптар қойылады: өтініш берген күніне салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша мерзімі өткен берешегініӊ болмауы; соӊғы есепті күнге (өтініш беретін айда) ЕДБ және басқа да қаржы институттары алдында мерзімі өткен берешегініӊ болмауы; жағымды несие тарихы (несие тарихы бар болса); 3 жылдан ұзақ емес мерзімдегі дақылдарды көрсетіп, нақты егін егілген жерлердіӊ әрі қызметті атқарудыӊ нақты уақытындағы өнімділік туралы мәліметтіӊ болуы; егін егетін жерлердіӊ бар екеніӊ растайтын құжаттыӊ болуы, оныӊ ішінде бірлесе жұмыс істеу туралы келісім-шарт та; берілген қарызды бақылау үшін екінші деӊгейлі банктерде қосымша/арнайы есепшот ашу (теӊгемен); Қоғамға қарызды мақсатты түрде пайдалануды тексеру үшін қажетті және жеткілікті құжаттарды тапсыру.

- 2010 жылдан бері ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілерді көктемгі дала және күзгі жиын-терім жұмыстары кезінде қолдау аясындағы "Егінжай" бағдарламасымен Қор 5 043 млн. теӊгеге 1331 шаруаны несиелендірді. Сонымен қатар, мақта өсіруші шаруаларды қолдау үшін 1 500 млн теӊгеге "Ырыс" шағын несие ұйымы қаржыландырылды, - дейді Н.Сарыбаев. - Былтырғы жылдыӊ қорытындысы бойынша: Алматы, Батыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облыстары көш басында тұр.

Жалпы 2015 жылы "ҚазАгро" ҰБХ" компаниялар тобымен көктемгі дала және күзгі жиын-терім жұмыстарына барлық қаржыландыру көздерін есептегенде (техника лизингін қоса алғанда) 97 млрд. теӊге бағытталады деп жоспарланып отыр. Бұл соммаға көктемгі дала және күзгі жиын-терім жұмыстары үшін ҚР Үкіметі Қаулысына сәйкес 60 млрд.теӊге көлемінде Холдингқа берілген бюджеттік несие де кіреді. Бюджеттік несие қаржысы отандық тауар өндірушілерді егін егу шарасы кезінде қаржыландыру үшін "ҚазАгро" құрылымындағы дамыту институттарымен қатар, екінші деӊгейлі банктерге де бағытталады.

"Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ баспасөз қызметі.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны