19.06.2009, 18:09 3146

Экономиканы әртараптандыру жөніндегі жоспарды жүзеге асыру көп жағдайда жеке бизнес пен кәсіпкерліктің бастамалары мен белсенділігіне байланысты - президент

Экономиканы әртараптандыру жөніндегі жоспарды жүзеге асыру көп жағдайда жеке бизнес пен кәсіпкерліктің бастамалары мен белсенділігіне байланысты - президент

Астана. 19 маусым. "Қазақстан Бүгін" - Экономиканы әртараптандыру жөніндегі жоспарды жүзеге асыру көп жағдайда жеке бизнес пен кәсіпкерліктің бастамалары мен белсенділігіне байланысты. Бұл туралы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Өскеменде аймақтық инвестициялық форумда атап өтті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

Форум жұмысына Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарының өкілдері қатысты. Бұл аймақтардың экономикасы Қазақстанның индустриялық негізін құрайды.

Индустрия және сауда министрі И.Исекешев өзінің сөйлеген сөзінде Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстары үлгісінің негізінде индустриялық-инновациялық даму картасын жасау жөнінде әңгімеледі. Аталған облыстардың әкімдері Б.Сапарбаев, Н.Нығматулин және Б.Сағынтаев ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы туралы баяндады. Қ.Келімбетов "Самұрық-Қазына" қорының ел экономикасының басым салаларын қолдауға бағытталған инвестициялық саясаты жөнінде хабардар етті.

Форумда сондай-ақ аймақтық өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшылары сөз сөйледі.

Форумды қорытындылай келе, президент "Нұр Отан" партиясының XII съезінде Қазақстанды дағдарыстан кейінгі дамытудың негізгі бағыттары, атап айтқанда АӨК-ті, құрылыс индустриясы мен металлургияны, мұнай өңдеу мен қызмет көрсетуді, химия және фармацевтиканы, инфрақұрылымдар мен энергетиканы дамыту айқындалғанын атап көрсетті. Бұл Қазақстанның бәсекеге қабілетті әлеуеті бар салалар. Ел басшылығы өзіміздің ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз ету мен аталған салалар өнімдерін экспорттауды нақты мақсат етіп қойып отыр. Бағдарламаны жүзеге асырудың арқасында экономиканың орнықты өсімі қамтамасыз етіледі, жаңа өндірістер мен жоғары еңбекақы төленетін жұмыс орындары ашылатын болады.

Илемдік және біздің жеке тәжірибеміз көрсетіп отырғандай, нарықтық экономика даму үдерістерін өз бетінше реттеуге әрдайым қабілетті емес. Осыған байланысты, президент үкіметке әрқайсысы бес жылдан 2 кезеңге бөлінетін, 10 жылға арналған іс-қимыл жоспарын дайындауды тапсырды.

Индустриялық бесжылдықты жүзеге асыруда жергілікті атқарушы билік басты рөл атқаратын болады. Барлық деңгейдегі әкімдер Индустрия және сауда министрлігімен және даму институттарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, индустриялық бағдарламаның басты үйлестірушілері әрі жолбасшысы болуы тиіс.

Осы орайда, Елбасының пікірінше, тартылған инвестиция көлемі, құрылған жаңа өндірістер мен енгізілген инновациялық әзірлемелердің саны, сондай-ақ өнім экспортының және ішкі өндірістегі қазақстандық үлестің өсуі және басқалар әкімдер атқарған жұмыстардың тиімділігін анықтайтын негізгі көрсеткіштері болуы қажет.

Мемлекет басшысы сондай-ақ экономиканы әртараптандыру жөніндегі жоспарды жүзеге асыру көп жағдайда жеке бизнес пен кәсіпкерліктің бастамалары мен белсенділігіне байланысты екендігін атап көрсетті. Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлер мен әкімдерді Қазақстан экономикасын жаңарту мен дамыту жолында бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.

Мемлекет басшысы атап өткендей, бесжылдықтың басым бағыттарын жедел дамыту шамамен 7 триллион теңге көлемінде, былайша айтқанда, Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің 50 пайызына тең қосымша құн алуға мүмкіндік береді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны