2025 жыл жаңа салық-бюджет саясатының қабылдануымен ерекшеленді. Жаңа фискалдық саясатта бекітілген негізгі қағидаттар, ең алдымен, өңірлік стандарттар жүйесі арқылы өңірлер арасындағы теңсіздікті төмендетуге, сондай-ақ кәсіпкерлікті, әсіресе микро және шағын бизнесті дамытудағы теңгерімсіздіктерді азайтуға бағытталған. Фискалдық саясат 2026 жылдан бастап бюджеттің кіріс бөлігін шамамен қосымша 4 трлн теңгеге ұлғайтуды көздейді. Бұл қосымша қаржы ресурстары Президент пен Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, бірінші кезекте, қазақстандық бизнесті дамытуға және қолдауға бағытталады. Салық базасын кеңейту қағидаты - бизнес субъектілерінің кірісін арттыруымен бірге жаңа фискалдық саясаттың айқындаушы элементтерінің бірі. Үкімет сыртқы факторлар (логистика, күрделі халықаралық жағдай және валюталық ауытқулар сияқты), сондай-ақ ішкі факторлар (салықтық және тарифтік реформалар) ең алдымен шағын және орта кәсіпкерлікке қосымша жүктеме түсіретінін толық түсінеді. Осыған байланысты, биылғы 5 желтоқсанда "Алтын сапа" және "Парыз" сыйлықтарының лауреаттарын марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Үкіметке жаңа Салық кодексінің жекелеген нормалары бойынша бизнес өкілдерінің өтініштерін талдауды, орынды теңгерім табуды жүктеді. Мемлекет басшысы бұл жұмысты мемлекеттік ауқымдағы міндет ретінде атап өтті. Сонымен қатар шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын жедел қабылдауды тапсырды", - деді Серік Жұманғарин.
Іскер аймақ" шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы Мемлекет басшысының тапсырмасына бойынша әзірленген. Оған "Аманат" партиясымен және "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы қатысқан. Бағдарлама шағын кәсіпкерлікті, ең алдымен, ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда ауқымды дамытуға бағытталған және жедел әлеуметтік-экономикалық тиімділікті қамтамасыз ететін технологиялық жағынан қарапайым, тез жүзеге асырылатын жобаларды қамтиды. Құжаттың басымдығы қосылған құнның жергілікті тізбегін, орнықты өндірістік базаны және ұзақ мерзімді экономикалық әсерді қалыптастыратындығында. Осы мақсатта ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу, шағын наубайханалар, сүт және ет жартылай фабрикаттары, тамақ өндіру, ағаш өңдеу, жиһаз цехтары және құрылыс материалдарын өндіру, қолөнер сияқты өзге де кәсіп түрлері таңдалып алынады.
Бағдарлама өзара байланысты үш бағыт бойынша жүзеге асырылады: бірінші - қаржылық шаралар. Қарыз қаржыландырудың құнын төмендетуге және шағын бизнестің кредиттік ресурстарға қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау және кредиттерге кепілдік беру. Екінші - қаржылық емес шаралар. Салалық онлайн-оқыту, кәсіпкерлердің құзыреттерін арттыруға бағытталған сервистік және консультациялық қолдау. Үшінші - инфраструктуралық шаралар. Өндірістік және коммуналдық инфрақұрылымға қолжетімділікті қамтамасыз ету, үй-жайлар мен жер учаскелерін жеңілдікпен жалға беру. Қазіргі уақытта ауыл кәсіпкерлігін дамытуға, оның ішінде жергілікті ресурстарға бағдарлана отырып, қайта өңдеуді, қолөнерді және шағын өндірістерді дамытуға бағытталған "Ауыл аманаты", "Бір ауыл - бір өнім" сияқты бағдарламалар жүзеге асырылуда", - деді ол.
- 23 мыңға жуық жобаны қолдауға;
- 1,2 трлн теңге сомасына кредит беруді қамтамасыз етуге;
- шамамен 127 млрд теңгеге бюджеттік қолдауға мүмкіндік береді.
- салық түсімдері - 157 млрд теңге;
- өнім шығару - шамамен 1,4 трлн теңге;
- шамамен 7 мың жаңа жұмыс орнын құру және шамамен 136 мың жұмыс орнын сақтап қалу.
Бағдарламаны әкімшілендіру egov.business және Damu Online порталдары арқылы өтінімдер беруді, кәсіпкердің жеке кабинеті арқылы "бір терезе" қағидаты бойынша жүзеге асыруды, сондай-ақ нақты уақыт режимінде жоба бойынша жұмыстардың орындалу барысына мониторинг жүргізуді қоса алғанда, цифрлық шешімдерді қолдану арқылы жүзеге асырылады. Біз шалғай ауылдардың барлығында Интернет бола бермейтінін түсінеміз. Осыған байланысты консультация берудің және ақпараттық сүйемелдеудің көшпелі форматы енгізілмек. Осы мақсатта консультациялық қызметтер көрсету, өтінімдерді қабылдау және жергілікті жерлерде мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру үшін қажетті жабдықтармен және байланыс құралдарымен жарақтандырылған мамандандырылған мобильді офистерді (автобустарды) сатып алу жоспарлануда. Жалпы, Бағдарлама өңірлерде тұрақты кәсіпкерлік ортаны қалыптастыруға бағытталған және экономикалық даму мен бюджеттік орнықтылық арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді. Бағдарламаны қолдауды және мәселені Үкімет мүшелерінің дауыс беруіне шығаруды сұраймын", - деді вице-премьер.
Жалпы, "Іскер аймақ" бағдарламасы микро шағын бизнесті қолдауға бағытталған. Орта бизнесті дамытуды ынталандыру, сондай-ақ банктердің еркін өтімділігін экономикаға тарту мақсатында осы жылдың сәуір айынан бастап "Өрлеу" жеңілдікті қаржыландырудың жаңа бағдарламасы іске қосылды. "Өрлеу" бағдарламасы шеңберінде қаржыландыру қоса қаржыландыру шарттарымен, банктердің және "Даму" қорының өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Бұл ретте банктер белгілейтін маржа 2 пайыздық тармақтан аспайды, ал түпкілікті қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесі 12,6%-дан аспайды. Қарыздың ең жоғары сомасы - инвестицияға 7 млрд теңгеге дейін, айналым қаражатын толықтыру 3,5 млрд теңгеге дейін. Бағдарламаның мақсаты - өндірісті кеңейту, жұмыспен қамтуды арттыру, технологиялық жаңарту және экономиканы әртараптандыру үшін қолайлы жағдайлар жасау. Қаржыландыру негізінен: өңдеу өнеркәсібі, агроөңдеу, логистика, білім беру, денсаулық сақтау және басқа басым салаларға бағытталған. "Өрлеу" бағдарламасын жүзеге асыру кезеңінде 505 млрд теңгеге жуық кредит сомасына 1800-ден астам жобаға қолдау көрсетілді. Келесі жылы Бағдарламаны кеңейту мәселесі қаралады, алайда бүгінгі күні "Өрлеуге" қатысушылардың лизинг бойынша бағдарламаны пайдалану мүмкіндігі бар", - деді Премьер-министрдің орынбасары.
Сөзімді қорытындылай келе, ағымдағы жылы үздік тәжірибелерге сәйкес келетін бірқатар жүйелі реформалар жүзеге асқанын атап өткім келеді. Бизнесті қолдау бағытында ауқымды жұмыс жүргізілді, оның ішінде инклюзивті және креативті, сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлікті, жастар және әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Халықты кәсіпкерлік бастамаларға ынталандыру бойынша жүйелі әрі белсенді жұмыс жүргізілуде. Осы мақсатта "Бәйтерек" ұлттық инвестициялық холдингінің "Даму" қоры базасында Бірыңғай фронт-офис құрылды. Аталған фронт-офисте кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтар мен ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге алғашқы консультациялар көрсету, құжаттар топтамасын дайындауға жәрдемдесу, сондай-ақ "Бәйтерек" ұлттық инвестициялық холдингінің еншілес ұйымдарының өнімдері мен қызметтері бойынша сүйемелдеу қамтамасыз етіледі", - деп түйіндеді Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

