20.06.2007, 15:04 3075

Италия үкіметі Қазақстанды негізгі экономикалық серіктестерінің біріне балайды - Италия Республикасының сыртқы сауда министрінің орынбасары

АСТАНА. 20 - маусым. Kazakhstan Today. Италия үкіметі Қазақстанды негізгі экономикалық серіктестерінің бірі ретінде қарайды. Бұл туралы бүгін өнеркәсіптік және экономикалық ынтымақтастық және алмасу жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобының 4-ші отырысының аяқталуына орай Италия Республикасының сыртқы сауда министрінің орынбасары Милош Будин мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Біздің ынтымақтастығымыз іс-қызметтің барлық саласында өрби алады, бұл Қазақстан мен Италияның бір-бірі үшін негізгі серіктес болуына мүмкіндік береді. Бұл Ииталия үкіметінің қалауы болып табылады",- деді Милош Будин.

"Бүгін үкіметаралық жұмыс тобының екі ел арасындағы экономика, мәдениет және өнеркәсіптегі ынтымақтастығын күшейтуге бағытталған өте ойдағыдай отырысы өтті. Біздің екі ел арасындағы келешекте дамыта алатын ең күшті жақтарды анықтауға бағытталған ынтымақтастық",- деп қосты ол.

Қазақстан Республикасының вице-премьері - экономика және бюджетті жоспарлау министрі Аслан Мусин өз кезегінде журналистерге отырыс барысында 13 мәселенің талқыланғандығын хабарлады. "Олар екі ел арасындағы өзара ықпалдастықтар мен іс-қызметтердің барлық салаларына қатысты",- деп қосты ол. С. Мусиннің бағалауынша, екі ел арасындағы қарым- қатынас "қарқынды дамып келе жатыр, Италия біздің басты серіктестеріміздің бірі болып табылады, біздің өзара ықпалдастығымыз, тауар айналымының көлемі жыл санап өсіп келеді". "Бүгін біз сондай-ақ мәдениетке, спортқа, Астананың дамуына қатысты мәселелерді көтердік, барлық мәселелер бойынша біз өзара түсіністік таптық",- деп қорытындылады ол.

ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, үкіметаралық жұмыс тобының отырысында, сондай-ақ, Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерлікті, мұнайгаз саласы мен ауылшаруашалық саласын дамыту мәселелері талқыланған. Кедендік бақылау комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, 2006 жылы Қазақстан Республикасы мен Италия арасындағы сыртқы тауар айналымы 8,3 млрд АҚШ долларын құраған, бұл көрсеткіш 2005 жылмен салыстырғанда 70 пайызға өскен. "Қазақстан Республикасының сыртқы сауда айналымындағы Италияның үлес салмағы өткен жылдың қорытындысы бойынша 13,4 пайызды құрайды, ал 2005 жылғы көрсеткіш 10,8 пайыз",- деп айтылған журналистерге таратылған анықтама материалдарында.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны