10.12.2007, 11:19 2084

Қаржылық бақылау агенттігі банк қызметі бойынша нормативтік-құқықтық актілерді қабылдады

Қаржылық бақылау агенттігі банк қызметі бойынша нормативтік-құқықтық актілерді қабылдады

Алматы. 10-желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Банк қызметіндегі болуы мүмкін шығындардың орнын толтыру және екінші деңгейдегі банктердің қаржылық тұрақтылығын көтеру мақсатында 2007 жылдың 30-қарашасында Қазақстан Республикасының Қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау агенттігінің басқармасы жаңа қаулы қабылдады, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі агенттік хабарламасына сілтеме жасай отырып.

Атап айтқанда, "Қазақстан Республикасының Ұлттық банк басқармасының 2000 жылғы 26-ақпандағы "Екінші деңгейдегі банктердің резервтік капиталының төменгі мөлшері туралы" №70-ші қаулысына өзгерту енгізу туралы" №256 қаулы қабылданған.

"Банк қызметін іске асырумен байланысты шығындарды жабу мақсатында банктер таза табысынан бастап қарапайым акция бойынша дивиденд төлеуге дейін резервтік капитал қалыптастырулары керек. Аталмыш қаулыға сәйкес, 2008 жылдың 1-мамырынан бастап банктердің резервтік капиталының мөлшеріне деген талап өзгермек. Ол банктердің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жіктеуге жататын ссудалық портфелінің 2 пайызынан кем болмауы тиіс", - деп атап көрсетті Қаржылық бақылау агенттігі.

Алдын-ала жүргізілген бағалаулар бойынша, қаулы күшіне енгеннен кейінгі резервтік капиталдың жалпы мөлшері 3 есе өседі және бірінші деңгейдегі капиталға оң ықпал етеді, деп күтілуде.

Сонымен қатар, "Екінші деңгейдегі банктердің жарғылық және өзіндік капиталының ең төменгі мөлшері туралы", сондай-ақ, Агенттіктің 2004 жылдың 25-қазанындағы "Қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік-құқықтық актілеріне өзгертулер енгізу туралы" №304-ші қаулысына (жаңа мәтіндегі) өзгерістер енгізу туралы" №257 қаулы қабылданды. Оған сәйкес, Агенттік басқармасының осыған дейінгі 2001 жылдың 2-маусымында шыққан "Екінші деңгейдегі банктердің жарғылық және өзіндік капиталының төменгі мөлшері туралы" №190-шы қаулысы өзінің күшін жояды.

Қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау агенттігінің ақпаратына сүйенсек, аталмыш қаулы арқылы өзіндік капитал мөлшерін (қазіргі ең төменгі мөлшер - 1 млрд теңге) 2009 жылдың 1-қаңтарынан 1,5 млрд теңгеге дейін, ал 2010 жылдың 1-қаңтарынан бастап 2 млрд теңгеге дейін ұлғайту көзделуде.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны