05.06.2007, 17:40 3063

Қаржылық бақылау агенттігінің басшысы зейнетақы қорларындағы ақша ипотекалық несие алу үшін пайдаланылмауға тиіс деп санайды

АСТАНА. 5 - маусым. Kazakhstan Today. Қазақстан Республикасының қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі агенттігінің төрағасы Арман Дунаевтің пайымдауынша, салымшылар зейнетақы қорларындағы ақшаны ипотекалық несие алу үшін пайдалана алмайды. Бұл туралы ол бүгін үкімет отырысында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Біз бұл мәселеге түбегейлі қарсымыз, біздің пайымдауымызша, зейнетақы қорының ақшасы, яғни салымшының ақшасы ипотекалық несиелер, тұрғын үй несиелерін алу үшін пайдаланылмайды",- деді А. Дунаев.

"Тәуекел өте жоғары, сондықтан да Қаржы министрлігі мен Еңбек министрлігі сілтеме жасап отырған бірқатар елдердегі тәжірибе сыни көзқараспен қосымша бағалануға тиіс, біз осы мәселеге қатысты өзіміздің ұсынысымызды тиісті жұмыс тобына жолдадық",- деп қосты ол.

Индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақов өз кезегінде, өзінің мекемесінің әзірлеген тұрғын үй құрылысы бағдарламасының жобасы "зейнетақы жинағын ипотекалық несие алуға пайдалану мүмкіндігін қарастыратындығын" хабарлады. "Аталмыш жоба Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен келісілген, Қаржы министрлігі бұл жұмысқа басшылық етуде, вице-министр Ерғожиннің жетекшілігімен жұмыс тобы құрылған, олар зейнетақы қорының қаржысын ипотекалық несие алу үшін пайдалануды қандай жолмен жүзеге асыру мүмкіндігі төңірегінде механизм әзірлеуде",- деп түсіндірді ол.

Қазақстан Республикасының Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсова аталмыш жұмыс тобының "Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Имірліктерінің тәжірибесін негізге алғандығын" түсіндіріп өтті. "Онда зейнетақы қорларының қаржысы тұрғын үй сатып алу үшін жұмсалады, ол үшін адам аннуитет сатып алуы қажет. Одан қалған ақшаны адам ипотекалық несие алуға пайдалана алады. Отбасы мүшелерінің ақшаларын да пайдалану мүмкіндігі бар",- деді ол. Министр сондай-ақ, бұл елдерде "егер аннуитет сатып алмаса, міндетті орташа зейнетақы төлемі белгіленетінін және де салымшы аннуитеттің сыртында жинаған ақшасын тұрғын сатып алуға пайдалана алатындығын", хабарлады.

"Яғни, адамның мемлекетке алақан жаймай, белгілі бір кезеңге дейін өз бетімен өмір сүре алатын ақшасының сақталатындығына мемлекет кепілдік береді, ал оның сыртындағы жиған ақшасын өз еркімен пайдалануға құқылы",- деп қосты Г. Қарағұсова.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны