10.04.2007, 13:24 2881

Қаржылық бақылау агенттігінің төрағасы мемлекеттік қызметкерлердің қаржы нарығына шығу аясын кеңейту үшін заңнаманы өзгертуді ұсынады

АСТАНА. 10-сәуір. Kazakhstan Today. ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау агенттігінің төрағасы Арман Дунаев мемлекеттік қызметкерлердің қаржы нарығына шығу, ұжымдасып инвестиция салу аясын кеңейту үшін заңнаманы өзгертуді ұсынады. Бұл туралы ол бүгін үкіметтің отырысы барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Кейінгі кездері қаржылық қоғамдастықта мемлекеттік қызметкерлердің қаржы нарығына шығу аясын кеңейтуге қатысты оң ұсыныстар айтылуда. Біздің елімізде мемлекеттік қызметкерлер заң бойынша ақшасын екінші деңгейлі банктерге сала алады, бірақ, ұжымдасып инвестиция салу деп аталатын мәселе өз алдына бір төбе. "Мемлекеттік қызмет туралы" заң бойынша мемлекеттік қызметкерге инвестициялық пай қорларына қаржы қосуға тыйым салынған",- деді А.Дунаев.

"Менің пікірімше, мемлекеттік қызметкер дегеніміз - халықтың қалған бөлігі үшін лакмус қағазы секілді. Олар білімдар әрі элиталық топ болып саналады. Осы топ өз ақшасын ұжымдасып инвестиция салуға жұмсаса, меніңше, халықтың қалған бөлігі де қарап қалмай, автоматты түрде осы нарыққа шығады",- деді ол.

Өз кезегінде үкімет басшысы Кәрім Мәсімов " отырыстың хаттамасында осы мәселені белгілеп, заң жүзінде оны шешу жайын ойластыруды" ұсынды. "Бұл дұрыс қойылған сұрақ",- деді үкімет басшысы.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны