06.06.2006, 15:44 2996

“Қазақатомөнеркәсібі” 2008-жылға дейін 12 жаңа кен орнын пайдалануға бермекші

СИЭТЛ. 6-маусым. Kazakhstan Today. “Қазақатомөнеркәсібі ҰАК” АҚ 2008-жылға дейін 12 жаңа кен орнын пайдалануға бермекші. Бұл туралы бүгін АҚШ-тың Сиэтл қаласында өткен “Илемдік ядролық отын нарығы” атты жыл сайынғы бас қосуда компания президенті Мұхтар Жәкішев мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

“Дүниежүзінде барған сайын өсе түскен ядролық энергетикаға деген сұранысты қанағаттандыру үшін компания 12 жаңа кен орнын пайдалануға беру бағдарламасының жобасын жасады”,- деді ол.

М.Жәкішевтің айтуынша, екі кен орны биыл іске кіріссе, келесі жылы бес кен орны, соның ішінде «Камеко», «Арива», «Тенексом», «Urasia» сынды танымал бірлескен кәсіпорындар аясындағы кен орындары іске қосылады. 2008-жылы 4 кен орны мен шахталық тәсілмен өнім өндіретін тағы бір кен орны пайдалануға беріледі.

Қазақстан аумағында жалпы алғанда 129 уран кеніші мен кен орындары басқармасы бар. Уран кеніштері 6 уран провинциясына біріктірілген (Балхаш маңы, Каспий маңы, Іле, Солтүстік Қазақстан, Сырдария, Шу-Сарысу). Алты провинцияның уран қоры 1,690 млн. тоннаға тең. Оның 1,2 млн. тоннасы жер астында шаймалау тәсілімен өндіруге болатын уран қоры.

М.Жәкішевтің айтуынша, қазір Шу-Сарысу және Сырдария провинциясындағы 9 кеніште (жер асты шаймалау тәсілімен) және Солтүстік Қазақстандағы уран провинциясында (дәстүрлі шахталық тәсілмен) өндірістік уран шығарылады.

2006-жылдың мамыр айында жылына 1000 тонна өнім бере алатын “Шығыс Мыңқұдық” кен орны жұмыс істей бастады.

Қазір жұмыс істеп тұрған кеніштерде 2021-жылға дейін жылына 5 мың тонна көлемінде уран өндірілмек.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны