30.03.2007, 18:20 3355

Қазақстан Республикасының электр энергетикалық кешенін 2015 жылға дейін дамыту үшін 1,8 трлн теңге қажет - Қазақстанның энергетикалық қауымдастығы

АЛМАТЫ. 30-наурыз. Kazakhstan Today. Қазақстан Республикасының электр энергетикалық кешенін 2015 жылға дейін дамыту үшін 1,8 трлн теңге қажет. Бұл туралы бүгін "Алматы энергетикалық кешенін дамытудың өзекті проблемалары" атты "дөңгелек үстел" барысында Қазақстанның энергетикалық қауымдастығының директорлар кеңесінің төрағасы Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Қанат Бозымбаевтің сөздеріне сүйенсек, еліміздің электр энергетикалық саласын 2015 жылға дейін дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары дайындалып, қазіргі уақытта премьер-министрдің орынбасары Аслан Мусиннің жетекшілігіндегі үкіметтің арнайы жұмыс тобының талқылауында жатыр. "Құжат қаралғаннан кейін үкімет отырысына енгізіледі",- деп түсіндірді қауымдастық төрағасы.

"Жоспардың жобасында Ұлттық электр желісі мен аймақтық электр желілері компанияларының жаңа қуат өндіруші нысандарын салу және қолданыстағы нысандарды жаңалау мен модернизациялауға қатысты нақты шаралар қарастырылған. Сондай-ақ, жобада әрбір нысан бойынша қаржыландыру көзі мен оның көлемі, пайдалануға беру мерзімі көрсетілген",- деп түсіндірді Қ. Бозымбаев.

Оның ақпараттарына сүйенсек, Қазақстанның қуат өндіру саласын 2015 жылға дейінгі инвестициялаудың жалпы көлемі 525,8 млрд теңгені құрауға тиіс. Атап айтқанда, Алматыдағы 1-ші ЖЭО жаңалау мен кеңейту үшін - 40,25 млрд теңге, 2-ші ЖЭО - 81,5 млрд теңге және 3-ші ЖЭО - 25 млрд теңге қажет. Қуаты 1000 МВт Балқаш ЖЭО салуға және өндірісті одан әрі өсіру үшін 162,5 млрд теңге бөлу қажет. "Шарын өзеніндегі Мойнақ СЭС құрылысына жалпы 31,3 млрд теңге қажет. Бұл нысанның бірінші кезеңі жалғасуда, ал екінші кезеңі қазір "Самұрық" холдингі талқылауында және де осы жылы өз жалғасын табады",- деп қосты Қанат Бозымбаев. Іледегі Кербұлақ СЭС мен Алматы облысындағы өзендердегі каскадттар құрылыстарына 185,2 млрд теңге көлемінде инвестиция салу жоспарланып отыр.

Жобаға сәйкес, сондай-ақ бөлу салаларына 40 млрд теңге (320 млн АҚШ доллары шамасында) жұмсау жоспарлануда, яғни: Алматыдағы АПК- ны техникамен қайта жабдықтау және жаңа құрылыстарға 27 млрд теңге және Алматы облысының кәсіпорынын жаңалауға - 13 млрд теңге. Қанат Бозымбаев Ұлттық электр желісін дамыту үшін 12,5 млрд теңге инвестиция салу қажет екендігін айтып өтті. Бұл қаржыны 2010 жылы Мойнақ СЭС-нан Қазақстан Республикасының бірыңғай энергетикалық жүйесіне электр қуатын беруді қамтамасыз ететін электр жалғастыру желілері мен "Алма" жаңа қосалқы станция салуға жұмсау жоспарланып отыр.

Оның мәліметтеріне сүйенсек, әзірленген жоспарды жүзеге асыру үшін бірнеше қаржыландыру көздері қарастырылуда. "Біріншіден, жарғылық капиталды, соның ішінде оны мемлекеттік бюджет есебінен өсіру қажет. Ол үшін инвестицияның 11 пайызын құрайтын 203 миллиардтай теңге қажет. Екіншіден, біз бюджеттік несиелеу 309 млрд теңгеге жетіп жығылады деп жобалап отырмыз",- деп түсіндірді эгергетикалық қауымдастықтың басшысы. Ол, жобаның жартысы мемлекеттік-жеке серіктестік негізінде жүзеге асырылуға тиіс, ол үшін 805 миллиарттай теңге қажет, деп санайды. "Инвестицияның басқа бөлігі сала кәсіпорынының тариф есебінен қалыптасқан жеке қаржысы мен қор нарығына инфрақұрылымдық облигацияларды сату арқылы тартылған қаржы есебінен болуға тиіс. Олардың жалпы көлемі 30 пайызды құрауға тиіс",- деп хабарлады Қ. Бозымбаев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны