05.06.2007, 14:24 2871

Қазақстан үшін ДСҰ-ға мүшелікке өту жөніндегі келіссөздерді соза беру тиімсіз - ҚР индустрия және сауда вице-министрі

АСТАНА. 5-мамыр. Kazakhstan Today. Қазақстан үшін ДСҰ-ға мүшелікке өту жөніндегі келіссөздерді соза беру тиімсіз. Бұл туралы бүгін "Қазақстан: халықаралық сауда режимі және ДСҰ" атты халықаралық сауда семинары аяқталғаннан кейін журналистерге берген сұхбатында ҚР индустрия және сауда вице-министрі Жанар Айтжанова пікір білдірді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Тәжірибе көрсеткендей, ұйымға мүшелікке өту жөніндегі келіссөздерді соза беру оған өтуге ниет білдірген елдер үшін пайдасын тигізбейді. Өйткені, ДСҰ-ға мүше елдердің өз арасында көптеген келісімдер жасалады, ал олар жаңадан мүшелікке өтуші елдер үшін қатаң талаптар түрінде көрініс табады",- деді вице-министр. "Сол себепті, аутсайдер ретінде сыртта ұзақ уақытқа созылған келіссөздер жүргізгеннен гөрі, ұйымның өз ішінде осындай сауда раундтарына қатысқан тиімді",- деді ол.

Ж.Айтжанованың айтуынша, Қазақстан ағымдағы жылдың аяғына дейін ДСҰ-ға мүшелікке өту жөніндегі екі жақты келіссөздерді аяқтамақшы. "Біз келіссөздер жүргізіп жатқан 25 елден қазіргі жағдаймен 19 елмен келіссөздер аяқталды. Қалған 6 елмен арадағы келіссөздер біршама ілгері кезеңге аяқ басты",- деді ол. "Канада, Австралия және АҚШ-пен арада ет және сүт өнімдерінің импорттық баж салығы бойынша және басқа да бірнеше мәселе қалып отыр. Ал Еуропалық Одақпен арада шетелдік кәсіби білікті мамандардың Қазақстан аумағына келуі мен қаржылық қызметтерге қатысты мәселелер бар",- деді вице-министр. "Біздіңше, егер біз осы мәселелерді реттесек, онда ағымдағы жылдың аяғына дейін ДСҰ-ға мүшелікке өту жөніндегі екі жақты келіссөздерді аяқтай аламыз",- деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болу мерзімін нақты айқындау көп жағдайда "ауылшаруашылығына қатысты мәселелердің" шешілуіне байланысты. "Идетте, ауылшаруашылығын қолдау мәселелері бойынша көп жақты келіссөздер - келіссөздер барысындағы ең ақырғы сәт болып табылады. ДСҰ-ға мүшелікке өту мерзімі дәл осы мәселенің шешілуіне байланысты анықталады",- деді ол. "Сол себепті келесі жыл келіссөздер барысында біздің ауылшаруашылығы мәселелеріміз шешілетін жыл болмақ",- деді Ж.Айтжанова.

"Қазақстан ауылшаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан қолдау көрсету көлемін сақтап қалуды одан әрі талап ете береді. Ауылшаруашылығына бөлінетін субсидияларды ешкім де алып тастағалы жатқан жоқ. Ауылшаруашылығын дамытуға арналатын дотациялар көлемі бойынша келіссөздер жүргізген кезде біз қазір мемлекетімізде бар мүмкіндіктерді ғана емес, сонымен бірге ел экономикасының ауылшаруашылығы саласын дамытудың орта және ұзақ мерзімді жоспарларын да ескереміз. Сол себепті, ауылшаруашылығы саласындағы келіссөздердің нәтижесі еліміздің ұлттық экономикалық басымдықтарына сай келеді",- деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны