08.07.2009, 18:18 3329

Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешендегі инновациялық жобаларды жүзеге асыруға 675 млн теңге бөлу жоспарлануда - Күрішбаев

Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешендегі инновациялық жобаларды жүзеге асыруға 675 млн теңге бөлу жоспарлануда - Күрішбаев

Астана. 8 шілде. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешенде отандық және шетелдік ғылыми жаңалықтардың негізіндегі инновациялық жобаларды жүзеге асыруға ағымдағы жылы 675 млн теңге бөлу жоспарлануда. Бұл туралы бүгін "Дақылдарды ауыстырып отыру және топырақты нөлдік өңдеу - тұрақты өндірісті қарқындандыру үшін ресурс үнемдеуші егін шаруашылығын қолдаудың аграрлық саясатының негізі" атты халықаралық консультациялық конференция барысында ҚР Ауылшаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев мәлім етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігі.

Ақылбек Күрішбаев биыл ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі ірі инновациялық жобаларды жүзеге асырып жатқанын еске салды. ""ҚазАгроинновация" АҚ-ның агротехнологиялар трансфертін компьютерлендіру орталығын құруға 900 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Осы орталық арқылы ең таңдаулы, соның ішінде ресурс үнемдеуші заманауи агротехнологиялардың трансферті жолға қойылады. Орталық жарғылық капиталға үлеспен қатысу арқылы жобаларды тікелей қаржыландырады", - деді ол.

"Жаңалықтарды өндіріске енгізу саласындағы келесі кезең - агроөнеркәсіптік кешенде инновациялық жобаларды жүзеге асыруды кәсіпкерлік сектор субъектілерімен бірлесе қолдауға саяды. Бұл мақсатқа біз биыл 675 млн теңге жұмсауды жоспарлап отырмыз", - деді министр.

Сонымен бірге, министрдің атап өткеніндей, 2009 жылдан бастап тұқым шаруашылығын дамыту саласындағы инновациялық жоба жүзеге асырыла бастады. "Бұл жобаның аясында 2009 жылы астық дақылдары мен картоптың жоғары сапалы тұқымын өндіруге қолайлы жағдайлар жасалады. Бұдан кейінгі екі жылда біз ауылшаруашылығын әртараптандыруға қажетті бұдан басқа да ауылшарушылық дақылдарының тұқымдарын өндіруге жағдай жасаймыз, яғни, ауылшаруашылық дақылдарының жаңа сұрыптарын шығаруға қажетті заманауи ғылыми база модернизацияланады", - деді А. Күрішбаев.

"Бұған қоса біз ұрық трансплантациясы саласындағы инновациялық жобаларды дәйектей бастадық. Олар мал шаруашылығын дамыту негізі - асыл тұқымдар базасын кеңейту жолымен мал шаруашылығы саласында серпінді ілгерілеуге мүмкіндік береді", - деді министр.

Оның айтуынша, ұрық трансплантациясы орталығы "Асыл түлік" АҚ базасында құрылады.

Бұған қоса, министрдің айтуынша, былтыр министрлік агроөнеркәсіптік кешен саласындағы білім тарату жүйесін жасақтауға кірісті, оған агроөнеркәсіптік кешеннің тауар өндірушілері мен фермерлері арасында білім мен технологияларды тарату сервисінің әлемдік тәжірибесі негіз етіп алынған.

"Қазірдің өзінде А.Бараев атындағы астық шаруашылығының ғылыми-өндірістік бірлестігінің, Қазақ егін шаруашылығы институтының жанындағы егін және өсімдік шаруашылығы институтының, Солтүстік Қазақстан егін және ауылшаруашылығы ҒЗИ мен Қостанай базасында үш орталық жұмыс істеуде. Ағымдағы жылдың аяғына дейін тағы осындай екі орталық құрылады", - деді А. Күрішбаев.

"Бұл мақсаттарға ағымдағы жылы 61 млн жуық теңге жұмсалып, 1300 жуық фермерге нанотехнологиялар бойынша білім беріледі. Келесі жылы бұл бағыттағы қаржыландыру көлемін ұлғайту жоспарлануда", - деді министр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны