28.08.2006, 16:50 3311

Қазақстанда ескі үлгідегі қағаз ақшалар 15-қарашада ауыстырыла бастайды

АЛМАТЫ. 28-тамыз. Kazakhstan Today. Қазақстанда ескі үлгідегі қағаз ақшалар 15-қарашада ауыстырыла бастайды. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Инуар Сәйденов бүгін жаңа үлгідегі қағаз ақшалардың тұсаукесері барысында құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Ұлттық банк басшысының айтуынша, ескі және жаңа үлгідегі қағаз ақшалар бір жыл бойы қатар айналымда жүреді. "Осы мерзімде ескі үлгідегі қағаз ақшалардың төлемдік кабілеті жаңасымен бірдей болады",- деді И.Сәйденов. Бұдан кейін ескі үлгідегі қағаз ақшаларды коммерциялық банктердің бөлімшелері тағы бір жыл бойы қабылдайтын болады. "Осы екі жыл өткеннен кейін де 10 жыл бойы кез-келген адам Ұлттық банктің филиалдарына ескі үлгідегі қағаз ақшаларды тапсыра алады. Демек, ескі үлгідегі ақшамен 12 жыл бойы ешбір қорқынышсыз есеп айырыса беруге болады",- деді Ұлттық банк төрағасы.

"Бұл шара ешкімнің мүддесіне де қайшы келмейді. Өйткені, 200-ден 10 мың теңгеге дейінгі барлық номиналдар қатары толық шығарылады. Ақшаның көлеміне ешбір шектеу қойылмайды, ақша алмастыру барысында қандайбір комиссиялық төлемдер алынбайды",- деп ерекше атап өтті бас банкир.

Ұлттық банктегілердің пайымдауынша, ескі үлгідегі ақшаны жаңасына алмастыру ұлттық валютаны қолдан жасау технологиясын айқындауға және азаматтардың жеке қаржысын қорғауға мүмкіндік береді. Ақшаның жаңа дизайнын шығару барысында қағаз ақшаны қолдан жасаудан қорғайтын классикалық және жаңаша амал-тәсілдер қолданылды. Жаңа купюраларда мәселен жай көзбен айыра тануға болатын элементтер де, сонымен бірге, арнаулы техниканың көмегімен айыра тануға болатын жасырын әрі жаңаша элементтер де баршылық.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны