19.06.2012, 10:29 2629

Қазақстанда ірі сауда нысандарының құрылысы үшін инвестициялық жеңілдіктерді ұсынуды қамтамасыз ету туралы ұсыныс енгізілді

Бұл туралы ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев бүгін Үкіметте өткен отырыста мәлім етті.

Астана. 19-маусым. Kazakhstan Today - Қазақстанда ірі сауда нысандарының құрылысы үшін инвестициялық жеңілдіктерді ұсынуды қамтамасыз ету туралы ұсыныс енгізілді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бұл туралы ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев бүгін Үкіметте өткен отырыста мәлім етті.

Оның айтуынша, әңгіме заманауи сауда форматтарын дамытуға қатысты болып отыр. Қазіргі заманғы сауда форматтары қызмет пен тауардың жоғары сапасымен қатар, сатып алудың ірі көлемін қалыптастыра отырып, сәйкесінше тұрақты бағаны қамтамасыз етеді. Осы орайда жеткізілімнің кепілді каналдары мен тауарға тиісті құжаты жоқ алыпсатарларға ірі сауда желілерімен жұмыс істеуге тиімсіз болады.

"Сондықтан да біз заманауи сауда форматтарын дамыту үшін қажетті қолдау шараларын қамтамасыз етуіміз шарт. Соңғы 4 жылда Қазақстанға бірде бір шетелдік ірі ритейл келген жоқ. Осыған байланысты жалпы көлемі 2 мың шаршы метрден астам ауданды құрайтын ірі сауда нысандарының құрылысы үшін инвестициялық жеңілдіктерді ұсынуды қамтамасыз ету керек, сондай-ақ инвестициялар бойынша заңнамаға өзгерістер жасау қажет", - дейді министр.

Сонымен қатар заманауи сауда үлгісін дамыту тұрғысында қолданыстағы базарларды тиісті инфрақұрлымдық қызметімен жоғары деңгейде қайта жасақтауға мемлекеттік қолдау жасау пәрменді шара болмақ.

Бүгінде Қазақстанда 818 сауда базарларының 548-і қалалық жерлерде қызмет жасауда. Олардың көпшілігіне антисанитария мен сервистің төмен деңгейі, сондай-ақ көлеңкелі сауда айналымының жоғары деңгейі тән. Сондықтан да бұдан былай аталған сауда орындарынан қазіргі заманғы үлгідегі сауда нысандарына жоспарлы түрде ауысу маңызды шешім болмақ.

Осы тұрғыда ескерер жәйт, ірі сауда нысандарының құрылысы мен тұтыну кооперацияларын дамыту мәселелерін қолдау - сауда инфрақұрылымын дамытпай тиімсіз болады. Себебі бүгінде заманауи жабдықталған қоймалардың құрылысы мен мамандандырылған көлікті сатып алу айтарлықтай шығынды.

Осыған байланысты министрлік шетелдік бірқатар елдердің тәжірибесінің негізінде, сауда базарлары мен қоймалардың орнына заманауи стационарлық сауда нысандарының құрылысы мен мамандандырылған автокөліктерді алу кезінде екінші деңгейлі банктердің несиелерінің пайыздық мөлшерлемесін жабуға субсидияларды ұсыну мәселесін қарастыруды ұсынып отыр.

"Осыған байланысты "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасына ұқсас 2013-2020 жылдарға арналған бөлшек сауда секторын жаңғырту бағдарламасын әзірлеу ұсынысын енгіземіз", - деп түйіндеді Б. Сағынтаев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны