29.03.2012, 09:37 4360

Қазақтың шұжығы мен қазы-қартасы экспортқа шығарылатын болады

Ақмолалық шаруалар жер тоңы жібіп, қар көбесі сөгілген сәтте Ресейге жылқы еті өнімдерін экспорттамақшы.

Астана. 29-наурыз. Kazakhstan Today - Қазақтың шұжығы мен қазы-қартасы экспортқа шығарылатын болады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚазАқпарат агенттігінің "Алаш айнасы" газетіне сілтеме жасай отырып хабарлауынша, Ақмолалық шаруалар жер тоңы жібіп, қар көбесі сөгілген сәтте Ресейге жылқы еті өнімдерін экспорттамақшы.

Яғни мәскеуліктер қазақтың қара шұжығы мен қазы-қартасына қарық болады. Астана іргесіндегі Қорғалжын ауданында орналасқан комбинат жылына 5 мың тонна ет өңдейді. "Астана Агропродукт" ЖШС екі жылдың ішінде ішкі нарықта өзінің орнын тауып үлгерді. Қазір бұл серіктестіктің шұжықтары мен жартылай дайын өнімдерінің 100-ден астам түрі Астана, Қарағанды, Шымкент, Ақтөбе және Павлодар қалаларының тұтынушыларына ұсынылып келеді.

Сәуір айы туысымен отандық өнімдер Мәскеу қаласы мен облысына жөнелтіле бастайды. Құны бір миллиардтан асатын жобаның іске қосылуы 120-ға жуық жергілікті тұрғынның тұрақты жұмыспен қамтылуына жол ашты. Орташа жалақы 70 мың теңге. Бірақ ет комбинаты бүгінгі күні шикізат мәселесін шеше алмай отыр.

Экспортқа шығарылатын өнімге деген талап ерекше болуы тиіс. Еліміздің индустриалық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша іске қосылған бұл жоба Кеден одағының экспорттық реестріне енген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны