06.01.2014, 21:45 3808

Қызылорда облысында 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясы анықталды

Қызылорда облысында 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясы анықталды

Алматы. 6 қаңтар. Kazakhstan today. Қызылорда облысында 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясы бекітілді, деп хабарлайды облыстың ішкі саясат басқармасы.

"Қызылорда облысының әлеуметтік және экономикалық даму міндеттемесі мен басымдылықтары Елбасының "Қазақстан-2050" Стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" Жолдауына негізделген. Стратегияның мақсаты - облыстың әр ауылында, ауданы мен қаласындағы халықтың өмір сүру деңгейін арттыру. Стратегиялық құжаттың маңызды бағыты ретінде өмір сүруге қажетті инфрақұрылымды дамыту, газбен қамту, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт, әлеуметтік қамсыздандыру салаларын жетілдіру болып табылады", - делінген хабарламада.

Құжатқа сай, өңірде қайта өңдеу өнеркәсібінің құрылысы, ауыл шаруашылығы, транспорт пен сауда-саттықты дамыту қолға алынбақ. Бір жылда жоспар бойынша кемінде 8 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Осыған орай, жұмыссыздық деңгейі де 4,3 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде.

Сонымен қатар, облыста мұнай мен газ барлаудағы жаңа технологияларды қолдану арқылы мұнай мен газ секторын дамыту, қайта өңдеу өнеркәсібі, салалардың дамуына қарқын беретін ірі индустриялдық жобаларды жандандыруға күш салынбақ.

Аралас салалардың ілгерілеуіне тығыз байланысты металлургиялық кластерді дамыту, өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыру мен облысты толықтай газбен қамту да аталмыш құжатта қарастырылған.

Сырдария өзенінің сол жағалауы қарқынды дамиды деп күтілуде. Байқоңырдың әлеуметтік-экономикалық дамуына да баса мән берілмек. Бұл өз кезегінде өңірдің индустриялы-инновациялық локомотивіне айналмақ.

Құжатта туризм саласы мен тірек ауылдарды дамытуға да көңіл бөлінген. Жалпы, облыстағы барлық стратегиялық маңызды мәселелер облыстың 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясында қарастырылған.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны