07.10.2009, 18:21 3209

ҚР ІІМ-нің мәліметі бойынша Алматы аумағында жасырын ойын бизнесінің ақшалай айналымы 10,5 млрд теңгеден асады

ҚР ІІМ-нің мәліметі бойынша Алматы аумағында жасырын ойын бизнесінің ақшалай айналымы 10,5 млрд теңгеден асады

Алматы. 7 қазан. Kazakhstan Today - ҚР ІІМ-нің мәліметі бойынша Алматы аумағында жасырын ойын бизнесінің ақшалай айналымы 10,5 млрд теңгеден (70 млн АҚШ доллары) асады, деп хабарлайды Kazakhstan Today Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, бүгін өткен кеңесте Алматы қаласының әкімі құқық қорғау органдарын жасырын ойын бизнесіне қарсы күресті бәсең жүргізіп отырғандықтары үшін сынады.

Бүгін Алматы аймақтық жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясының отырысында қаладағы жасырын ойын бизнесінің заңсыз іс- әрекеті арнайы қаралды.

Қазақстан Республикасының "Ойын бизнесі туралы" заңы бойынша ойынхана мен барлық ойын автоматтарының залдары Алматы аумағындағы Қапшағай су қоймасының жағалауына орналасуы тиіс. Қалада мұндай ойын түрлеріне тыйым салынған.

Алматы қаласы бойынша Салық департаментінің дерегіне сүйенсек, қалада 164 ойын автоматтарының залдары жұмыс істейді екен. ҚР ІІМ-нің мәліметі бойынша Алматы аумағында жасырын ойын бизнесінің ақшалай айналымы 10,5 млрд теңгеден (70 млн АҚШ доллары) асады.

Ойын бизнесі туралы заңға енгізілген түзетулер мен өзгерістер бойынша үстіміздегі жылдың мамыр айында заң бұзушылық қатаңдатылған болатын, әкімшілік және басқа да шаралар қолданылуы тиіс.

Алматы қаласының прокуроры Имірхан Естаев ойын бизнесінде ұтыс болмағандықтан олардың ісі заңға қайшы келмейтін сияқты көрінеді. Алайда, тексеру барысында ұтыстардың төленгені анықталып отыр. Оның үстіне ойын бизнесіне кәмелетке толмағандар қызығушылық танытуда. Сонымен қатар, "Ойын бизнесі туралы" және "Лицензия туралы" заңдарға сәйкес ойын залдарында міндетті түрде лицензия болуы тиіс.

Үстіміздегі жылдың 8 айы ішінде қаржы полициясы заңсыз ойын бизнесіне қатысты 94 фактіні анықтаған, оның небәрі 3 -іне ғана қылмыстық іс қозғалған. Ішкі істер органдары осы кезең ішінде 51 материал дайындаған, оның 44-і қаржы полициясына тапсырылған.

Өкілеттік мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдары бір түн ішінде 10 тексеру жүргізіп, 10 заңсыздықты анықтаған, қоймалардан 338 ойын жабдықтары тәркіленген. Кінәлілер 100 және 400 АЕК көлемінде айыппұл төлеген.

Қолданыстағы заң бойынша ойын бизнесімен айналысушылардың қолында заңды түрдегі сертификаттар да болуы қажет. Ал тексеру көптеген заңсыздықтардың бетін ашты.

Қала әкімі осындай келеңсіздікке жол берген құқық қорғау органдарының атына қатаң сын айтты. Қаржы полициясы, салық департаменттері, аудандық аппаратар жасырын ойын клубтарының жұмыстарын назардан тыс қалдырған. Алдағы уақытта кемшіліктер жедел түрде жойылуы тиіс.

"Біз осы қалада тұрып жатқандықтан, кімдердің заңды бұзғандығын білуге тиіспіз. Исіресе, жастар арасында кең тараған ойын бизнесінің оларға кері ықпалын түсіну керек қой. Өйткені, жастар, заң бұзушылыққа тартылады емес пе. Көз алдарыңызда болып жатқан жасырын бизнесті, котрабандалық жолмен келетін тауарларды неге көрмейсіңдер. Тез арада жедел әрі қатал шараларды қолдану керек", - деп атап өтті Ахметжан Есімов.

Сөз соңында қала әкімі көпшіліктен бұл іске белсене араласуды, заңсыз ойын бизнесіне қарсы әрекетке атсалысуды өтінді әрі осындай келеңсіз жағдайлар байқалған кезде тікелей 250-78-14 телефонына немесе Алматы www.almaty.kz веб- сайтына хабарласуды сұрады.

"Құқық қорғау органдарына бұл істі ретке келтіруді тапсырамын, ал көпшіліктен өздері байқаған жайттарды қала әкімдігінің тікелей байланысына хабарлауды өтінемін, біз өз тарапымыздан олардың алдын алу үшін жедел әрекет жасайтын боламыз" - деп қорытындылады өз сөзін қала әкімі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны