09.06.2008, 10:07 1603

ҚР премьер-министрінің 2011 жылғы Азия ойындарына дайындық барысына көңілі толмады

ҚР премьер-министрінің 2011 жылғы Азия ойындарына дайындық барысына көңілі толмады

Алматы. 9 маусым. "Қазақстан Бүгін" - ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімовтың 2011 жылғы Азия ойындарына дайындық барысына көңілі толмады. Бұл туралы ол сенбі күні Алматы қаласының әкімдігінде өткен жиналыс барысында мәлімдеді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Бүгінге дейін барлық мәселелердің соңына дейін талқыланбағанына қанағаттанбай отырмын. Екі апталық мерзім беремін. Кейін Астанада жиналамыз. Алматы бойынша да, Астана бойынша да қажетті қаржыны есептеңдер. Жұмысты бастаған екенбіз, шегінер жер жоқ", - деді ол ойындарға дайындық жөніндегі баяндаманы тыңдағаннан кейін.

Атап айтқанда, Іле-Алатау ұлттық паркінің аумағындағы шаңғы трассасының жанынан ғимарат салатын жер телімі әлі күнге дейін бөлінбеген. Стадион салу үшін 25 гектар жер қажет. Алайда, бұл мәселе Ауыл шаруашылық министрлігімен әлі де келісілмеген.

"Медеу" мұз айдынын толығымен қайта жөндеуден бас тартылған. Себебі, қиын геологиялық жағдайларға байланысты кешенді бұзу арқылы конструкцияны күшейту бюджетке өте ауыр тиеді. Сондықтан, "Медеу" мұз айдыны кешенін жай ғана реставрациядан өткізеді. Қонақ үй нөмірлерінің санын ұлғайтып, жаңа технологиялар енгізеді.

Ал Алматы қаласында 1200 адамға арналған Олимпиада қалашығын салу-салмау мәселесі белгісіз болып отыр. Алғашында, бұл тапсырма инвесторлардың мойнына артылған. Алайда, олар елдегі қиын қаржылық жағдайға байланысты жобадан бас тартқан. Егер ақша бөлінбесе, спортшыларды жақын маңдардағы қонақ үйлерге орналастырады.

К. Мәсімов баспасөз орталығын салуға айрықша назар аудару керектігін тапсырды. Баспасөз орталығы жоспарларға сәйкес, трамплин аумағында орналасуы керек. Қазірдің өзінде ол жерде баспасөз орталығын салатындай жер жоқ деген пікірлер айтылуда. Соған қарамастан, бұл мәселе ең маңыздылардың қатарынан орын алған.

"Баспасөз орталығынсыз үлкен проблемалар туындайды. Бүкіл әлемге ақпарат тарайды. Сондықтан, баспасөз орталығы міндетті түрде салынуы тиіс", - деді Алматы қаласының әкімі А. Есімов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны