30.06.2006, 09:27 7105

Лондонда Алматы қалалық әкімшілігінің “Депфа банкке” 15 млн. доллар көлеміндегі берешегіне қатысты тыңдау өтеді

АЛМАТЫ. 30-маусым. Kazakhstan Today. Лондондағы Англияның коммерциялық сотында Алматы қалалық әкімшілігінің “Депфа банкке” 15 млн. доллар көлеміндегі берешегіне қатысты тыңдау өтеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігі КТК телеарнасының хабарламасына сілтеме жасап.

КТК ақпаратына сәйкес, бас пәтері Дублинде орналасқан халықаралық “Депфа банкі” Алматықалалық әкімшілігінен вексельге қатысты 15 млн. доллар көлеміндегі мерзімі өтіп кеткен берешекті өндіріп алуды талап етуде. Берешек 2005-жылдың желтоқсан айында өтелуге тиіс болған. “Шетелдік банк алматылық шенеуніктерден берешекті күні бүгінге дейін алмаған. Банк басшылығы хат жазыса беруден жалығып, Алматы қалалық әкімшілігімен соттасуға шешім қабылдаған”, - делінген хабарламада.

ҚР қаржы министрлігіндегілер бұл дерек бойынша арнаулы тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады. Мекеме төрайымы Наталья Коржованың тапсырмасымен тексерулер қорытындысы 2006-жылдың 3-шілдесіне дейін таныстырылуға тиіс. “Шетелдік инвестордың қаржылық талаптарына қатысты мәселенің бұдан өзге егжей-тегжейін анықтау мүмкін болмай отыр. Қаржы министрлігі мен “Депфа банк” арасындағы барлық хат-хабар алмасулар құпиялық жағдайында жүргізілуде”, деп хабарлаған КТК телеарнасы бұл мәселе бойынша Алматы қалалық әкімшілігінің түсініктеме беруден бас тартқанын жеткізді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны