17.01.2022, 16:32 12566

Құлыбаев "Атамекен" ҰКП төралқа төрағасы өкілеттігін тоқтатты

Құлыбаев "Атамекен" ҰКП төралқа төрағасы өкілеттігін тоқтатты
Сурет: atameken.kz
НҰР-СҰЛТАН. 17 ҚАҢТАР - Тимур Құлыбаев "Атамекен" Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы қызметінен кетті. Оның төралқа мүшелеріне үндеуі палата сайтында жарияланды,деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY "Атамекен" Қазақстан Республикасы Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Құрметті әріптестер! Мен бүгіннен бастап "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының сайланған төрағасы өкілеттігін доғаруды ұйғардым. Съезд делегаттары мен төралқа мүшелеріне маған сенім білдіргені үшін алғыс айтамын. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жоғары бақылау органын сегіз жыл бойы басқару мен үшін үлкен құрмет пен жауапкершілік болды", - делінген хабарламада.

 
Құлыбаев "Атамекен" ұжымына бірлескен нәтижелі жұмыс үшін айрықша ризашылығын білдірді.
 

Біздің жұмысымыздың басты қорытындысы – бизнес пен биліктің жолға қойылған сындарлы диалогы, қолайлы бизнес-ахуалды қалыптастыру. Біздің басымдығымыз әрқашан бизнес құқығын қорғау болды. Жоғарғы Сотпен, Бас прокуратурамен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен жұмыс жолға қойылған. Барлық өңірде кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестер жұмыс істейді. 8 жыл ішінде ҰКП-ға 41 мың өтініш келіп түсті, олардың 40 пайызы шешімін тапты", - деді ол.

 
Сонымен қатар, оның айтуынша, "Атамекен" ҰКП бастамасымен бизнес-ахуалды жақсарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілді. Заңнамалық түзетулердің 8 пакеті қабылданды. Экономикалық қылмыстарды декриминализациялау жүргізілді. Экономика саласындағы қылмыстық істерді тіркеу 5 есе қысқарды. Қылмыстық кодекстен "жалған кәсіпкерлік" бабы алынып тасталды. Рұқсаттар, хабарламалар мен лицензиялар саны 4 есе қысқарды. Бақылау-қадағалау жүйесіне реформа жүргізілді – 17 мың немесе 58% талап алынып тасталды.
 
2021 жылдан бастап жаңа реттеуші саясатты – "таза парақтан" реттеуді енгізу басталды. 2024 жылға дейін барлық реттеу толық жаңа қағидаттармен қайта жазылады және цифрландырылады.
 

Біз микронесиелеу механизмін байланыстырып, "Бастау" жобасын іске қостық. Мыңдаған жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар, әсіресе ауыл тұрғындары кәсібін бастауға мүмкіндік алды. Қазіргі кезде 180 мың адам оқып шықты. 60 мыңнан астам жоба іске қосылды, 70 мың жұмыс орны құрылды. Мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындарында "Кәсіпкерлік және бизнес негіздері" пәні енгізілді. Бұл пәнді 250 мыңнан аса жасөспірім меңгеріп жатыр. Бұл – біз бірлесіп атқарған жұмыстың бір паршасы ғана. Алдымызда жаңа үлкен міндеттер мен межелер тұр. 2022 жылғы 11 қаңтарда Мемлекет басшысы өзінің үндеуінде "Атамекен" мен бизнес-қоғамдастық үшін басым бағыттарды белгіледі. Халық табысын арттыру бағдарламасын әзірлеп, импортқа тәуелділікті төмендету, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру, экономикада мемлекеттің үлесін төмендету бойынша кешенді шараларді іске асыру қажет. Мемлекет басшысының осы тапсырмалары – ҰКП жұмысының басым бағыттары", - деп толықтырды ол.

 
Тимур Құлыбаев 2020 жылы тиісті өңірлердегі кәсіпкерлердің барлық өңірлік кеңесіне сайлау өткізілгенін еске салды. Аккредиттелген қауымдастықтар Төралқаның салалық комитеттерін құрады және төрағаларын сайлайды.
 

Ашықтық, есептілік және тиімді кері байланыс енді цифрлық негізде "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бүкіл жүйесі жұмысының негізгі қағидаттары болатынына сенімдімін. Сіздерге тағы да бірлескен жұмыс үшін ризашылығымды білдіремін және отандық кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі міндеттерді орындауда алдағы уақытта да табыс тілеймін", - деді ол.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны