12.02.2020, 23:13 4384

Маңғыстау ҚР туристендіру картасының үздік ондығына енді

Биыл Ақтаудан 20 шақырым жерде бір мезгілде 1 мың адамды қабылдай алатын ірі курорттық кешен ашылады

Алматы. 12 ақпан. Kazakhstan Today - Маңғыстау - еліміздегі туризмді дамытуға мүмкіндігі жоғары аймақ ретінде танылып, ҚР туристендіру картасының үздік ондығына енді. Бұл жөнінде өңір басшысы Серікбай Трұмов облыс тұрғындары алдында берген есебінде айтты.

"Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған" мемлекеттік бағдарламасына Каспий теңізінің жағалауында теңіз курортының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту бойынша іс-шаралар енгізілді.

Жергілікті бюджет қаражаты есебінен Ақтау мен Құрық порты аралығындағы теңіз жағалауыныңинфрақұрылымын дамыту, оның ішінде электр қуатымен, сумен, газбен қамту және Ақтау қаласынан "Алау" балаларды сауықтыру лагеріне дейінгі 4 жолақты қозғалыстағы, одан әрі Құрық паромдық кешеніне дейінгі 2 жолақты қозғалыстағы автожолдың құрылысын салу және қайта құрылымдау бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде.

"Нұр-Капитал" мемлекеттік бағдарламасының 30 млн. теңге көлеміндегі қолдауы және кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен 2019 жылдың көктемінде Шетпе селосында "Сәтті" кемпинг кешені ашылды. Инвестиция көлемі - 160 млн. теңгені құрап, барлығы 41 жұмыс орны ашылды.

Былтыр Маңғыстау өңіріне келген саяхаттаушылардың саны 200 мыңнан асты. Аймақта туристерге қызмет көрсететін 90 қонақүй бар. Өткен 2018 жылдың 9 айымен (3,9 млрд. теңге) салыстырғанда, былтыр көрсетілген қызмет көлемі 4,1 млрд. теңгені құрап, 104,3%-ға өсті.

АҚТАУДА ІРІ КУРОРТТЫҚ КЕШЕН АШЫЛАДЫ

Биыл Ақтаудан 20 шақырым жерде бір мезгілде 1 мың адамды қабылдай алатын ірі курорттық кешен ашылады. "Жылы жағажай" аумағында "AKTAU RESORT HOTEL" көпфункционалды туристік қонақ үй кешенінің құрылысы 2019 жылдың маусым айында басталған еді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 30% аяқталды. Құрылыс басында 750 адам еңбектенуде. Туристік нысанның 1-кезеңін 2020 жылдың маусым айында аяқтау жоспарлануда. Мұнда наурыздан бастап қазан айына дейін Каспийдің мөлдір суына түсіп, құмына қыздырынуға болады. Аквапарк пен ашық бассейндер арнайы құрылғының көмегімен жылынбақ. Қонақүй кешенінің жалпы аумағы 130 гектар. Курорттық орталық іске қосылған соң 750 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Жобаны іске асырушылар туристік кешенде жұмыс істейтін мамандарды даярлау ісіне орай облыс әкімдігімен келісім жасады. Өткен жылдың желтоқсан айында Маңғыстау туризм колледжі базасында қонақ үй бизнесі және мейрамхана ісі мамандықтары бойынша "Rixos Aktau Training Aсademy" бағдарламасымен ақысыз негізде қысқа мерзімде кадрларды оқыту басталды. 400 маман 1 айлық курстан өтіп, сертификаттарға ие болды. Бүгінде кадрларды даярлау жұмыстары жалғасуда. 2020 жылдың мамыр айына дейін 1200-ден астам адамды оқыту жоспарда бар.

2019 жылдың күзінде "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында Ақтау қаласындағы "Самал" қонақ үйін "Holiday INN" қонақ үй кешені брендімен қайта құрылымдау жобасы жүзеге асырылды. Нәтижесінде қонақ үй кешені 4 жұлдызды "Holiday Inn-Aktau-Seaside" атауымен ашылды. Инвестиция көлемі барлығы 2,5 млрд.теңгені құраған, аталған жоба 35 жұмыс орнын ашты. Сондай-ақ, қонақ үй аумағында аквапарк құрылысын салу жұмыстары жүргізілуде.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны