23.09.2009, 14:08 4034

Мәслихаттардың тексеру комиссиялары мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарының талаптарын сақтамауда - Есеп комитеті

Мәслихаттардың тексеру комиссиялары мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарының талаптарын сақтамауда - Есеп комитеті

Астана. 23 қыркүйек. Kazakhstan Today - Есеп комитетінің бағалауынша, мәслихаттардың тексеру комиссиялары мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарының талаптарын сақтамауда, деп хабарлайды Kazakhstan Today Есеп комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Есеп комитеті мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарының талаптарын сақтауды бақылаудың қорытындысы бойынша мәслихаттардың тексеру комиссияларында бақылау іс-шараларын жүргізу және жоспарлау мәселелерінің бір жүйеге келтірілмегенін анықтады.

"Тексеру комиссиялары туралы ереженің бекітілмегені, есептілік құжаттарының бірыңғай нысандарының әзірленбегені анықталды. Тексеру комиссиялары сыртқы бақылау жүргізу бағдарламаларын жасамаған. Тексеру комиссияларының жұмыс жоспарлары мәслихаттардың сессияларында қаралмайды. Бақылау объектілеріне алдын ала зерделеу жүргізілмейді",- делінген хабарламада.

Есеп комитетінің мәліметінше, бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша есептер тұрақты түрде жасалмайды, әрі еркін нысанда жасалып жүр. Тексеру комиссияларының мүшелері мен мамандары бақылау нәтижелері бойынша жасалған қорытындылардың анықтығы мен объективтілігіне дәлел бола алатын ақпаратты жеткілікті көлемде бермеген, бұзушылықтар дұрыс тұжырымдалмаған. "Тексеру материалдарында заңдық күші жойылған нормативтік құқықтық актілерге сілтеме жасалған. Бақылау барысында мәслихаттардың тексеру комиссиясын тексерушілер тек бюджет қаражатының жұмсалуын сипаттаумен ғана шектелген. Бірқатар актілерде тексерілген бюджеттік бағдарламалар бойынша бұзушылықтар туралы деректер, мақсаттар мен индикаторларға қол жеткізудің деңгейі туралы объективті мәліметтер жоқ",- деп қорытады комитет.

"Көптеген актілер жүргізілген кассалық және банк операцияларының, жалақы жөніндегі есептердің және өнім берушілермен есеп айырысулардың, негізгі құралдар мен материалдық құндылықтардың есебінің, сондай-ақ бухгалтерлік есеп пен есептіліктің стандарттық сипаттамасын қамтиды",- деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Есеп комитетінің пайымдауынша, "Мәслихаттардың тексеру комиссиялары Бюджет кодексінде көзделген бақылау функцияларын жеткілікті дәрежеде орындамай отыр, жергілікті бюджеттерге түсімдердің уақтылы және толық түсуіне қатысты мәселелер бойынша жергілікті мемлекеттік органдардың қызметін тексерулер жоспарланбаған және жүргізілмеген".

"Тексеру жүргізуге тартылған мамандардың сапалы әрі толыққанды бақылау жүргізу үшін қажетті білімі мен машығы болмаған. Тексеру комиссиялары мүшелерінің барлығы бірдей тексеріске қатыса бермеген, олардың арасындағы міндеттер бөлінбеген, кейбіреулері лауазымда номиналды түрде отыр. Тексеру комиссиялары мүшелерінің басым көпшілігінің қаржылық бақылау саласында тәжірибелері жоқ, олардың біліктілігін арттыру бойынша жұмыстар өткізілмеген.

Бақылау іс-шараларын өткізуге маман-сарапшылар (тексерушілер) көбінесе ақылы негізде тартылып отырған. Олардың қызметіне ақы төлеу мәслихат хатшыларымен жасасқан еңбек келісімдері (шарттары) негізінде жүргізілген, алайда осы келісімдерде тараптардың құқықтары, міндеттері мен жауапкершіліктері, еңбек шартын өзгерту мен тоқтату тәртібі, кепілдіктер, өтемақы төлемдері мен оларды төлеу тәртібі, сондай-ақ өмірді және денсаулықты сақтандыру туралы мәліметтер келтірілмеген",- деп хабарлайды Есеп комитеті.

"Тексеру комиссиялары "Жариялылық" стандартының талаптарын сақтамаған. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жұртшылықты бақылаудың қорытындылары туралы хабардар ету жүргізілмейді. Түрлі деңгейдегі мәслихаттардың тексеру комиссияларында сатылы бағыныштылық деген болмаса да, облыстық мәслихаттардың тексеру комиссияларының төрағалары қалалық мәслихаттардың тексеру комиссияларының төрағаларына облыстық бюджеттен қаржыландырылатын бақылау объектілеріне тексеру жүргізуге тапсырмалар беріп отырған",- делінген хабарламада.

Осыған сәйкес, "Есеп комитеті жергілікті бюджеттің атқарылуын сыртқы бақылаудың сапасы мен тиімділігін арттыру үшін мәслихаттардың тексеру комиссияларына бақылау жұмысының жылдық жоспарларын, бақылау бағдарламаларын әзірлеуді ұсынды. Тексеру комиссияларының құрамына мемлекеттік қаржылық бақылау саласында кәсіби дайындығы және тәжірибесі бар мамандарды алу, сондай-ақ олардың біліктілігін арттыру жөнінде шаралар қолдану ұсынылды. Жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есептер жасаудың, жергілікті бюджеттерге түсетін түсімдердің толықтығы мен уақтылылығына қатысты мәселелер жөнінде жергілікті мемлекеттік органдардың қызметіне тексеру жүргізудің қажеттілігі көрсетілді. Бақылау актілерінде тексеру барысында анықталған бұзушылық фактілері мен сомасын, қаржы тәртібін жақсартуға қатысты ұсынылатын шараларды көрсету жөнінде ұсынымдар берілді",- делінген хабарламада.

Есеп комитеті республикалық бюджеттiң атқарылуына сыртқы бақылауды жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк қаржы бақылауының жоғары органы болып табылады. Ол республикалық бюджеттің атқарылуына, гранттардың, мемлекет активтерінің, мемлекет кепілдік берген қарыздардың, мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен өз иелігінде қалатын ақшаның пайдаланылуына сыртқы бақылау жасап, бағалау жүргізеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны