14.10.2025, 14:30 43176

Мемлекеттік бюджеттің кірістер көлемі 17,3 трлн теңгені құрады - Қаржы министрлігі

Мемлекеттік бюджеттің кірістер көлемі 17,3 трлн теңгені құрады - Қаржы министрлігі
2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің кірістер көлемі 17,3 трлн теңгені құрап, жоспар 102%-ға орындалды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Оның сөзінше өткен жылмен салыстырғанда, өсу қарқыны 116%-ға жетіп, 2,4 трлн теңгені құрады. Республикалық бюджеттің түсім көлемі 10,5 трлн теңгені құрап, жоспар 97,3%-ға орындалды. Өсім қарқыны өткен жылмен салыстырғанда шамамен 1,4 трлн теңгеге немесе 116% -ға жетті.

Жоспардың орындалмауының негізгі факторлары: біріншіден, әлемдік мұнай бағасының құбылмалылығы; екіншіден, бизнестің логистикалық шығыстарына әсер ететін, тұрақсыз геосаяси жағдайдың жалғасуы. Бұл, өз кезегінде, экспорт көлемінің 5,1%-ға төмендеуінде және соның салдарынан, бизнестен түсетін салық түсімдерінің азаюына алып келді. Жергілікті бюджет кірістері көлемі, сыртқы факторларға тәуелсіз салықтар есебінен 6,8 трлн теңгені құрады. Жоспар 704 млрд теңгеге артығымен орындалды. Салық және кедендік әкімшілендіру шеңберінде, 653 млрд теңгеге қосымша резервтер қамтамасыз етілді", - деді Мәди Такиев.


Ведомство басшысының сөзінше осы жылдың 9 айында, экспорттаушыларға жалпы сомасы 1 трлн теңгеге жуық қосылған құн салығы қайтарылды. Нәтижесінде экономикаға нақты өтімді қаражаттың түсімі қамтамасыз етіледі.

Мемлекеттік бюджет шығыстары - 94%-ға, республикалық бюджет шығыстары - 93%-ға, жергілікті бюджет шығыстары 97%-ға атқарылды.

Республикалық бюджеттің негізгі шығыстары:

  • әлеуметтік салаға - 6,5 трлн теңге;
  • өңірлерді қолдауға - 5,6 трлн теңге;
  • нақты секторға - 1,2 трлн теңге бағытталды.

Айта кету керек, бүгінгі күні өңірлерді қолдауға бағытталған қаржат көлемі - 74%-ды құрады. Бұл еліміздің теңгерімді әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді. Жергілікті бюджеттер жалпы 9 трлн теңгеге әлеуметтік сала мен негізгі қызметтерге басымдық бере отырып қаржыландырылды. Әлеуметтік-экономикалық жобаларды қаржыландыруда, Арнаулы мемлекеттік қорға қайтарылған қаражат, айтарлықтай қолдау болды. Мәселен жалпы сомасы 392 млрд теңгеге - 443 жоба қаржыландырылды. Бұл жобалардың ішінде сумен жабдықтауға байланысты 248 жобаға - 193 млрд теңге, оның ішінде ауылдық елді мекендердегі 196 жобаға - 141 млрд теңге бөлінді. Денсаулық сақтау саласында 129 млрд теңге сомасына - 177 жоба, оның ішінде 33,6 млрд теңгеге - Өскемен қаласында гематологиялық орталық салу, және 28,1 млрд теңгеге - Риддер қаласында көпбейінді аурухана салу жобалары да бар. Сондай-ақ спорт саласында 4 жоба - 33,1 млрд теңге сомасына қаржыландырылды", - деді Мәди Такиев.


Министрдің сөзінше биылғы жылдан бастап "Мемлекеттік сатып алу туралы" жаңа Заң қолданысқа енгізілді, мұнда бұрындары ұзақ уақытқа созылатын сатып алу рәсімдерінің мерзімдерін қысқартуға басымдық берілген. Бүгінгі күні мерзімдер ең төменгі деңгейге дейін қысқартылып, отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған ережелер енгізілді.

Мәселен, осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда:

  • жасалған шарттар сомасы мен отандық тауар өндірушілерден сатып алу сомасы 2 есеге өсті;
  • шағымдар саны 25%-ға қысқарды;
  • жасалған шарттар саны 28%, оның ішінде отандық тауар өндірушілермен жасалған шарттар саны 30%-ға өсті.

Бүгінде Министрлік мемлекеттік сатып алуда, жасанды интеллект элементтерін енгізуде. Мәселен, конкурстар рейтингтік-баллдық жүйені пайдалана отырып өткізіледі: мұнда конкурстық комиссия құрылмайды, жеңімпазды таңдау автоматты түрде жүзеге асырылады, нәтижелерге шағым жасалмайды. Үнемделген қаражат көлемі 781 млрд теңгені құрады.

Есепті кезеңде бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін тиімді пайдалануға бақылауды күшейту шеңберінде, келесі шаралар атқарылды:

  • 2 трлн теңгеден астам бюджет қаражаты бойынша 791 тексеру жүргізілді;
  • 348 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды, оның 310 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды;
  • әлеуметтік салада 6 мыңнан астам нысан онлайн мониторингпен қамтылды.

Нақты секторда бақылауды күшейту шеңберінде кірістерді жасыруға және бухгалтерлік деректерді бұрмалауға жол бермеу үшін тәуекел бейіндері әзірленуде. Сонымен қатар Мемлекеттік аудит бюджетті бекітуге дейін, мемлекеттік органдардың шығыстарын жоспарлау барысында талдау жүргізді. Нәтижесінде 1,5 трлн теңгеге сапасыз жоспарлау анықталды.

Министрдің айтуынша цифрлық трансформация аясында бюджеттік онлайн мониторинг енгізілген, ол бюджет қаражатының жұмсалуына бақылауды күшейтуге бағытталған. Қазіргі уақытта, білім беру саласының өзінде, қаражатты жұмсау кезіндегі бұзушылықтардың алдын алу, және тәуекелдерді анықтауда, айтарлықтай нәтижелер алынды. Жасанды интеллект элементтерін қолдану нәтижесінде, тәуекелді төлемдерінің сомасы 2024 жылы 307 млрд теңгеге және 2025 жылы 132 млрд теңгеге анықталды.

Мәселен, аудандық білім бөлімдерінің қызметкерлеріне бір айда 65 млн теңгеге дейін төлем жасалған немесе 10 млн теңгеден астам сыйақы аударылған. Тағы бір мысал, бір шот немесе бір жеке сәйкестендіру нөмірін көрсете отырып, әр түрлі адамдардың аты-жөнімен айына 66 төлем жасалған. Сонымен қатар мониторинг жүйесі кеңейіп келеді - ол тек білім беру саласын ғана емес, сонымен бірге денсаулық сақтау, мәдениет, туризм және спорт салаларын да қамтыды. Бұл жерде мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлеріне, бюджет шығыстарын мақсатқа сай пайдаланып, үлкен жауапкершілікпен қарау керектігін атап өтемін. Бұдан басқа, жүргізілген тексерулердің нәтижелері, мемлекеттік қолдау жүйесінің жекелеген қатысушылары бюджет қаражатын мақсатына сай пайдаланбай отырғанын көрсетті", - деді министр.


Сонымен қатар ведомство басшысы өткізу пункттерін жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға жеке тоқталып өтті. Оның сөзінше еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту және көршілес елдермен тауар айналымын арттыру мақсатында Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасындағы 9 автокөлік өткізу пункттеріне толық ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінгі таңда 4 өткізу пункті пайдалануға берілді. Қалған 5 автомобиль өткізу пункті осы жылдың соңына дейін іске қосылады деп жоспарланған. Бұл ретте, өткізу пункттері маңындағы шекаралық және сервистік инфрақұрылымды дамыту қажет. Сонымен қатар сәуір айында "Жібек жолы" жаяу жүргіншілер өткізу пунктін реконструкциялау жұмыстары басталды. Оның жобалық қуаты тәулігіне 70 000 жеке тұлға, 2 000 жеңіл автокөлік және 200 автобусты құрайды. Келесі жылдың бірінші жарты жылдығында іске қосу жоспарлануда.

Бақылау бекеттерін жаңғырту жұмыстрының нәтижесінде, шекарада өткізу қабілеті, өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға артты және кедендік төлемдердің түсімі 518 млрд теңгеге ұлғайды. Қабылданған жедел шешімдер өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік берді. Атап айтқанда: "Нұр Жолы" өткізу пунктін тәулік бойы жұмыс режиміне көшіру; Майқапшағай және Алакөл өткізу бекеттерінің жұмыс уақытын тәулігіне 12 сағатқа дейін ұлғайту; Бақты пунктін аптаның жеті жұмыс күніне көшіру. Жалпы, жаңғыртудан кейін, жиынтық өткізу қабілеті 6 есеге немесе жылына 5 млн автокөлік құралына дейін артады", - деді министр.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны