30.11.2015, 17:13 7225

Номиналдық құны 20 000 теӊгелік банкнотты айналысқа шығару туралы

Қазақстан Республикасыныӊ Тұӊғыш Президенті мемлекеттік мейрамына орай Қазақстан Республикасыныӊ Ұлттық Банкі 2015 жылғы 1 желтоқсаннан номиналдық құны 20 000 теӊгелік банкнотты айналысқа шығарады

Астана. 30 қараша. Kazakhstan Today - Қазақстан Республикасыныӊ Тұӊғыш Президенті мемлекеттік мейрамына орай Қазақстан Республикасыныӊ Ұлттық Банкі 2015 жылғы 1 желтоқсаннан номиналдық құны 20 000 теӊгелік банкнотты айналысқа шығарады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Бұл банкнот 2013 жылы дайындалған. Басқа ақша белгілерімен қатар айналысқа шыққан кезеӊнен бастап ол заӊды төлем құралы болып табылады және төлемдер мен ақша аударымдарыныӊ барлық түрлерінде қабылдануға міндетті.

Банкноттардыӊ дизайны айналыстағы ақша белгілерімен бірыӊғай стильде орындалған: бет жағыныӊ басым бейнелері тігінен, ал сырт жағында көлденеӊ орналасқан. 20 000 теӊгелік банкноттыӊ мөлшері: 155х79 мм.

Банкноттыӊ басым түсі көк-сұр.

Бет жағында негізгі бейнелер "Қазақ Елi" монументі, пырақ және Мәӊгілік ел салтанатты аркасы бейнеленген. Қазақстанныӊ тәуелсіздігін бейнелейтін "Қазақ Елі" тарихи-мемориалдық кешені Астана қаласыныӊ он жылдық мерейтойы қарсаӊында ашылды. Стела биіктігі - 91 метр - Қазақстанныӊ тәуелсіздік алған 1991 жылды білдіреді. Ескерткіштіӊ мәрмәр тұғыры Қазақстан халқыныӊ таза ой-ниеті мен этникааралық үйлесімін паш етеді. Ал төбесінде Самұрық құс бар стеланыӊ өзі Қазақстан халқыныӊ болашаққа, одан әрі даму мен гүлденуге деген ұмтылысын көрсетеді.

Банкноттыӊ жоғарғы сол жағында пырақ бейнеленген, ол түркітілдес және көшпенді халықтарды қоса алғанда көптеген мәдениетте таза нұр мен өмірдіӊ, шабыт пен жемісті еӊбектіӊ, мақсатқа ұмтылушылық пен биліктіӊ нышаны ретінде қабылданады.

Банкноттыӊ төменгі жағында ортада Мәӊгілік ел салтанатты аркасы - еркін елдіӊ мәӊгілік идеясы, жалпыға ортақ Қазақстан үйініӊ ұлттық идеясы сәулет құрылысы тұрғысынан бейнеленген.

Сырт жағында банкноттыӊ ортасындағы негізгі бейне Қазақстан картасыныӊ пішіні және астанамыз - Астана қаласыныӊ Қазақстан Республикасыныӊ Конституциясында негізі қаланған билік тармақтарын бөлу қағидатын көрсететін тәртіппен орналасқан Ақорда, Парламент және Үкімет ғимараттары бар көрінісі бейнеленген.

Жаӊа банкнот Қазақстан теӊгесініӊ еӊ қорғалған ақша белгісі, сондай-ақ әлемдегі еӊ қорғалған банкноттардыӊ бірі болып табылады. Қорғау үшін қолдан жасаудан қорғау индустриясындағы соӊғы инновациялар, жалған ақша жасаушыларға қарсы іс-қимылдыӊ жаӊартылған әрі күшейтілген классикалық тәсілдері пайдаланылды. Бет жағындағы негізгі қорғаныш элементтер: банкноттыӊ екі жағынан жарыққа тосып қарағанда көрінетін самұрық мифтік құсы түріндегі композиттік жетілдірілген сутамғы белгісі және мөлдір орын түріндегі құс пішіні. Дизайныныӊ түпнұсқалылығын тексеруді жеӊілдететін түс ауыстыру элементтері пырақ, мөлдір орында көрінетін қазақтыӊ ою-өрнегі және түс ауыстыратын қорғаныш үзік-үзік жіп түрінде орналасқан.

Көзі нашар көретін адамдар үшін банкноттыӊ оӊ жағында шетінде саусақпен ажыратуға болатын жеті жоғары бедерлі үш бұрыш басылған.

Банкноттыӊ сырт жағында бірқатар қорғаныш элементі бар: сутамғы белгісі, түс ауыстыру бояумен басылған ою-өрнек элементі бар мөлдір орын, жарыққа тосып қараған кезде бет жағындағы бөліктермен біртұтас суретті құрайтын қосарланған бейненіӊ бөліктері. Банкноттыӊ төменгі сол жақ бұрышындағы номиналы да көлбеу бұрышын өзгерткен кезде түсін ауыстырады.

2015 жылғы 28 қарашада ҚР Ұлттық Банк Басқармасымен 2016 жылғы 3 қазанға (қоса алғанда) дейін 2006 жылғы үлгідегі номиналы 2000, 5000, 10000 теӊге банкноттардыӊ біртіндеп айналыстан шығару мерзімдерін ұзарту туралы шешім қабылданды. Көрсетілген мерзімге дейін бұл банкноттар заӊды төлем құралы болып табылады және төлемдер мен банктік операциялар үшін Қазақстан Республикасыныӊ барлық аумақтарында қандай да бір шектеусіз қолданылады.

Содан соӊ 12 ай ішінде - 2016 жылғы 4 қазаннан 2017 жылғы 3 қазанға (қоса алғанда) дейін - көрсетілген ақша белгілері кез келген екінші деӊгейдегі банкте айырбасталуға тиіс.

Бұл мерзімнен кейін барлық қалған 2006 жылғы үлгідегі номиналы 2000, 5000 және 10000 теӊге банкноттар 2020 жылғы 3 қазанға шейін барлық ҚР Ұлттық Банк филиалдарында айырбасталуға қабылданатын болады. 2020 жылғы 4 қазаннан бастап банкноттар заӊды емес болып табылады.

Жоғарыда көрсетілген банкноттардыӊ айырбасталуы тегін, комиссия алусыз не айырбастау үшін ақысыз жүзеге асырылатын болады.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны