07.05.2008, 12:20 1635

Оңтүстік Қазақстан облысында 120 мың гектар аумақты шегіртке жайлап алды - телеарна

Оңтүстік Қазақстан облысында 120 мың гектар аумақты шегіртке жайлап алды - телеарна

Шымкент. 7 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Оңтүстік Қазақстан облысында марокко шегірткесінің таралу аймағы екі есе өсті, деп хабарлайды агенттік тілшісі жергілікті "Отырар" телеарнасына сілтеме жасап.

Зардап шеккен аудандарға барып қайтқан тележурналистердің мәліметінше, бүгінде облыста шегіртке 120 мың гектар аумаққа таралған, бұл оның бастапқы таралу аймағынан екі есе артық және ол ауылшаруашылық егістіктеріне тікелй қатер төндіруде.

Шегіртке Сарыағаш, Арыс, Шардара, Отырар және Ордабасы аудандарында тіркелген. Ең ауқымдысы Сарыағаш ауданы, онда зиянкестерден 48 мың гектар жерді өңдеу керек.

Мамандардың пайымдауынша, ыстыққа байланысты жәндіктер болжанған мерзімнен он күн бұрын оянған. Ерте басталған қуаңшылыққа байланысты азық тапшылығы шегірткенің егістік алқаптарына жылдам қарқынмен таралуына әсер етеді. Сонымен бірге, мамандардың айтуынша, шегірке санының күрт артуы табиғи факторларға да байланысты.

"Шегірткенің таралуының шарықтау шегі 2000-шы жылдарға сәйкес келді. Жәндіктердің даму циклы болады. Содан бері 8 жыл өтті. Өткен жылдарда шегіртке саны азайса, қазір ол көбейіп отыр. Бұл табиғат заңы", - деді ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің фитосанитарлық диагностика және болжам жөніндегі республикалық орталығының директоры Зейна Сулейменова. Күрделі ахуалға байланысты үкімет шегірткемен күреске қосымша қаржы бөлді.

"Өңдеу жоспарланған 95 мың гектар аумаққа қоса тағы да 25 мың гектарға арнап химикаттар бөлінді. Олар бір күнде жеткізілді. Сонымен бірге, республикадан қосымша техника тартылды. Бізде шегіртке қанаттанып ұшып шыққанға дейін бірнеше ғана күн бар. Ол кезде оларды тоқтату мүмкін болмай қалады", - деді ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекциялық комитеті төрағасының орынбасары Мұхтар Ибдірахманов.

Шегірткемен күреске жергілікті тұрғындар да жұмылдырылып, қолда бар техникаға қоса жергілікті басшылық жеке меншік автокөліктерді де жалға алуда. Ауылшаруашылық авиациясын жұмылдыру мәселесі де қаралуда.

Жұмыстар негізінен ауылшаруашылығы дақылдары егілген аумақтар мен шекараларды бойлай екі бағытта жүргізілуде.

"Біздің мақсатымыз - ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің егістік алқаптарын құртуға жол бермеу, екіншіден, түрлі шиеленістердің алдын алу үшін көршілес елдердің аумағына шегірткенің миграциясына жол бермеу", - деді М. Ибдірахманов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны