13.11.2006, 18:01 3032

Павлодарда Сәтпаев атындағы канал жұмысшыларының жалақы берешегін өтеу туралы талабы жартылай ғана қанағаттандырылды; жұмысшылар кәсіпорынды тастап кетіп жатыр - кәсіподақ ұйымы

ПАВЛОДАР. 13-қараша. Kazakhstan Today. Павлодарда "Сәтпаев атындағы канал" РМК жұмысшыларының жалақы берешегін өтеу туралы талабы жартылай ғана қанағаттандырылды; қарызға байланысты жұмысшылар кәсіпорынды тастап кетіп жатыр. Бұл туралы Сәтпаев атындағы каналдың біріккен кәсіподақ ұйымы комитетінің төрағасы Сұлтан Қабдырашев Kazakhstan Today агенттігіне берген сұхбатында хабарлады.

"Павлодар облысының әкімшілігі тарапынан ахуалды жолға қою үшін уәде етілген 100 млн. теңгенің орнына біз іс жүзінде бұл қаржының оннан бір бөлігін ғана, нақты айтар болсақ, небәрі 10 млн. теңгесін ғана алдық",- деді ол. Сұлтан Қабдырашевтің айтуынша, бұл қаржы бір адамға 1800 теңгеден ғана төлеуге жетті. Ал қазір жалақы берешегі 107 млн. теңгеге жеткен. Сонымен бірге канал зейнетақы қорларына тағы 150 млн. теңге аударуға тиіс.

С. Қабдырашевтің айтуынша, кәсіпорынның жалпы дебиторлық берешегі 1 млрд. 200 млн. теңгеден асады. "Ағымдағы берешектер өтелмеуге байланысты бізден мамандар көптеп кете бастады. Мұны мен апатқа теңеймін. 1,5-2 айда біздің кәсіпорыннан 100 адам жұмыстан кетті. Бұл кешікпей кәсіпорында ешкім қалмайды дегенді білдіреді. Біз кәсіби мамандардан айрылып жатырмыз. Адамдар жалақы анағұрлым жоғары төленетін Екібастұз ГРЭС-і секілді кәсіпорындарға кетіп жатыр",- деді кәсіподақ ұйымы комитетінің төрағасы.

Ол сондай-ақ 10-қарашада "Сәтпаев атындағы канал" РМК -ына қатысты мәселе ауылшаруашылығы министрі Ахметжан Есімовтың төрағалық жасауымен өткен мекемеаралық отырыста қаралғанын жеткізді. "Мәселе онда да шешілген жоқ. Бұл жерде де бюрократиялық тетік іске қосылып, біз бұлыңғырлау уәде ғана естідік. Қазір біз Қауіпсіздік кеңесі мен республикалық "Отан" саяси партиясына хат дайындап жатырмыз. Бұл - біздің соңғы үмітіміз",- деді С. Қабдырашев.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, берешек "Екібастұзсу" кәсіпорнының кінәсінен болып түзілген. Кәсіпорын соңғы бірнеше жыл бойы тұтынған су үшін төлемді дер кезінде төлемей келеді. Оның каналға берешегі 642 млн. теңгеден асады. Соның салдарынан "Сәтпаев атындағы канал" РМК банкорттыққа ұшырауға шақ қалып, 1 және 2-ші ГРЭС-пен (берешек - 120 млн. теңге) және жұмысшылармен есеп айырыса алмай отыр. 10-қазанда Сәтпаев атындағы каналдың жұмысшылары жалақы берешегін жедел өтеуді талап етіп митинг өткізіп, мәселені 10 күнде шешуді талап еткен. Олай болмаған жағдайда жұмысшылар Екібастұзға су беретін гидроторапты жауып тастамақ болды.

Қаржылық тауқымететрге байланысты канал қажетті көлемде су айдай алмай қалды. Ал қыс маусымында арнаның тайыздануы оның қатып қалуына алып келуі ықтимал. Бұл өз кезегінде жасанды су артериясын бойлай орналасқан

Екібастұз, Ақсу, Теміртау және Қарағанды қалаларына ауыз судың жіберілмей қалуына ұрындырады.

"Сәтпаев атындағы канал" РМК 1975-жылы пайдалануға берілген. Бұл суды 500 метрге дейін көтеретін әлемдегі осындай бірден-бір нысан. Канал секундына 75 текше метр су өткізе алады. Су каналға Ертістен бастау алатын Белая өзенінен келеді. Каналдың ұзындығы 500 шақырым. Ол Екібастұз, Ақсу, Теміртау және Қарағанды секілді өнеркәсіптік қалаларды ауыз сумен және техникалық сумен қамтамасыз етеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны