30.03.2007, 18:50 3590

Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры астана әкімшілігінің кәсіпкерлерге берілетін несие көлемін 30 мың АЕК дейін көтеру туралы бастамасын мақұлдады

АСТАНА. 30-наурыз. Kazakhstan Today. Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры Fстана әкімшілігінің кәсіпкерлерге берілетін несие көлемін 30 мың айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін көтеру туралы бастамасын мақұлдады. Бұл туралы Kazakhstan Today агенттігінің тілшісіне сұхбат беру барысында Шағын кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарма төрағасы Госман Амрин мәлімдеді.

"Бүгінде қордың Астанадағы бөлімшесі кез-келген жобаны 30 мың АЕК дейінгі сомада - бұл 32 млн теңге шамасында қаржыландыру туралы шешімді өз бетінше қабылдауға құқығы бар",- деп хабарлады Г. Амрин. "Астана әкімі бұл лимитті екі есеге өсіруге ұсыныс жасады. Біз бұл ұсынысты қарастырдық және де екі аптадай бұрын аталмыш ұсыныс бойынша соңғы шешім қабылданды",- деп түсіндірді ол.

Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры басшысының сөздеріне сүйенсек, бүгінде "кіші бизнеске қор бөлімшесі арқылы 120 мың АЕК, яғни 1 млн АҚШ долларына дейін несие беру механизмі жұмыс істейді". "30 мың АЕК асатын мұндай сомада несие беру үшін қордың бөлімшесі өтініш берушінің жобасын оны міндетті түрде бекіту үшін Шағын кәсіпкерлікті дамыту қорының басқармасына ұсынады",- деп түсіндірді Г. Амрин.

"Бұл механизм тек Астана үшін ғана емес, кез-келген облыс үшін де жұмыс істейді",- деп қосты ол. "Өтініш беруші бөлімшеге жүгініп, өзінің жобасын ұсынады, бөлімше жобаны басқармаға кіргізеді де, бір миллион долларға дейін несие беруге келісімін алады",- деп түсіндірді шенеунік.

"Бізде арнайы кепілдік бағдарламасы жұмыс істейді, біз өтініш берушінің пайдасына кепілдік береміз, ол екінші деңгейлі банкке барып, оның қамтамасыздығы жетпеген жағдайда біз оның міндетін 80 пайызға жабамыз. Мінеки, біз осындай жобамен елдің барлық аймақтары үшін лимитті 30 мың АЕК дейін өсірдік",- деп түсіндірді Г. Амрин.

Бұрындары хабарлағанымыздай, Астана қаласының кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің директоры Малика Нығматулина Астана кәсіпкерлерімен кездесуінде Астана әкімі Асқар Маминнің Шағын кәсіпкерлікті дамыту қорының беретін несие көлемін 60 мың АЕК дейін өсіруі туралы ұсынысын мәлім еткен болатын.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны