09.06.2008, 19:40 3367

Үкімет бюджет шығындарын басым бағыттарда тиісті деңгейде жүзеге асыра алмады - Есеп комитеті

О.Өксікбаевтың айтуынша, "2007 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының атқарылуын талдау көрсетіп отырғандай, Қазақстан Республикасы Үкіметінің республикалық бюджеттің құрылымын қалыптастыруда, оның кірістері мен шығыстарына мониторинг жүргізуде, сондай-ақ оларды орындауда жіберген кемшіліктері мен қателіктері, бюджет және ақша-кредит саясатын тежеу жөніндегі шаралары бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз ете алмады және инфляцияны орта мерзімді жоспарда белгіленген деңгейде (5-7%) ұстап тұруға шамасы жетпеді.

Астана. 9 маусым. "Қазақстан Бүгін" - Үкімет бюджет шығындарын басым бағыттарда тиісті деңгейде жүзеге асыра алмады. Бұл туралы Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев бүгін Қазақстан Республикасы үкіметінің есебі бойынша қорытынды болып табылатын 2007 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті парламент сенатында таныстыру барысында атап көрсетті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

О.Өксікбаевтың айтуынша, "2007 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының атқарылуын талдау көрсетіп отырғандай, Қазақстан Республикасы Үкіметінің республикалық бюджеттің құрылымын қалыптастыруда, оның кірістері мен шығыстарына мониторинг жүргізуде, сондай-ақ оларды орындауда жіберген кемшіліктері мен қателіктері, бюджет және ақша-кредит саясатын тежеу жөніндегі шаралары бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз ете алмады және инфляцияны орта мерзімді жоспарда белгіленген деңгейде (5-7%) ұстап тұруға шамасы жетпеді.

Есеп комитеті берген есебінде республикалық бюджеттің негізгі көрсеткіштерін орындау кезінде бюджет-салық және ақша-кредит саясатының бір-бірімен байланысуына қатысты, сондай-ақ бюджеттік бағдарламаларды орындау тәртібінің төмен болуына байланысты бірқатар проблемалық мәселелер туындап жататынын атап өтті.

Осының бәрі бюджетке кірістердің толық түсу тиімділігін және әсіресе, әлеуметтік салада бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігін төмендетеді.

Атап айтқанда, салық түсімдерін талдау барысында республикалық бюджеттің кіріс бөлігін жоспарлауда, салықтық әкімшілік жүргізуде, сондай-ақ салық, алым және бюджетке төленетін басқа төлемдердің толық әрі уақтылы есепке жатқызылуын қамтамасыз етуде елеулі кемшіліктердің бар екені анықталды.

Бұл бюджет кірістерінің қолда бар барлық көздерін жұмылдыруға әсер етті.

Сонымен қатар, Есеп комитетінің бағалауынша, салықтық реттеу шаралары экономиканы әртараптандыруға және отандық тауар өндірушілердің іскерлік белсенділігін арттыруға, сондай-ақ салық салу базасын ұлғайтуға толық көлемінде ықпал ете алмады.

Салық органдарының салықтық міндеттемелерді уақтылы атқару жөніндегі қолданған шаралары бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуына тиісті дәрежеде көмектесе алмады.

Салық органдары берешек ақшасын толық көлемінде өндіріп алуды қамтамасыз еткен жоқ. 2008 жылғы 1 қаңтарға өндіріп алынбаған берешектер 46,6 млрд. теңге, сондай-ақ осындай түсімдер 26 ерекшелік бойынша 40 млрд. теңге шамасында болды.

Есеп комитеті бюджет қаражатының игерілу толықтығы, дебиторлық берешектің болуы сияқты өлшемдер бойынша, сондай-ақ бюджет заңдарына және басқа да нормативтік құқықтық актілерге қатысты анықталған заң бұзушылықтар бойынша бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің қызметіне талдау мен бағалау жүргізді.

Өткен жылдардағы сияқты, бағдарлама әкімшілері тарапынан бюджет қаражаты толық көлемінде игерілмегендіктен, маңызды әлеуметтік және экономикалық міндеттерді дер кезінде шешу мүмкіндігі уыстан шығып кетуде.

Қаржы жылының өне бойында республикалық бюджетті бірнеше рет нақтылап, түзету практикасы сақталуда.

Индустриалдық-инновациялық бағытқа, білімге, денсаулыққа бюджеттік қаражатты жұмсаудың басты бағыттары тиісті дәрежесінде іске асырылған жоқ.

2006 жылмен салыстырғанда сатып алынған қаржы активтері 3,5 есе көбейіп, 369 млрд. теңге болды.

Алайда, Үкіметте мемлекеттік қаржы активтерін сатып алу, пайдалану және есепке алу рәсімдерін реттеудің айқын тәртібі мен тетігінің болмауы оларды тиімсіз пайдалануға алып келді.

Есеп комитеті Бюджет кодексінің 138-бабын орындау мақсатында есепті кезеңде мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарын республикадағы мемлекеттік органдардың сақтау мәселесі бойынша бақылау іс-шараларын жүргізіп, бірқатар кемшіліктер мен олқылықтарды анықтады.

2005-2007 жылдар ішінде ішкі бақылау қызметі республикалық бюджеттік бағдарламалардың 12 әкімшісінде, оның ішінде, Үкіметтің 2005 жылғы 22 ақпандағы қаулысымен бекітілген ішкі бақылау қызметін құруға рұқсат етілген мемлекеттік органдардың тізбесіне енгізілген органдарда құрылмаған болып шықты.

Есепті кезең ішіндегі жергілікті бюджеттердің жеке кірістері 824,8 млрд. теңгені құрады, республикалық бюджеттен трансферттер - 494,7 млрд. теңге, субвенциялар - 192,8 млрд. теңге бөлінді. 2007 жылы Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарын, Алматы және Астана қалаларын қоспағанда, негізінен республика өңірлерінің 2/3 бөлігі субвенциялық болған.

Есеп комитетінің институционалдық мүмкіндіктеріне орай 4 мемлекеттік және 2 салалық бағдарламаның іске асырылуына жүргізген бақылау-талдау жұмысының нәтижелері бойынша аталмыш бағдарламалардың орындалу тиімділігінің төмен екендігі туралы тұжырым жасауға болады.

Өткен жылдардағы сияқты, акционерлік қоғамдар елеулі бюджет қаражатын екінші деңгейдегі банктердің депозиттеріне орналастырған.

Мәселен, (бюджет қаражатын алған 44 қоғамның ішінде) 27 акционерлік қоғамға 2007 жылы бөлінген 291,8 млрд. теңгенің 100 млрд. теңгесі негізгі құралдарды";

14,4 млрд. теңгесі бағалы қағаздар мен өзге де қаржы құралдарын сатып алуға жұмсалған болса; 139,5 млрд. теңгесі екінші деңгейдегі банктердің депозиттеріне салынып, 3,0 млрд. теңге табыс алынған.

О.Өксікбаев атап өткеніндей, үкімет осының салдарынан ел экономикасының өсуі күтілген мультипликативтік әсеріне қол жеткізе алмады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны