24.12.2007, 17:59 3186

Үкімет Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық даму стратегиясына түзетулер енгізеді - индустрия министрі

Үкімет Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық даму стратегиясына түзетулер енгізеді - индустрия министрі

Астана. 24 желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Үкімет Қазақстан Республикасының 2015-жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму стратегиясына түзетулер енгізеді. Бұл туралы еліміздің индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақов парламентте өткен үкіметтік сағат барысында мәлімдеді.

"2003-2006 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыру нәтижелері, өкінішке орай, қазіргі жағдайда өнеркәсіп құрылымында түбегейлі бетбұрыстың болмағанын көрсетеді. Сол себепті біз стратегияны жүзеге асырудың аралық нәтижесіне талдау жүргізу негізінде оны түзету жөнінде ұсыныс дайындадық. Бүгін оны үкімет қолдады, жоба таяу уақыттарда мемлекет басшысының қарауына ұсынылады", - деді Ғ.Оразбақов.

"Біз өңдеу саласындағы кәсіпорындардың бәсекелестік қабілетін көтеруді ынталандыруға, Қазақстанның ғаламдық тұрақты корпорацияларын құруға қолдау көрсетуге, қолайлы кәсіпкерлік ауан қалыптастыру мен шағын және орта бизнесті дамытуға, материалдық және материалдық емес инфрақұрылымды дамытуға қолайлы жағдайлар жасауға назар шоғырландыруды ұсынып отырмыз", - деді министр.

Оның айтуынша, "бұл бағыттарды жүзеге асырудың негізгі құралдары мен тетіктері ролін мемлекеттік холдингтер мен даму институттары, корпоративтік жетекшілер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, кластерлік бірлестіктер, индустриялық инфрақұрылымның қалыптасуы мен дамуы атқармақ".

"Жоғарыда аталған барлық бағыттарды жүзеге асыруда мемлекеттік мекемелердің, ұлттық компаниялар мен мемлекеттің қатысуымен құрылған басқа да ұйымдардың орта және ұзақ мерзімді сұраныстарын айқындауды талап ететін мемлекеттік тапсырыс беру құралы мен олардың өз өндірістерін жоспарлауы үшін отандық кәсіпорындармен мейлінше жақын ынтымақтасуы белсенді пайдаланылатын болады", - деді министр.

Ғ.Оразбақовтың атап көрсеткеніндей, "стратегияны жүзеге асыруда тек жаңа инвестиицялық жобаларға ғана емес, сонымен бірге, еліміздегі жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардың әлеуетін дамытуға назар аудару тың көзқарас болмақ".

Инновациялық саясат саласында министрлік "кәсіпорындар мен халықтың инновациялық белсенділігін дамытуға екпін түсірмекші". Осы ретте "стратегияны жүзеге асырудың бір негізгі бағыты отандық және шетелдік технологиялар трансфертін дамыту тетігін енгізу қарастырылуда".

"Біз кәсіпорындарға технологияларды жасау мен сатып алуға, лицензиялар, патенттер мен конструкторлық құжаттарды алуға қолдау көрсете аламыз және қолдау көрсетуге тиіспіз, ал кәсіпорындар оны енгізуге қаржы жұмсайтын болады", - деді Ғ.Оразбақов.

"Министрлік бюджеттен бөлінетін гранттар түрінде жобаларды қаржыландырады, осыған байланысты бюджеттік бағдарламаның жобасы жасалды, оның аясында шетелдерде патент алуға, инновациялық жобаның техника-экономикалық негіздемесін жасауға, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды атқаруға грант түрлерін бөлу жоспарланған", - деді министр.

Оның айтуынша, "2008 жылға 156 млн теңгенің бюджеттік сұранымы жасалды".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны