14.05.2010, 13:22 3428

Үкімет пен кәсіпкерлер "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы бірқатар келісімдерге қол қойды

Үкімет пен кәсіпкерлер "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы бірқатар келісімдерге қол қойды

Астана. 14 мамыр. Kazakhstan Today - Үкімет пен кәсіпкерлер "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы бірқатар келісімдерге қол қойды, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Бүгін Астанада ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі, барлық облыс әкімдіктері, "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ, Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығы және екінші деңгейлі банктер арасында ""Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасының бірінші бағытын жүзеге асыру аясында екінші деңгейлі банктердің жеке кәсіпкерлік субьектілеріне берген несиелеріне кепілдік беру жөніндегі келісімге", ""Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасының бірінші және үшінші бағытын жүзеге асыру аясында екінші деңгейлі банктердің жеке кәсіпкерлік субьектілеріне берген несиелеріне кепілдік беру жөніндегі келісімге", ""Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасының екінші бағытын жүзеге асыру аясында жеке кәсіпкерлік субъектілерінің несиелері бойынша сыйақы ставкаларын субсидиялау жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге", сондай-ақ, ""Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасының екінші бағытын жүзеге асыру аясында ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі мен Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығы арасындағы ықпалдастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.

"Қазақстан қазір дамудың жаңа сатысында тұр. Сондықтан біз қазірден бастап еліміздің дағдарыстан кейінгі қарқынды дамуын ынталандыруға тиіспіз",- деді келісімдерге қол қою рәсімінде сөйлеген сөзінде премьер-министр Кәрім Мәсімов.

Премьер-министрдің айтуынша, қазіргі экономикалық жағдай дағларысқа дейінгі кезеңде, яғни 2005-2007 жылдары болған экономикалық әлемге, экономикалық модельге ұқсамайды. Қазіргі экономикалық жағдай мүлдем басқаша. Бизнестік шешімдер жеке бастамалар болып қалуда және нақты шешімді бизнес қоғамдастықтың өздері қабылдауы тиіс. Үкіметтің міндеті сол шешімдерді жүзеге асыру бизнеске жеңіл болуы үшін барлық жағдайды ынталандыру болып табылады. Бұл жеке сектор субъектілерінің несиелері бойынша сыйақы ставкаларын субсидиялауға да қатысты.

"Бүгінгі күннен бастап бизнес нақты шешімдерді қабылдауда, үкімет тарапынан сыйақы ставкаларын субсидиялауға бөлінген ресурстарды банктерден алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Ал әкімдіктер үшін бүгінгі қол қойылған келісімдер жергілікті жерлерде бизнесті жүргізу шарттарын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Себебі, бизнес жергілікті жерлерде жасалып, дамиды", деді премьер-министр.

Премьер-министрдің пікірінше, еліміздің келешектегі экономикалық дамуы көп жағдайда үкімет пен бизнес қоғамдастықтың қазіргі таңдағы қоян-қолтық жұмысымен тығыз байланысты болып отыр. Бұл ретте Қазақстандағы бизнес дамып, экономикаға сүбелі үлес қосуы үшін барлық жағдай жасалған.

"Банктерде ақша бар, несие алушылар бар, пайыздық ставка - 7%, мұндай ставка тіпті әлемдің бірде-бір елінде жоқ. Тіпті Еуропалық Одақта да мұндай ставкамен несие алуға болмайтын шығар деп ойлаймын. Енді барлығы бизнестің қолында. Мен бүгін қабылданған шешіммен барлықтарыңызды құттықтаймын. Баршаңызға еліміздің келешектегі экономикалық дамуындағы міндеттерді шешуде табыстар тілеймін", деді үкімет басшысы қол қою рәсіміне қатысушыларға қаратып айтқан сөзінде.

Еске сала кетейік, 2010 жылы ""Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық бюджетте 30 млрд теңге қарастырылған. Қаржы үш бағыт бойынша бөлінеді: жаңа бизнес-бастамаларды қоодауға - 12 млрд теңге, кәсіпкерлік секторды жандандыруға - 16 млрд теңге, экспортқа бағытталған өндірістерді қолдауға - 2 млрд теңге.

Ағымдағы жылы бұл бағдарламаның аясындағы пайыздық ставканы субсидиялау сыйақы ставкасы 12%-дан аспайтын банк несиелері бойынша ғана жүзеге асырылады, бұл ретте 7%-ын бағдарламаға қатысушы төлесе, 5%-ын мемлекет өтеп береді. 2011 жылдан бастап субсидиялар көлемін үкімет анықтайды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны