17.05.2010, 17:48 3651

Үкіметтің борышы заңда белгіленген лимиттен 41 млрд теңгеге асқан - Есеп комитеті

Үкіметтің борышы заңда белгіленген лимиттен 41 млрд теңгеге асқан - Есеп комитеті

Астана. 17 мамыр. Kazakhstan Today - Үкіметтің борышы заңда белгіленген лимиттен 41 млрд теңгеге асқан. Бұл туралы бүгін Мәжілісте Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Есеп комитетінің 2009 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерінің таныстырылымы кезінде Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев өз баяндамасында атап көрсетті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"2009 жылы бюджеттің екі рет нақтыланғанына және бірнеше рет түзетілгеніне қарамастан, заңда бекітілген бірқатар көрсеткіштер орындалмай қалды. Үкіметтің борышы заңда белгіленген лимиттен 41 млрд теңгеге асып, үкімет резерві тиімсіз пайдаланылған, бақылау кезінде қаржы даму бағдарламары мен дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға арналған 280 млрд теңге депозиттік шоттарда жатқан",- деді есеп комитетінің төрағасы.

Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдардың трансферттерді пайдалануына, мемлекет кепілдік берген қарыздардың уақтылы және толығымен қайтарылуына тиісті бақылау жүргізілмеген.

"Стратегиялық жоспарлардың іске асырылуын талдау бірқатар проблемалар мен кемшіліктерді анықтады. Стратегиялық жоспарлардың мақсаттары мен міндеттерінің параметрлері нақты жағдайды көрсетпеуде, түпкілікті нәтижеге қол жеткізу үшін бюджет қаражатын тиімді жұмсау көзделмеген, тәуекелдерді анықтау жүйесі әзірленбеген",- деді ол.

"Сонымен қатар, стратегиялық жоспарларды әзірлеу жөніндегі әдіснамалық база формалды сипатта болып, қаржыландыру салалары мен бағыттарына талдау жүргізу қарастырылмаған. Есепті жылы төрт мемлекеттік және үш салалық бағдарламаның іске асырылу тиімділігіне бақылау жүргіздік.

Үкімет бекіткен бағдарламалық құжаттарды жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарларының елеулі кемшіліктері, олар бұрыннан кездесетін, іс-шараларды ресурстық қамтамасыз ету, сондай-ақ осы іс-шараларды бағдарламалардың мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келтіру, оларды толық іске асыру проблемалары болып табылады. Бағдарламалардың іске асырылуына кешенді көзқарас болмағандықтан, бұл бағдарламалар нақты саланың әлеуметтік-экономикалық дамуына жеткілікті дәрежеде әсер ете алмауда,- деді комитет басшысы.

"Біз Есепте бюджеттік инвестициялық жобаларды орындалуына баға бердік. Бұл жерде мынадай бұзушылықтарға жол берілген: инвестициялық жобалар мен бағдарламаларды жоспарлау кезінде заңнама талаптары бұзылған; жобаларды іске асыру барысында олардың құнын қымбаттатуға жол берілген (яғни объектілердің қымбаттауынан оларды жүзеге асыру тоқтап қалуы ықтимал); өнім жеткізушілер шарттағы өз міндеттемелерін бұзып отырған; құрылыс-монтаж жұмыстары сапасыз жүргізілген",- деді О.Өксікбаев.

Оның айтуынша, нысаналы трансферттердің игерілуіне, түпкілікті нәтижелердің орындалуына тиісті деңгейде бақылау жасалмаған. Республикалық бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің функциялары жергілікті атқарушы органдарға трансферттерді аударумен ғана шектеліп отырған. Жергілікті бюджеттердің кіріс бөлігіне көз жүгіртер болсақ, өңірлердің жеке кірістері мен республикалық бюджет трансферттері арасында айтарлықтай теңгерімсіздік орнағанын байқауға болады. Үкімет мемлекет активтерін басқарудың тиімді тетігін әзірлеу жөнінде жан-жақты шаралар қолданбаған.

"Біздің пікірімізше, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жүйелі және дәйекті стратегиясының болмауы, инвестициялық жобаларды іріктеу кезінде нарық сегменттеріне жасалған маркетингілік талдаудың нашар болуы, даму институттары арасындағы интеграцияның және Үкімет тарапынан үйлестірудің жеткіліксіз болуы республикалық бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің ұтымсыз пайдаланылуына алып келген",- деді ол.

Есеп комитетінің хабарлауынша, негізінен, бастапқы бекітілген жоспарды 2,7%-ға төмендетудің есебінен, бюджет кірісі 100,4%-ға орындалған. 2008 жылмен салыстырғанда, кірістер 16%-ға немесе 538,4 млрд теңгеге азайған, оның ішінде салық түсімдері 620,4 млрд теңгеге немесе 30%-ға төмендеген.

"Бюджетке түсетін салықтар мен төлемдер бойынша бересі 19,4 млрд теңгеге, немесе 24,0%-ға өсіп, 2010 жылдың басында 100,3 млрд теңгені, немесе бюджетке түсетін кірістердің 4,2%-ын құрады. Қосымша есептелген салықтарды бюджетке өндіріп алу төмен деңгейде қалып отыр. 2009 жылы корпоративтік табыс салығы бойынша жүргізілген салық тексерулерінің нәтижесінде 253,7 млрд теңге қоса есептеліп, оның тек 2,9%-ы ғана бюджетке өндіріліп алынған",- деді комитет төрағасы өз баяндамасында.

Оның хабарлауынша, "салық тексерулерінің сапасы төмендегендіктен, салық төлеушілердің талап арыздары бойынша ұтылған сот процестерінің саны арта түсуде. Корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдерді жылдың соңғы айларында асырып төлеудің есебінен болжамдық көрсеткіштерді атқару практикасы әлі жалғасып келеді. Кедендік органдардың қызметінде республикалық бюджеттің зиян шегуіне алып келетін кемшіліктер мен олқылықтар әлі де кездесуде".

"Іріктеп бақылау нәтижесінде анықталғандай, қайта өңделген мұнай өнімдері мен қара металл сынықтарын әкетуге кедендік әкімшілік ету нашар жүргізіліп, экспорттық баж салығының төленбеуінен болжанып отырған шығындар 350 млн теңгеге жетіп отыр",- деді О.Өксікбаев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны