12.12.2013, 18:48 3565

Ұлттық Банк "Kүлтегін" түркі жазба ескерткішіне арналған номиналы бір мың теңгелік ескерткіш банкнотты айналысқа шығарды

"Kүлтегін" түркі жазба ескерткішіне арналған номиналы 1000 (бір мың) теңгелік ескерткіш банкноттың таралымы 10 000 000 (он миллион) дана.

Алматы. 12 желтоқсан. Kazakhstan today. "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының № 2155 Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының шешімі бойынша 2013 жылғы 12 желтоқсаннан бастап "Kүлтегін" түркі жазба ескерткішіне арналған номиналы 1000 (бір мың) теңгелік ескерткіш банкнотты айналысқа шығарғаны туралы хабарлайды.

Осыған орай Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы Қ.Келімбетов қол қойған, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Kүлтегін" түркі жазба ескерткішіне арналған номиналдық құны 1000 теңгелік ескерткіш банкноттың дизайнын және айналысқа шығару күнін айқындау туралы" 2013 жылғы 11 қарашадағы № 263 қаулысы бекітілген.

2013 жылғы үлгідегі "Kүлтегін" түркі жазба ескерткішіне арналған номиналы 1000 (бір мың) теңгелік ескерткіш банкнот көлемі 134х70 мм қағазда дайындалған. Банкноттың басым түсі: сарғыш қоңыр.

Бет жағы: басым бейнелер тігінен орналасқан. Негізгі бейнелер - банкноттың оң жағында "Қазақ Елі" монументі және төменгі оң жағында ұшып бара жатқан көгершіндердің бейнесі. Сол жақ бөлігінің ортасында Күлтегін мүсінінің бөлігі берілген. Жоғарғы бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері: Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Ту бейнеленген. Жоғарғы сол жақ бөлігінде номиналдың цифрлық белгісі басылған, оның астында қолдан жасау жауапкершілігін ескертетін "Банкноттарды қолдан жасау заңмен қудаланады" деген мемлекеттік тілдегі жазу бар. Сол жағында көлденеңінен номиналдың мемлекеттік тілдегі әріптік белгісі және "ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ" деген жазу бар.

Сырт жағы: басым бейнелер көлденеңінен орналасқан. Негізгі бейнелер - түркі жауынгерлерінің жартастағы бейнелері, олардың арт жағында түркі жазбасы ескерткіші. Төменгі сол жағында және жоғарғы оң жағында банкнот номиналының цифрлық белгісі, ал төменде ортада - орыс тіліндегі әріптік белгісі. Сол жағында Мемлекеттік Тудың бөлігі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің логотипі бейнеленген ені 12 мм голографиялық жолақ және "Ескерткіш теңге" деген жазба орналасқан. Жоғарғы жағында ортада "ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ" деген жазу басылған. Төменгі сол жағында орналасқан номиналдың цифрлық белгісінің астында "Подделка банкнот преследуется по закону" деген жазу бар.

"Kүлтегін" түркі жазба ескерткішіне арналған номиналы 1000 (бір мың) теңгелік ескерткіш банкноттың таралымы 10 000 000 (он миллион) дана.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны